Бұрмаланған «Балқадишаның» шындығы қандай?
«Күйеуің сексен бесте, о шіркін, шал, Қадиша».
Бұл жолдарды Алашқа аты мәшһүр Ақан сері бабамыздың «Балқадишасының» эстрадалық әншілердің орындауындағы ел ішіне кең тараған нұсқасынан талай естіген боларсыз. Ақиқат таразысы қашанда әділ. Жоқтан бар жасап, барды күл-талқан еткен кеңестік жойқын машинадан халық композиторларының шығармашылығы да аман құтылмағаны бүгін айқындалып жатыр. Осындай мәтіні өзгеріске ұшыраған әндердің бірі – «Балқадиша».
Елдегі танымал топ – «Жігіттердің» репертуарындағы аңызға айналған ән көпшілікке бейнебаян үлгісінде де жол тартты. Ұлттық әуендерімізден іргесі сөгіле бастаған жастардың халық композиторының әнін, әйтеуір, таныса беруінің өзі олжа дегенімізбен, идеологиялық қате түсінік тудыратын сөз мәтіні «әй, қап» деп сан соқтырады. Ғажайып әннің тууына себепші болған Балқадишаның сексен бестегі селкілдеген қартқа емес, өз теңіне ұзатылғанынан беймағлұм эстрадалық орындаушылар өз кемшіліктерін түсініп, орындалып жүрген ән мәтініне түзету енгізуі қажет-ақ. Ең құрығанда, көпшілік алдында өз кінәларын мойындауы тиіс. Өз тамырынан нәр алмаған көптеген эстрадалық әншілеріміздің ән мен әуенді бұзып, кеңестік жүйе бұғауының шеңберінде, батыстық экспансия шеңгелінде жүргені қынжылтады. Әнші деген дардай атты алып жүру үшін де қазақ әнінің тарихынан хабары болуы керек шығар. Қазақ халқының ең басты қуаты мен артықшылығы салт-дәстүрінде екенін білген ақ патша өз ұлтымызды ділінен, ауызбіршілігінен жоюды мақсат тұтты. Кейін Кеңес өкіметі бұл саясатты мықтап қолға алып, қазақты қызын малға сататын, тіпті қаусаған шалға да бере беретін етіп көрсетіп, «әйелдер теңдігінің» жақтаушысы болып шыға келді. Сайын даламызда мұндай жағдайлар бірен-саран болған да шығар, бірақ бүкіл елді қызын кәріге қиятын дүниеқоңыз ету әділеттілік пе?
Әрі-беріден соң, қалың малдың өзі қыз жасауымен еселеп қайтатынын, яғни оның екі жастың аяқтан тұрып кетуіне арналған материалдық көмек екенін қалайша ескермеуге болады? Сонымен, «Балқадиша» әні қалай туды? Көкше жерінде Шәкейдің Ыбырайы деген аса зиялы кісі болыпты. Өзі орташа ғана дәулетті болса да, үйіне игі жақсылар, әнші-күйшілер, ақын-жыраулар жиі түскен, көп үйірсектеген. Аузы дуалы, әділетшіл Ыбыкеңнің көркіне мінезі сай қызы Балқадиша шешендігімен, әншілігімен ел назарына ілігеді. Ақан сері мен Балқадиша Ыбыраймен ауылдас Монтайдың Мұсасының үйіндегі шілдеханада жүздесіпті. Шілдеханада таң атқанша шабыттана ән шырқаған Ақан сері ақыры «Балқадиша» әнін өмірге әкелген екен. Ән қыз баланың өнерге құштарлығына Ақанның әбден разы болуынан шыққан деседі жұрт. Не керек, Балқадиша өзі қатарлас теңіне, аталары найзагер батырлығымен аты шыққан Масабайдың Сүлейменіне ұзатылады. Екеуінен тараған ұрпақтары осы күні өсіп-өркендеп отыр.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ, өнертанушы, жыршы-жырау:
– Ақан серінің қыздың өнерді сыйлап, құрметтеп, таң атқанша отырғанына риза болып шығарған әні ғой. Олардың арасында махаббат болды деген де – жалған нәрсе. Немересіндей қызға қайтіп ғашық болады? Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижге барып, қазақ әндерімен дүниені дүр сілкіндіргенде Біржан салдың «Айтбайын», Ақан серінің «Балқадишасын», Берікболдың «Ағаш аяғын» шырқады. Ол Ақанның әніне сонда тұңғыш рет «күйеуің сексен бесте» деген сөзді қосыпты. Әншінің заңғар өнерпаздығында шүбә жоқ. Сосын бүгінгі әншілер «Есілді өрлей біткен тал Қадиша» деген жолдарды «желкілдеп көлге біткен тал Қадиша» деп өзгертіп жүр. Мен ертеректегі шалдардан естіген нұсқада солай еді. Сонымен қатар кейбір орындаушылар «құшақтап құз-жартасты жылағаным» деп жатады. Адам құз-жартасты құшақтаушы ма еді? Логика қайда? Дұрысы «құшақтап құс жастықты жылағаным» емес пе?
«Балқадиша» әнінің ең соңғы шумағы қазір мүлде ұмытылып барады. Ән былай аяқталады:
Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол,
Шапанға ширатпалы жібек бау бол.
Атадан артық туған Балқадиша,
Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол.
Балқадиша Сүлеймен деген текті атаның ұлына тұрмысқа шығып, екі ұл, үш қыз сүйеді. Ән кейіпкері 1953 жылы қайтыс болды. Саясаттың үгіт-насихатымен әйел теңдігі жөнінде шығармалардың көбейгенін тілге тиек етіп, Темірғали Нұртазин есімді ұстазымыз «енді шалға тимейміз» деп басталатын ән шығыпты» деп бізді күлдіріп отыратын.
Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВ, «Жігіттер» тобының мүшесі:
– Біз ешнәрсе ойдан шығарып айтқанымыз жоқ. Бізге дейінгі әншілер де әлгіндей «күйеуің сексен бесте» деп орындап жүрді. Неге бұл мәселе «Балқадишаны» «Жігіттер» сахнаға алып шыққан кезде көтерілуі тиіс. Кезінде қазақ қыздары шалға ұзатылғаны шын ғой. Әннің үш нұсқасы бар екен. Соның кең тараған түрін біз орындап жүрміз. Жуық арада әнге түзету енгізіп, қайта жазып шығамыз деп айта алмаймыз.