… депті
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдарында бұдан былай сіздердің назарларыңызға халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер мен кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Рақымжанның ренжіші
Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев әскерден аман-есен оралған соң көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан «Алматы» мейманханасының директоры қызметтерін атқарады. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:
– Осы сендер менің әскердегі өмірімді, рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар – менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті?– деп базына айтады.
Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:
Мейірің – нұры мол сарай,
Мінезің – бейғам баладай.
Жүрегің – ыстық моншадай,
Көңілің – мейманханадай,–
деп мақтап ала жөнеліпті.
Кәдірбектің «Архивті» ақтаруы
Орта буын өкілдері Бексұлтан Нұржекеев, Оралхан Бөкеев, Кәрібай Ахметбеков, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Әшірбек Сығаев, Кәдірбек Сегізбаев секілді қазақтың белгілі қаламгерлері семьяларымен аралас-құралас екен, үнемі бір-бірімен әзілдесіп, қалжыңдасып жүреді екен. Содан бас қосқан бір жиында асабалық қызмет атқарып жүрген Кәдірбек Сегізбаев жігіттердің жастау кезіндегі оғаш мінез, оспадар қылықтарын айтып, қыз-қырқынға қырындаған кейбір жасырын құпияларын суыртпақтап шығара бастапты. Жігіттердің қасында әйелдері бар, «мына Кәдірбек бүлдірді-ау», деп, бірі қипақтап орындықты сықырлатып, енді бірі жөткірініп-қақырынып «белгі» берсе де, Кәдекең айылын жимай сөйлей түсіпті. Ақыры шыдай алмаған Кәрібай:
– Әй, Кәдірбек, қырықтың қырқасына шыққанда біздің бар «архивімізді» ақтарып, сен бүгін достарыңның абыройын айрандай төгейін дедің бе? Жоқ әлде енді қалған ғұмырды осы достарың қу тізесін құшақтап қатынсыз өткізсін деген ниеттесің бе?– деп әзіл-шыны аралас сөзге араласады. Осы арада Кәдірбекке Әшірбек ара түсіпті:
– Кәрібай, сенің қарадай қуыстанғаның не? Қырықтан асқан қатынның бай тастағанынқашан көріп ең?.. Сондықтан Кәдірбек «архивті» ашқанға әйеліміз тастап кетер екен деп қуыстанбай-ақ қояйық.
Сонда бағанадан бері үнсіз отырған Оралхан:
– Қазір жалғыз Кәрібайдың ғана емес, күллі КГБ-ның архиві де, ашылып жатыр ғой. Кәдірбектің біздің әйелдер үшін сенсациялық бүгінгі тарихи сөзін бөлмеңдерші, достар! – деген екен.
Бәукеңнің жауабы
Қазақ университетінің бір профессоры көшеде Баукеңмен кездесіп қалыпты. Баукең сәлеміне басын изепті де ләм демепті. Үнсіздікке ыңғайсызданған профессор сасқалақтап әрі Бәукеңнің көңілін ауламақ боп (Баукеңнің науқастанып жүрген кезі екен, денсаулығыңыз қалай деуге де батылы жетпей) көңілін көтерейінші деген ниетпен:
– Ту-у, Бауке, мұртыңыз керемет екен!– дейді.
Оның жылтыраған кесе бетіне бажырая бір қараған Баукең:
– Өй, осы қатын бет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай! – деп жүре беріпті.
Шетен қалпақ
Тапқыр жауап
Жаман Хама
Өкше басар іні
… депті жинағының сілтемесіне басыңыз