Болмысы – бекзат, білімі терең еді...
Қазақ әдебиеті мен ғылымы ауыр қазаға душар болды. Көрнекті қаламгер, білікті этнограф-ғалым, Ақселеу Сейдімбеков қыркүйектің 15-інен 16-сына қараған қасиетті Қадір түнінде, мұсылман қауымының ұғымында Алланың рахымы түскен мүбәрәк Рамазан айында, қасиетті Ораза кезінде 67 жасында кенеттен дүниеден озды.
Ол кісінің болмыс-бітімі өзгелерден ерекше еді. Қай ортада болсын өзін сырбаз ұстайтын. Қашан да қазақы дәстүрді дәріптеп жүретін, көрген-білгені мен оқығаны көп терең білгір болатын. Күміс шақша ұстап, насыбай атып жүретін серілігі де бар еді. Өз қолымен қамшы өріп, ер шабатын. Қазақтың әні мен күйіне деген ықыласы тіпті ерекше болатын.
Асықпайтын, саспайтын. Сөйтіп жүріп-ақ ел-жұртына елеулі еңбек етті. Не болса да қазаққа болсын дейтұғын, нені болса да Алаш баласы білсін дейтін осындай бекзат тұлғалар бізде саусақпен санарлық. Маңдай терін ағызып, көзінің майын тамызып, тірнектеп жинаған энциклопедиялық білімі мен табиғи зеректігін ұлтының ұпайын түгендеп, жоғын жоқтауға жұмсады. Ақиқаты – бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының атқаратын шаруасындай іс тындырып кетті. Айналасын өнер, білімге биік талғаммен қарауға үйретуге ұмтылды. Ғасырлар қойнауында ұмыт қалып, жадымыздан жылыстап бара жатқан қаншама жыр, қисса, дастан, күйлерімізді басқа да құнды мұраларымызды зерттеп-зерделеп тарих тереңінен аршып алып, келер ұрпақтың қолына ұстатты. Жалғыз ғана қазақтың емес, күллі түркі дүниесін түгендеп жүрген жанкешті ғалым, парасатты жан еді. Жалпы, жақсы адам еді, жарықтық... Осылайша ендігі кезекте ол кісі жайлы тек естеліктер ғана айтылатын болады.
Сейдімбек Ақселеу Сланұлы –1942 жылы 12 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті тамамдаған соң, комсомолдық жолдамамен Қызылту кеңшарында мал шаруашылығында еңбек еткен. 1963-1968 жылдары ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған. Қаламгерлік жолын 1968-1975 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші болып бастап, 1976-1983 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1983-1987 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Кезінде Желтоқсан оқиғасына байланысты қызметтен босатылып, баспасөзде қызмет істеуіне тыйым салынған.
1987-1997 жылдары ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1997-1998 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, 1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы қазақ білім академиясының президенті болып тағайындалды. 1999 жылы ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары. 2000 жылдан бастап өмірінің соңынан дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика кафедрасының меңгерушісі болды. 2002 жылдан осы университеттің журналистика кафедрасының профессоры атанды.
1998 жылы фольклор саласы бойынша «Қазақтың күй аңыздары» деген тақырыпта үлкен зерттеулері үшін филология ғылымдарының докторы дәрежесі, ал 2003 жылы әдебиеттану саласының профессоры дәрежесі берілді. Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық кітаптардың авторы атанған ғалым Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарын қара сөзбен аударып, И.Можейконың «7 және 37 керемет» атты кітабын ана тілімізде сөйлеткен. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор. «Құрмет» орденінің иегері Ақселеу Сейдімбек Қазақстан Республикасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы комиссияның мүшесі ретінде де елге орасан еңбек сіңіре білді. Қаламгер, ғалымның прозалық шығармалары мен зерттеу еңбектері қазақ әдебиетіне, ғылымына қосылған зор үлес болды. Әр сөзімен, әр ісімен егемен елдің ертеңі үшін алаңдап отыратын, ұлтымыздың мәдени-рухани әлемінде өзіндік өшпес қолтаңбасы қалған, қазақ руханиятында айрықша орны бар Алаш зиялысының қазасына байланысты ел Үкіметі мен Қазақстан Жазушылар одағы марқұмның туған-туысқандарына көңіл айтты.
Қаламгер ғалым Ақселеу Сейдімбектің жарқын бейнесі, өнегелі өмірі қаламдастары мен оқырмандарының, барша Алаш жұртының есінде ұзақ сақталады. «Алаш айнасы» газетінің редакциясы да марқұмның отбасына, оның еңбегін бағалайтын елге қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.
Алашқа аманат
Ақселеу СЕЙДІМБЕК, этнограф-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:– Астанамызда рухани құндылықтар неғұрлым мол болса, соғұрлым жақсы болар еді. Әрине, «анау болса екен, мынау болса екен» деген арман-тілектердің туындайтыны — табиғи жағдай. Астанаға бөлініп жатқан қаржы да жақсы, істеліп жатқан жұмыс та жақсы. Бірақ дүниежүзіндегі қай елдің астанасы болсын, өзіне тән киелі нышаны болады. Ол мемлекеттік деңгейде сол елдің Туы сияқты, Әнұраны мен Елтаңбасы, тілі сияқты мәңгілік құндылығындай қастерленеді. Осы тұрғыдан келгенде, Астанада Киелі қорым (пантеон) болса екен деген тілектің болғаны рас. Оны бұрын да айтқанбыз.
Бір ғана Мәскеуде осындай төрт киелі қорым бар. Сол секілді елорда төңірегінде тек мемлекеттің шешімімен ғана үлкен тұлғаларымызды жерлейтін арнайы зират болса. Мысалға, қазақтың үш биінің екеуінің сүйегі басқа елдерде жатыр. Олар – Төле би мен Әйтеке би. Сүйектері шетелде жатқан қазақтың басқа да арыстары қаншама!? Бұл ғана емес, Астанада Алаш арыстары ескерткішінің әлі күнге орнатылмауы да — жетіспей жатқан тұстарымыздың бірі. Егер оларды елорда төріне орнатар болсақ, ұрпақ үшін мәңгілік тасқа басылған идеология жасағандай болар едік.
«Алаш айнасы» № 110, 4-шілде, 2009