Болманов деген бренд бар...
Бүгінгі заман – бір ауыз сөзбен айтқанда, «бренд билеген заман». Қанша жерден «мен қазақпын» деп көкірек қаққанымызбен, егер бірде-бір бренд қалыптастыра алмаcақ, қазақты ешбір әлем жұртшылығы мойындамайды. Ал бренд боларлық дүние қазақта аз емес. Мәселен, Қадыр ақынша айтсақ, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Сол домбыра талай жерде қазақ үшін сөйлеп жүр. Бірақ домбыраның жай «сөйлеуі» бір бөлек те, оны әлем жұртшылығына түсінікті тілде, әлемдік музыка форматына енгізу, солайша Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін сонау Еуропада ең көп сұранысқа ие әлемнің ең үздік 100 альбомының қатарына енгізу тіптен бөлек. Ол – тек қана кәсіби шебердің қолынан келетін іс.
Ол кім?
Қыдырәлі Болмановты қазаққа таныстырудың қажеті жоқ. Күні кеше, яғни 2010 жылдың қорытындысын шығарар тұста осы бір азаматтың Ұлыбританияның Оксфорд қаласындағы Еуропа Бизнес Ассамблеясының ұсынуымен Королева Виктория атындағы эксклюзивті ағылшын сыйлығымен марапатталып, ал таяуда түркі әлемі ұйымына төрағалыққа тағайындалуының өзі талай жайтты аңғартары сөзсіз. Мұнда бастысы – сыйлықтың құны да, басқасы да емес, оның қандай еңбекпен, қаншама жылдар тынымсыз ізденіс, табан тоздыру, тамшылатып тер төгумен келгендігінде. Талдап көру үшін осыдан сәл бұрынға шегініс жасасақ.
• 1991 жыл, «Азия дауысы». Әлі ешкім термені эстрадаға салмақ түгіл, ондай ойына кіріп те шықпайтын тұста алғаш «Сүгірдің термесін» жарқ еткізіп сахнаға алып шыққан кім еді? Қарап тұрсақ, қазақтың дәстүрлі термесі, бірақ заманауи форматта, сөйте тұра қазақы бояуына еш сызат түспеген. «Бұл үлкен жаңалық қой?!.» деп естіген жұрттың дүр сілкінгені сөзсіз. Ал содан қазақ эстрадасына жан бітті, аранжировкаға домбыра даусын қосуға болатынын білген, соның жарқын үлгісін көрген әншілер легі бірінен кейін бірі Қыдырәлі Болмановтың салған соқпағына түсті.
• 1995 жыл. Қазақ эстрадасында бұрын-соңды болмаған трио – АБК сынды топ «Тамшылар» әнінің бейнеклипімен бірден шыға келді. Мұндағы жаңалық – жай үш әншінің үнін қоса салуда емес, өзіне дейінгі ешкімге ұқсамайтын формат туғызуда еді. Ол қандай формат деңіз? Өткен күннің бояуын көшірмей, яғни «ДосМұқасан» сынды аға буынның салған сара жолы мен сол тұстағы әлемді аузына қаратқан Backstreet boys, Boyz II Men сынды топтардың арасын жалғайтын, сондай-ақ қазаққа жақын жаңа бір ән айту стилін туғызу.
Қытай халқында «өтпелі кезеңде өмір сүр» деген сөз ең ауыр қарғыс саналады екен. Тіпті өтпелі кезеңде өмір сүру соғыс кезінде өмір сүруден де қиын болса керек. Себебі өтпелі кезеңде енді не істеу керек, қайда, қалай қарай бет бұрып, қайткенде дұрыс шешім қабылдау керектігін ешкім білмейді. «Былай жүрсең, астыңдағы атың өледі, былай жүрсең, өзің өлесің» деген ертегідегідей, яки бір тығырық. АБК қазақ қоғамының дәл сондай өтпелі кезеңінде қателеспей дүниеге келген, ел-жұрт сұранысын тап басқан топ болды. Егер дер кезінде бұл шешім қабылданбағанда, яғни қазақ эстрадасы өз кеңістігін өзі игермегенде, онда біз әлі күнге сол тұстағыдай көршілес Ресейдің запастағы сахнасы, нан табу көзі, қалаған кезде есігімізді теуіп ашып, ойнақтап жүріп, ақша теріп кететін бақшасына айналуымыз әбден мүмкін еді.
2000 жыл. Өмірге «Ұлытау» секілді топ келді. Оның алып келген жаңалығы – қазақ домбырасының, заманалардан бері келе жатқан бабалар үнінің әлем кеңістігіне жарып шығуы еді. Бірақ ол да бірден «барды да, бір күй ойнады да, жұртты таңғалдырды» деп айта саларлық оңай шаруа болған жоқ еді. Ең алғаш «Ұлытауды» Мәскеудің миллиондаған жұртшылығының алдына алып шығарда таудай үмітпен қатар, қандай үрей болғанын сіз бен біз сезіне алмайтын шығармыз, сірә?! Себебі ол кез, естеріңізде болса, Ресейде шовинизмнің асқынып, шырқау шегіне жеткендігі сонша – сондағы оқу орындарының біріне түскен қазақ қызының Қазақстандағы үй ішімен ұялы телефонда қазақша сөйлегені үшін ғана оны скинхедтер кеңірдектен орып жіберіп еді ғой... Ал «Ұлытау» сол скинхедтердің елтитін рок стиліне қазақтың қара домбырасын қосып отыр. Оны қалай қабылдайды? Ұлттық музыканы таныту мүмкіндігі мен топтың абыройы, қала берді, жеке бастың амандығы таразыға түскен тұста тәуекелге бел буу оңайға түспесі анық. Ал Германияның әлем сүйіп тыңдайтын «Мановар» сынды тобының концертіне шығу деген – 250 мың доллар тұратын қымбат әрі қол жетпес мүмкіндік, ол мүмкіндік «Ұлытауға» тегін беріліп тұр, өнері үшін, жаңалығы үшін. Қысылтаяң тұста бір Құдайға ғана сыйынып, «Ұлытауды» сахнаға алып шыққанда, басында өзінше менсінбей қараған Мәскеудің рок тыңдаушылары соңында еліре айғайлап, қалай өздерінің «Қазақстандап» кеткенін байқамай да қалған. Өйткені «Ұлытау» – рокқа тың жаңалық алып келді, әрі-беріден алғанда, топтың өзі жаңалық еді. Содан кейінгі топтың жетістіктері, Голливудты бағындырғаны – барлығы-барлығы көз алдымызда. «Ұлытаудың» мұзжарғыш кеме секілді әлемдік музыканың төрінен ойып тұрып орын алудағы жетістігі өз алдына, қазақтың енді ғана қалыптасып келе жатқан шоу бизнесі үшін жасағанын неге айтпасқа?.. Бүгінде қазақ эстрадасында «Ұлытаудың» ізімен еріп келе жатқан 2200-ге тарта топ бар екен.
Сағатбек ҚАЛИЕВ, музыкатанушы ғалым, «Қазақстан» ұлттық арнасының музыкалық продюсері:
– Қыдырәлі Болманов – қазақта тұңғыш продюсерлік институтты қалыптастырушы тұлға. Әу баста «Азия дауысында» өзін әнші ретінде танытқан кезден-ақ ол ұлттық музыканы өз репертуарының негізі етіп алды. Ғылыми көзқараста ұлттық музыканың жанрларын қазіргі заманның жаңа жанрларына сіңіру деген тағы бір мәселе бар. Онда да ұлттық музыканың жан дүниесіне қиянат келтірмей, бүгінгінің көрермені, бүгінгінің тыңдарманына лайықтап жеткізу. Осы салада Қыдырәлі қыруар жұмыстар жасады. Мысалы, Қарақат жай ғана әнші емес, ол – ұлттық музыканың арнасы секілді үлкен жоба. Айтылып жатқан әндерінің бәрінен ұлттың иісі аңқиды, аранжировкасы да жетіген мен гитара, домбыра, қобыз – барлығын үндестіру сынды үлкен ізденістен туған. Ал енді «Ұлытауға» келсек, еуропалық музыкада ең жоғарғы бағаланатын аспап – скрипка, яғни қазақ үшін домбыра қалай биік болса, классикада скрипка дәл сондай рөл атқарады. Егер осы ретте қандайда да бір жанрлық ағымын таппаса, екеуі бір-бірімен мүлдем үйлеспейтін аспаптар. Оның үстіне рок форматына келтіру және де репертуарға тек қазақ күйлерін алу – кәдімгідей батылдықты қажет ететін қадам. Қыдырәлі сондай қиын жұмысты қаймықпастан мойнына алып, кәсіби шебер продюсер бола білді.
Бұл не?
Ақ пен қара айқасқан бұл өмірде қайшылас құбылыстардың орын алып жататыны тағы бар. Бәріміз білеміз, Қыдырәлі Болманов өткен 2010 жылы қазақ руханиятына тың серпіліс әкелетін тағы бір іс, дәлірек айтсақ, түрі де, тілі де қазақ, тіпті қазақша ән де салатын қуыршақ жасау өндірісіне кірісті. Ал енді таяуда, 1 маусым – Балаларды қорғау күні КТК телеарнасынан Bal-bala қуыршағы өндірісі аясында Қыдырәлі Болмановпен бірге жұмыс істеп жүрген азаматтар «бізге Қыдырәлі қиянат жасап, қаншама айдан бері жалақымызды бермей жүр» деп ел-жұртты елең еткізді. «Қалайша?» дедік бәріміз, яғни көрермен. Күллі қазақ мақтан тұтып, абыройын асқақтатып жүрген ұлы санайтын Қыдырәлі осындай қиянатқа баруы мүмкін бе?
Біз осы ретте «Қыдырәлі бес ай бойына жалақымызды бермеді» деген азаматпен де хабарласып, комментарий беруін сұрадық, бірақ неге екені белгісіз, ол қандай да бір пікір айтудан жалтарды. Содан соң біз Болмановтың тағы бір көмекшісін сөзге тарттық:
Мейіртай, Қ.Болмановтың көмекшісі:
– Қыдырәлі аға Қарақат апай жоқ кезде фирманың жұмыстарын маған сеніп тапсырып кетеді. Әлгі Қыдырәлі аға жөнінде КТК арнасына «біздің ақымызды жеді» деген пікір айтқан жігіттің ісіне, шыны керек, таңғалдым. Мені де тартқысы келіп, «тізімге қосылсайшы» деп қоңырау шалды. Мен «сендер не деп тұрсыңдар, мен өзім су ішкен құдыққа түкіре алмаймын» деп шорт кестім, өздеріне тоқтау салғым келді. Бірақ олардың мені тыңдап, сөзіме құлақ асуға құлқы болмады.
Жалпы, қай істе болсын Қыдырәлі аға барын сала, жанын сала жұмыс істеп, күн-түн демей жүргені өз алдына, бізді өз отбасының бір мүшесі ретінде қабылдап, бір дастарқаннан тамақтанып жүрген жайымыз бар. Оны ол азамат та көріп жүр, яғни бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жүрген жандармыз. «Бәлен ай жалақымызды бермеді» дейді, мен өз басым ағаның оған талай қиын кезде көмектесіп, тіпті қалтасынан да суырып бере салған кездеріне куә болғанмын. Мен де ақшадан қиналсам, ешкімге емес, бірден ағаға жүгінемін, ешқашан қолымды қайтарған емес. Үйіне шақырып, дастарқандас болғаннан-ақ белгілі ғой, бізге қалай қарайтыны.
Ал әйгілі продюсер, жан-жақты дарын иесі Қыдырәлі Болмановтың өзі не дейді?
Қыдырәлі Болманов, продюсер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
– Мен ешқашан кісі баласына қиянат жасап, ақысын жеген адам емеспін. Керісінше, бұл жерде менің абыройыма нұқсан келтіргісі келген әлдебіреулердің пиғылы жатқандай. Жалпы, менің ұлттық ойыншықтарды шығарудағы мақсатым – қазақ баласының санасына өзінің қазақ екенін сіңіру. Қуыршақтың кескін-келбеті, киген киімі, тілі, әні – бәрі қазақша. Мұндай төл ойыншық бұрын-соңды бізде болды ма? Болған жоқ қой. Менің де бұл өндіріске кіріскеніме көп болған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, біздің елімізде ойыншық жасайтын бірде-бір фабрика жұмыс істемейді. Қуыршақтардың бүкіл идеясы, сызба-нұсқасы осы жақта жасалғанымен, Қытайда құйылады, содан елге алып келеміз, сосын оны құрастырамыз. Ал ол – оңай шаруа емес, себебі бұл – жай алып-сату емес, кәдімгі индустрия. Біз қазақ ойыншығы индустриясының іргетасын құйып, қабырғасын қалап жатырмыз. Сондықтан бұл жолда азды-көпті қиындықтар болмай тұрмайды. Бірақ ол – айлап-жылдап қызметкерлердің айлық жалақысын бермедім деген сөз емес.
Енді ой тоқтатып көрелік, базар толы – қытай ойыншығы. Жалпы, ойыншық үлкендердің көзімен ойыншық көрінгенімен, балалар үшін ол – болашақтың моделі. Спонж Боб, Шрэк, Мулан сынды кейіпкерлер санасын жаулап алған қазақ баласы өз ауыз әдебиетінің негізгі кейіпкерлері Тазша бала, Керқұла атты Кендебайды білмейді. Селт етпейтін болып алғанымыздың дәлелі – осы ретте ешкім баланың қолындағы жат ойыншықты тартып алып, өз ойыншығын ұстатуға бел буған жоқ. Осы ретте Қыдырәлі Болмановтың ісі көзсіз ерлік, тәуекелшілдік еді. Себебі нарықта қандай да бір тың дүниені ойлап тауып, оның бұрын-соңды болмағанын дәлелдеп, мойындату – өте қиын шаруа. Бірінші қиындық авторлық құқығын қорғау болса, екіншіден, елімізде ондай өнімді шығаратын бірде-бір фабриканың жоқтығы. Жарайды, оның да ретін тапты, ойыншықтардың барлық жобасы осында түзіліп, барлығы осында ұйымдастырылады да, құйып шығару Қытайда жасалады, сосын осында қайта келіп, құрастырылады. Кәдімгідей үлкен-үлкен үдерістерден өтетін шаруаны дөңгелетіп әкетуді оңай деп көріңізші? Бірақ бір жылға жетпейтін уақыт аралығында біз Bal-bala-ның тұңғыш туындыларын көріп те үлгердік. Тазша бала, Қазақстанның символы – барыс, Қарақат т.б қуыршақтар көрген жанды, егер оның кеудесінде «мен қазақпын» деген сезімі болса, жай қалдырмасы анық. Тек ұлттық сезім атаулыдан ада мәңгүрт, бәлкім, қазақша айтқанда, уызына жарымаған біреу болмаса...