«Дала дауысының» жеңімпаздары марапатталады
Астанада 6 желтоқсанда «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Қазақ радиосының төл жобасы – ІІ Халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалі жеңімпаздарын марапаттау кеші өтеді.
Салтанатты рәсім «Қазақстан» орталық концерт залында cағат 19.00-де басталады. Бұл ірі жобада радиотыңдаушылар мен кәсіби мамандар анықтаған үздік әндердің орындаушылары өнер көрсетеді. Шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінен өнер жұлдыздары қатысады.
Қазақ музыка мәдениетіндегі барлық орындаушылық мәнерлерді қамтитын «Дала дауысы» жобасында жеңімпаздар «Дәстүрлі орындаушы», «Академиялық орындаушы», «Эстрадалық орындаушы» аталымдары бойынша марапатталып, фестивальдың «Жаңа есімдері» белгілі болады.
Жеңімпаздарды еліміздегі өнер және мәдениет, қоғам қайраткерлері марапаттап, «Дала дауысының» арнайы статуэткасын және арнайы дипломдарын тапсырады.
ІІ Халықаралық «Дала дауысы» радиофестиваліне 100 орындаушы қатысып, 20 орындаушы жеңімпаз атанды. Олар:
1. «Үздік эстрада әншісі» аталымы бойынша: «МузАРТ» вокалды-аспаптық ансамблі, Нұрлан Албан, Зағипа Иманғазиева, Адам, Алмас Кішкенбаев және V-ALEM, «Алашұлы» тобы, Ғани Мәтебаев;
2. «Үздік дәстүрлі орындаушы» аталымы бойынша: Ерлан Рысқали, Ырысты Сүлейменова, Ақмарал Ноғайбаева, Гүлмира Сарина, Ақмарал Ерімбетова;
3. «Үздік академиялық орындаушы» аталымы бойынша: Станислав Ли, Дина Хамзина;
4. «Жаңа есімдер»: Анар Құмарова, Марат Медетов (Қазақстан) «Дос» дуэті (ҚХР), Фериал Башел (Түркия), Айдай Сәбитова (Қырғызстан), Салтанат Бигулина (Ресей).
«Дала дауысы» радиофестиваль ретінде Қазақ радиосының эфирінде 2012 жылдан бастау алған болатын. Мақсаты – қазақ әнінің халықаралық деңгейдегі заманауи, бәсекеге қабілетті төлтумалық қасиетін насихаттау, тыңдаушының талғамынан шыққан шығармалар арқылы орындаушыларды марапаттау, ән дәстүріміздің жалғасуына радиоэфир арқылы ықпал ету.
«Дала дауысы» – музыка арқылы қазақ тілін дүниежүзі елдері арасында насихаттайтын Қазақстандағы бірінші радиофестиваль. Фестивальға қатысушы шетелдік үміткерге қазақтың немесе өз халқының әнін қазақ тілінде орындау талабы қойылған. Ондағы мақсат – қазақ әнін шетелдіктерге орындату арқылы ұлттық музыкалық және поэтикалық тілді насихаттау, сіңіру.
«Дала дауысы» – тек қана радиофестиваль емес, беделді музыкалық шеру. Қазақ радиосының миллиондаған тыңдармандары интернет арқылы сүйікті әндеріне дауыс беріп, жеңімпаздарды анықтайды. Үш-төрт апта бойы алғашқы бестіктен көрінген орындаушылар ғана финалға жолдама алады. Финалда «Дала дауысы» сыйлығының иегері 40% тыңдарман дауысы негізінде, 40%-ы мамандар сараптауы арқылы, 20 %-ы жоба ұйымдастырушыларының ұсынысы арқылы іріктеледі.