Болмысы бөлек Болат әнші

Болмысы бөлек Болат әнші

Қазақ радиосының тарихында небір дүлдүл ақындар мен бұлбұл әншілердің үні, өнері насихатталды. Әсіресе шалғайда жатқан ауыл адамдары үшін әр таңда басталатын радио тірлігінің әсері ерекше болатын. Еліміздің тыныс-тіршілігімен қоса, халқымыздың өнері мен мәдениетін насихаттайтын бірден-бір Қазақ радиосы әлі күнге сол үрдіспен еңбек етуде. Біздің бала кезімізде жиі шырқалатын Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнінің тыңдаушысына әсері ерекше еді. Ән қандай, әнші қандай?! Әуе толқынынан төгілген сазды да сезімге толы осы әнді айтқан әншінің Болат Сыбанов екенін естігенмен, жүзбе-жүз танысқаным бертінде еді.


Қазақстанның Халық әртісі Мәдениет Ешекеев бастаған Семей өңірінің өнер адам­дары Алматыдағы «Қазақконцерттің» концерт залында, есеп беру концертінде өнер­лерін көрсетті. Орта бойлы, шашын артына қайырған қараторы әнші үкілі дом­бы­расын қолына алып, сахнаға шыға кел­ген­де өңі нұрланып кетті. Сері көңілмен сезім­ге беріле орындаған Болаттың өз ән­дері көрермен жүрегінен орын алып, бір сер­пілтіп тастады. Ду қол соққан жұрт­шы­лық әсем әндердің әсерінен шыға алмай, қуанышқа бөленді.
Бұл менің әншіні алғаш көруім еді.
Болат Сыбанов 1938 жылдың мамыр айын­да Семей облысы Жаңа Семей ау­да­нына қарасты Изатолла ауылында туған. Семейдің іргесіндегі Құрманғожа ауы­лын­да балалық шағы өтті. Әкесі Ұлы Отан со­ғы­сында қаза тапты. Шиеттей баламен қал­ған ана көп бейнет шекті. Болат он жа­сы­нан ауыл арасындағы той-думанда ән салып, әнші атанды. Өнердегі үлгі тұтар ұс­та­зы, жанашыр ағасы Мәдениет Ешекеев: «Болат үндінің актері Радж Капурдың ән­де­рін екі қасықтың сүйемелдеуімен орын­да­ған­да көрермен қызыққа батып, ду қол шапа­лақтайтын», – дегені әлі есімде. Осылай қолына қасық ұстап, ән салған бала кейін гар­мон тартып татардың «Сарман», «Ай өзегі», «Ға­лиябану» әндерін нақышына кел­­тіре орындап, тағы да бір қырынан та­ныл­­ған.
Жастайынан тағдыр тауқыметін көп кө­ріп, қара жұмыс істеп жүргенде қаладағы кә­сіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Сол жерде оқып жүріп аудан, об­лыс­аралық көркем­өнер­паз­дар байқауына қатысып, бақ сынайды. Осындай бір тал­пы­ныс кезінде театр өнерінің май­талман актері әрі режиссері, Қазақстанның Халық әртісі Бәйтен Омаров ән байқауында әділ­қа­зылық етеді. Болат Сыбановтың алғаш өнерге келуі жайлы Бәйтен ағамыз көзі тірісінде былайша еске алған еді:
«Біз кәсіптік-техникалық училищеде бай­қау ұйымдастырдық. Болаттың бала кезі болатын. Қыстыгүні клуб суық. Бай­қау­ды аяқтайын деп жатсақ, бір бала сахнаға жүгіріп шықты. «Аға, мені тыңдаңыз» деп тұрып алды. Аяғында керзі етігі бар, қо­ны­шынан екі қасықты суырып алып, ритмге келтіріп, «Бродяганың» әнін айтып берді. Одан: «Қайда оқисың?» – деп сұрадым. Ол: «Мек­тепте оқимын, тұрмыс жағдайым на­шар, жалғыз шешем бар, мені театрға алы­ңыз», – деді. Біз: «Класыңды бітіріп кел, сосын ха­барлас», – дедік. Жылдың аяғына қарай тағы келді. Амал не, ынталанып тұр­ған бала, театрға ал­дық. Жұ­мыс істеп жүр­ді, рөлдер бердік. Сөй­тіп, ән­дерін салып жүр­ді. Біз Қ.Мұхамед­жа­нов­тың «Ко­­мис­сар Ғаббасов» деген пьесасын қой­дық. Жақсы ойнады.
 Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» деген пье­сасында Болат өзінің «Ақ­бұлақ» әнін орындады. Осы әнмен бірталай жерге та­нымал болды».

Сөйтіп, дарынының арқасында әділ­­қа­зы­ларды таңдандырып, Болат 1957 жылы қазақ театрының ша­ңы­ра­ғы атанған Се­мей­дің Абай атын­да­ғы драма театрына актер болып қа­былданады. Сол кездегі театр саңлақтары Сламбек Қыдыралин, Ха­сен Байырманов, Әбілқасым Жаң­­быр­баев, Күләш Сәкиевалардан тәлім-тәрбие алған ол эпизодтық рөлдерден ірі тұл­ға­лар­ға дейін сомдайды. Ешкімге ұқса­май­тын, тек өзіне тән орындаушылық мәнері бар Болат Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шол­­­панында» – Көтібар, Зейтін Ақы­шев­тың «Жаяу Мұсасындағы» Мұса рөл­де­рін­де ойнап, музыкалық драманың ажарын аша­ды. Оның 1965 жылы Семей театры қой­ған «Қыз Жібек» музыкалық дра­ма­сын­­дағы Тө­леген рөлін тамашалаған Ха­лық әртісі Қалибек Қуанышбаев: «Қа­ра­ғым, әншілігің ұнайды, бірақ театрдан қол үзбе», – деп риза­шы­лы­ғын білдіріпті.
Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«Дүниеден өткен азамат жайлы айту жер басып жүрген пенденің па­ры­зы ғой» деп ойлаймын. 1969 жылдың аяғында Шы­рақ­бек Қабылбаев же­тек­ші­лік ететін ішкі істер министрінің ан­сам­блі болды. Жәнібек – әнші, мен күйші болып қызмет еттік. Бір күні Жәнібек те­ле­фонда біреумен сөйлесті де, «жүр кеттік» деді.
– Қайда кеттік?
– «Алматы» қонақүйіне, соның ди­рек­торы Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев  «Семейден Болат Сы­ба­нов келді»  деді.
Бірінші қабатында ди­­ректордың өз бөлмесі бар екен, Рақымжан ағамыз отыр, қасында көзі оттай жайнаған, шашы тікірейген жігіт отыр екен.
– Даусын тыңдаңдар, Жәнібек, сені әдейі шақырдым, –деді ана кісі. – Болат ән­ді өзінше кестелеп айтады екен. Мұхтар Әуезов «Әміре ән айтқанда қош­­қар мүйіздендіріп жібереді» дейтін. Бұл жігіт өзінше еркелендіріп жібереді екен, – деді.
Болат Сыбанов – ақын, композитор. Ол – ел сүйіспеншілігіне бөленген адам, се­гіз қырлы бір сырлы. Семей өңірінде жа­ны­нан ән шы­ғарып, күй шығарып жүрген ән­шілеріміздің баршылық.
Қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәр­менов Швецияға барған сапарында сол жердегі өнерлі қазақтың аузынан Болат Сы­бановтың «Жан ана» әнін естіп, мақ­таныш сезіммен оралыпты.
Болат Сыбанов – арнайы оқу орнын бі­т­і­р­мегенмен, сахнада шыңдалған өнер иесі.
Біраз уақыт Бақытжан Байқадамов бас­қарған Қазақтың мемлекеттік ән-би ан­сам­блінде әншілік етіп, елге оралғандағы мақсаты  жүрек түкпірінен шыққан назды да сазды әндерін әрі қарай дамыту еді.
 Ол Семей филармониясының жанынан «Ақ­бұлақ» ансамблін құрып, алыс сапар­лар­ға шықты, жас әншілерді өнер до­да­сы­на салды».

***
Болат Сыбановтың «Әндер жинағы» же­ке жинақ болып жарық көрген. Әншінің орын­дауында кезінде «Қазақфильм» теле­сту­диясы арнайы фильм-концерт әзір­ле­ген, төл туын­далары жеке-жеке күйтабаққа шыққан.
2001 жылы «Елім-Семей» агро­ком­па­ния­сының перзиденті Мұрат Махметұлы Нағым­жанов пен «Алтын сақа» фир­ма­сы­ның дирек­то­ры Қайрат Төлеуғалиұлы Жек­сенбиннің қол­дауымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Сыбановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Өнер – менің өмірім» атты жинақ жарық көрді. Сонымен қатар, «Әнші Болат Сы­ба­нов ән шырқайды» деген атпен ән-альбомы жа­рық көрді. Бұл дискіде әншінің өмірінің соңында шығарған біз білмейтін көптеген әні бар. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Болаттың ұлы Қанат Сыбановтың орын­дауын­да әкесінің екі әні айтылып жүр. Бұл құнды дүние Қазақ радиосының алтын қо­ры­на қабылданып отыр. Болат Сыба­нов­тың жұбайы Үміт апай әншінің мұрасын кө­зінің қарашығындай сақтап, әрі қарай насихатталуына көп көңіл бөлуде. Ұл-қыз­дары Самат, Қанат, Гүлнардан өрбіген ұр­пақтың ата жолын қуатынына еш дау жоқ.
Қазақтың ұлттық өнеріне өзінің тума да­рындылығымен үлес қосқан Қазақ­стан­ның Халық әртісі Болат Сыбановтың өмірі осы­лай өткен-ді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста