Бұқарбай батырдың ескерткіші ашылды
Қызылорда қаласының қақ ортасынан қазақтың азаттығын аңсаған ержүрек баһадүр бабамыз Бұқарбай батырға арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Тәуелсіздік жолында қолына қару алып, қас дұшпанға тойтарыс берген Кенесары ханның бас сардарының тас мүсіні облыс орталығындағы көрікті орынның бірі болды.
Үстіміздегі жылы батыр бабамыздың өмірге келгеніне 200 жыл толуына орай осындай игілікті шара жүзеге асты. Ескерткіш елдің көзіне бірден түседі. Тас тұғырымен қоса есептегенде 10 метрге жуық. Ескерткіш қолдан құйылған. Онда батыр бабаның ат үстінде жауға қарсы қол бастаған сәті бейнеленген.
Сыр топырағында дүниеге келіп, қалың қазақтың қамы үшін аттан салған ардақты тұлғаның 200 жылдығын қызылордалық жұрт өз деңгейінде атап өтті. Жалағаш ауданындағы сол кісінің атымен аталатын елді мекенде ат бәйгесі өткізілсе, аудан орталығында еліміздің бірқатар өңірлерінен келген айтыскерлер сөз маржанын халыққа ұсынды.