Дәстүрлі әннен демеуші неге қашады?
Алты қырдың астынан Ақан серінің немесе Әсеттің әнін құлағы шалса болды, атына міне сала, сол ауылға қарай шауып жететін текті жұрттың ұрпағымыз ғой. Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов сынды қазақтың қайталанбас күміс көмей әншілерінің салып кеткен жолымен Арқа дәстүрінде ән орындайтын, Бекболат Тілеухановтың шәкірті, бірнеше байқаулардың жеңімпазы, дәстүрлі әнші Берік Омаров Алматыға келіпті дегенді естіп, әдемі әні мен әңгімесін тыңдауға асықтық.
– Рухани астанамыз Алматыға ат ізін салғаныңызға жол болсын!
– Әлей болсын! Өнердің бір жақ шетінде жүрген соң, Алматы өнердің ортасы ғой деп, кез келген себеп тауып келгіміз кеп тұрады. Десек те, бұл жолғы келуімнің себебі ұлым Дарынның музыка мектептері арасындағы күйшілер сайысына қатысуы болып отыр. Өзі Семейдегі №2 музыка мектебінің күй сыныбында оқиды. Ортаңғы топтың ішінен топ жарып шыққан ұлым бірінші орынды алып, сондай бір қуаныш үстінде отырған жайымыз бар.
– Құтты болсын! Қуанышыңыз ұзағынан сүйіндірсін!
– Рақмет!
– Өзіңізді дәстүрлі әннің Арқа мектебінің өкілі, кешегі өткен Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов сынды күміс көмей, жез таңдай әншілердің жалғасы деп білеміз. Ел ішінен келіп отырсыз ғой, аймақтағы дәстүрлі өнеріміздің жағдайы қалай?
– Семейді өзіміз, әйтеуір, рухани орда, Абай менен Шәкәрім, Мұхтарлар туып-өскен киелі топырақ деп қадірлеп, қастер тұтып жүреміз. Дәстүрлі әнге келсек те, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахымов, Бақыт Үдербаева, Амангелді Жікенов сынды алдыңғы толқын аға-апаларымыз бар. Бірақ осы дәстүрлі ән болсын, күй болсын қатты дамып, бүкіл қазақстанды талантымен таңғалдыратын балалар шығып жатыр деп айта алмаймын. Оның басты себебі – қолдаушының жоқтығы.
– Дәстүрлі әннен концерт өткізуге не болмаса гастрольдерге шығуға жағдайларыңыз бар ма? Осы жағына әкімшілік тарапынан қандай да бір қолдау-көмек болып тұра ма?
– Әзірге ешқандай дәстүрлі әншінің жеке концерті болған жоқ. Әйтеуір, біраз бұрын Алматыдан «Ел» продюсерлік орталығы келіп, «Інжу-маржан» концертін ұйымдастырып кетті. Ерлан Рысқали өзінің шығармашылық кешін ұйымдастырды. Ал өзіміздің өңірден не Келденбай ағамыз, не Тұрсынғазы ағамыз, тіпті Толғанбай Сенбаев та әлі күнге жеке концертін бере қойған жоқ. Не біреуіміздің жинағымыз да шықпапты. Биыл енді «ел-жұрттан ұят қой, тым құрыса біреуіміз қимылдайық», – деп бір-бірімізді қамшылап жатырмыз. Қайта, тәуба, былтыр Шәкәрімнің 150 жылдығына орай Шәкәрім қажының әндерін орындайтын Келденбай Өлмесековтің дискісі шықты. Бірақ оның өзі аз ғана таралыммен, қателеспесем, 500-дей данамен шықты. Ол қолдан-қолға бірден тарап кетті. Тұрсынғазы ағамыздың үнтаспасы бар, ал Толғанбай Сенбаевтың, менің әлі күнге ән жинағымыз жоқ. Сол... барлығы да қаржының жоқтығынан ғой. Сапалы жинақ шығару үшін Алматыға келу керек. Онда да ол бір-екі күнде бітетін шаруа емес, айлап жатып дайындалу керек. Жолдас-жора, туыстарыңның үйінде айғайлап ән айта алмайсың дегендей. Ал осының барлығына қолдау көрсетіп, демеу жасаймын деген «Атымтай жомарттар» табылып жатса, қанекей?!
– Бұрындары ауыл-ауылды аралап, көнекөз қариялардың аузынан ұмытылып бара жатқан ән-күй, дастандарды жинау үрдісі болушы еді, қазір сол үрдістің желісі үзіліп қалған жоқ па?
– Оқуды бітіріп барған бетте менің осындай дүниемен айналысқым келген. Бірақ ол кезде, бір жағы, жас болдық, қолымыз диктофонға да жетпей жүрген кез. Ақсақалды қариялардан не әжелерден естіп қалған бейтаныстау әнді домбыраға салып, жадымызда сақтап қалуға тырысатынбыз. Қазір болса ел аралайтын уақыт жоқ. Анда-санда той басқаруға барғанда, көнекөз қарияларды не болмаса ауылдың алтыауызын айтатын әжелерді ұшыратып қалып жатамыз. «Оһ, мына кісімен той біткен соң сөйлесу керек екен» деп ойлайсың, біткен кезде не ол кетіп қалады, болмаса өзіңнің мүмкіндігің болмайды.
– Қазір эстрада саласында бір әншінің соңында бір продюсер қоса жүреді ғой. Тіпті әншінің танылуы көбіне-көп соған байланысты боп тұр емес пе? Мүмкін, дәстүрлі әншілерге де сондай бір продюсер керек шығар?
– Мүмкін... Бірақ эстрада дәстүрден гөрі тез таралады, жеңіл, сондықтан оған қаражатты да аямай салатындар табылады. Ал дәстүрлі әнге келген кезде демеушiлер де тартыншақтап қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.