Дәрігерлер тағдыры қыл үстінде тұр
Қазір Атырау өңірінде әдеттегідей тексерістен өткен ақ халатты абзал жандардың гепатитпен ауыратындығы туралы әңгіме желдей есіп жүр.
Тіпті кейбіреулер аталған ауруды жұқтырған қызметкерлерді әуелі тіркеуден өткізіп, рентгенге түсіргеннен соң, қызметтерінен босатып жіберіпті дегенді де айтып жүр. Бұл сөздің де жаны бар: мұндай сырқаты бар медицина қызметкерінің халықпен тығыз қарым-қатынас жасауға құқығы жоқ.
Түрікпенбай Нұржігітов, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Барлығына белгілі, 2009 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында ақ қан ауруына шалдыққан балалардың гепатит ауруын жұқтырғандығына байланысты дау-дамай өршігендіктен, Қазақстандағы барлық медициналық мекеме-ұйымдары тексерістен өткізілген. Баса назар аударылған дәрігер-мамандардың қатарында тіс дәрігерлері, оташылар, акушерлер және егу бөлмесінің қызметкерлері т.б. бар. Өкінішке қарай, вирусты гепатиттің қоздырғыштарының бар-жоғын анықтау мақсатында тексерістен өткізілген кейбір медицина қызметкерлерінің, шынымен де, осы аурумен ауыратындығы белгілі болды.
Бірақ мұның әлі де алдын ала тексеру қорытындысы екендігін айтқан Т.Нұржігітов олардың нақты санын айтудан бас тартты. Енді оларды ПЦР және ИФА секілді қан сараптамаларынан өткізіп, оның қорытындысы республикалық орталықта қайтадан тексерілетін болады.
«Бұл – тек бізде ғана емес, бүкіл республикада кездесіп отырған жағдай. Әңгіме өмірлерін медицина ұйымдарының қабырғасында өткізіп, аурулы жандарға шипалы ем жасаудан танбаған кәсіби мамандар туралы болып отыр. Олардың ендігі тағдыры республика көлемінде шешілуі тиіс. Бәлкім, олардың ендігі жерде қайда жұмыс жасайтындықтарын, емделетіндіктерін айқындайтын арнайы қаулы немесе бұйрық шығатын болар», – дейді Т.Нұржігітов.