Бүркіттің Айшасы бақытты әйел болудың сырын ашты
Әнші Бүркіттің өмірдегі де, өнердегі де жұбы Айша әйел бақыты туралы ойымен бөлісті. Ол әйелдерге бірінші кезекті өздерін ойлауға кеңес берді.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
«Неліктен бақытты болу – әйелдің бірінші міндеті? Әйел бақытты болса, айналадағылардың бәрі бақытты. Ол бақытын өзгеге «жұқтырып», өте тартымды бола түседі. Оның жанында болғың келеді, оның қасында күн жарқырай, ал өмірдің бояуы қанық бола түседі. Ол айналасын позитивке толтырып, күлкісімен жылытады. Мұндай күн нұрындай әйелді кім армандамасын? Өзің бақытты болсаң ғана, өзгеге көмектесе аласың. Ал өзіңде жоқ нәрсені басқаға сыйлау қиын. Ондай кезде сен тек өзгеден алып, сонымен жан жараларыңды емдейсің, бірақ ол тепе-теңдікті бұзады. Үнемі ала беріп, ештеңені қайтармау мүмкін емес нәрсе. Бақытты адам бір ғана көзқарасымен келісі адамның ішіндегі күдікті сейілтіп, ішкі уайымын жоқ қыла алады.
Әйел адам өзін ұмытып, тек өзгелерді ойлап, соларды бақытты етуге тырысатын болса, уақыт өте келе оның өзі бақытсыз болады, өзін-өзі жоғалтып, армандарын ұмытады. Өзінің артықшылықтарына, жалпы өзіне мән бермей, өзінің бар мүмкіншіліктерін дамытпайды. Сол себепті «алдымен мен бақыттымын, содан кейін басқалар, алдымен өзімді ойлаймын, сосын барып басқаларды» деу керек. Бақытты болған – ұтымды. Энергияң қаншалықты көп болса, ақшаң да соншалықты мол болады, ал бақытың еселенген сайын – энергияң арта түседі.
Бұдан бөлек, бақыт адамның барлық бақытты әрі жағымды эмоционалдық күйлерін түрлендіреді. Дәл өзі сияқты көңілді әрі бақытты, өзінің өміріне көңілі толатын, бақытымен бөліскісі келіп тұратын адамдарды өзіне тартады. Бақытты кезде істің барлығы жылдам атқарылады, армандар да тез орындалады, өмірге деген көзқарас жеңілдей түседі. Зерттеулерге сүйенсек, бақытты ананың баласы да (әсіресе, қыз бала) бақытты болады. Сондықтан тым құрығанда болашақ үшін бақытты болуыңыз керек», – деп жазды Айша желідегі парақшасында.