Дәнеш әндерiнiң дәнегi – Нұржанның көмейiнде
Қазақ халқының бiртуар ұлы Әсет Найманбаевтың әндерiн бүгiнге жеткiзiп, ұлттық музыка өнерiнде өзiндiк қолтаңбасын қалдырып кеткен әншi, сазгер Дәнеш Рақышевты бiлмейтiн адам кемде-кем шығар. Жетiсу мен Алтай-Тарбағатай ән мектептерiнiң сыр-сипатын бойына жиған Дәнеш әндерiн бұл күнде өз алдына жеке мектеп деп айтуға негiз бар. Дәнеш шығармаларын көпшiлiкке паш етiп жүрген әншi көп. Бiрақ атамыздың алдынан тiкелей сабақ алған шәкiрт бiреу ғана, ол – Нұржан Жанпейiсов. Әнсүйер қауымға тұңғыш рет жеке концерт бергелi отырған әншi ұстазы жайлы былай деп сыр ағытты.
– 1990 жылы мектеп бiтiрiсiмен, Талдықорғандағы I.Жансүгiров атындағы педагогикалық университеттiң музыка факультетiне бардым. Алтын Бүркеева есiмдi дирижер апамыз менi тыңдап: «Осында Дәнеш Рақышев деген ағаң бар, бiр қабылдаса сол кiсi қабылдап, сенi әнге үйретер», – деп жол сiлтедi. Апайдың айтуымен Дәнеш ағаға ән айтып бердiм. Дауысымды ұнатқан Дәнеш аға менi 2 жыл бойы тәрбиеледi. Басқа сабақтың барлығын ысырып қойып, тек әннен сабақ алдым. Менiң оқуға түсуiме ықпал еткен де Дәнеш ағам едi. Өкiнiшке қарай, ағамыз 92-нiң жазында қайтыс болды.
– Демек, Дәнеш атамыздан сабақ алу екiнiң бiрiнiң маңдайына бұйырмаған екен ғой...
– Дұрыс айтасыз. Дәнеш ағамыздың мәнерiмен ән салатын төрт шәкiртi бар: Зарықбек Рақымжанов, Жақсылық Мырқаев, Абылайхан Қармысов ағаларымыз және мен. Дәнеш ағам: «Егер менiң әндерiмдi бiреу айтып жатса, оны түзетуге сенiң хақың бар. Басқа шәкiрттерiмнен сенiң ерекшелiгiң – менiң алдымда отырып сабақ алғаның. Ал олар әндi гастрольдiк сапарда, концертте қасыма ерiп жүрiп, таспалардан тыңдап үйренген», – деп айтатын.
– Дәнеш атамыздың аузынан өзiңiз тiкелей үйренiп, қанша ән жеткiздiңiз?
– Ә, дегеннен ағамыз маған ешкiм естiмеген кейiнгi әндерiн үйреттi. Басқа әндерiмдi таспадан тыңдап, жаттап аласың деген мақсатпен. Ағамыздың 40 шақты әнi мен халық композиторларының 30 шақты әнiн үйрендiм.
– Бiр жылдары сiзден жапондық жiгiт келiп ән үйренген екен ғой. Шетелдiк азамат қазақ әнiн қаншалықты меңгердi?
– Консерваторияда сабақ берiп жүргенiмде осыдан екi жыл бұрын Алматыдағы Жапон мәдениет орталығынан бiр адам хабарласып, бiр жапондық жiгiттiң ән үйренгiсi келетiндiгiн айтты. Сөйтiп, Наоки Такахаши деген жапондыққа бiр жарым жылда 80-ге жуық ән үйреттiм. Өзi алғыр, зерек жiгiт екен. Маған келгенде ол Қаршыға Ахмедияровтың шәкiрттерiнен домбыраны үйренiп келген болатын. Дәнеш атамыздың 80 жылдық мерейтойына орай, Жаркентте өткен ән байқауына жаңағы жiгiттi қатыстыруды ұйғардым. Қайрат аға бастаған қазылар алқасы шетелдiк азаматқа I-орынды бердi. Жүлденi қазақтың қыз-жiгiттерi алсын, шетелдiк жiгiтке ынталандыру болса да болады дегенiме қарамады. Жапондықтың қазақша домбырамен ән салғаны сол кезде бiрталай орыс тiлдi ақпарат құралдарын дүрлiктiрген едi.
– Нұржан аға, Алла қаласа, ертең 18 наурыз күнi әнсүйер қауымды жеке концертiңiзбен көзайым еткелi отырсыз. Кешiңiз несiмен ерекшеленедi?
– Төрт жыл бұрын Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төрағасы Талғат Мамашевтiң бастауымен, Баянөлгей өлкесiне барып қайттық. Менi «Алтыбақан» бағдарламасынан көрiп жүрген жергiлiктi халықтың сұрауымен сол жерде алғаш рет концерт бердiм. Бұл өткелi тұрған концерт – менiң туған елiмдегi тұңғыш ән кешiм. Өзiмнiң жұмыс iстейтiн орным – Казақконцерттiң ұйымдастыруымен, Құдай қаласа, ертең наурыздың 18-i күнi 18.30-да көпшiлiктiң алдында есеп бермекшiмiн. Негiзгi мақсатым – Дәнеш ағамыздың елге беймәлiм әндерiн орындау. Кешiме ұстазымның шәкiртi Абылайхан Қармысов келiп ән салмақшы.
– Ән кешiңiз сәттi өтсiн! Тыңдармандарыңызды Дәнеш әндерiмен сусындатып жүре берiңiз, аға!