«Дәстүр» дүниеге келді
Ұлтымыздың бүгінде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын санамызда қайта жаңғыртып, бабалар салған ізді бүгін менен болашаққа жалғау мақсатында дүниеге жаңа бір басылым келді. Ұлттық-танымдық бағытты бетке ұстайтын журнал «Дәстүр» деп аталады. 48 беттік, ай сайынғы бұл журналдың бас редакторы – жас журналист Еркін Шәкірұлы.
Қасымхан Бегманов, Ақылдастар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты:
– Көне дәстүріміз «жаңаның» көлеңкесінде қалып келе жатқаны ақиқат. Бесігінде жатып Батыстың ойсыз, дарақы даңғазасы санасына сіңген бөбектер болашақта кім болады? Қолдарыңызға тигелі отырған басылымның мақсат-мүддесі – ұмыт қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрді өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, бабалар салған ізді қайта жаңғырта отырып жалғастыру.
Ұлы мақсатты бетке алып, ақпарат кеңістігіне жол тартқан журнал енді қалың көрерменнің жүрегінен орын алып, жұрт болып жабыла оқитын басылымға айналғай!