Дидар Амантай шығармашылығы – дөңгелек үстел тақырыбы
Алдағы жұма Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жазушы, «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Тарлан-Үміт» сыйлығының сахибы Дидар Амантайдың қаламгерлігі мен бірнеше жаңа жинақтары турасында үлкен басқосу өткелі жатыр. Мұхтар Әуезов қоры ұйымдастырып отырған бұл жиынға Мұрат Әуезов, Асанәлі Әшімов, Әлмира Наурызбаева, Әлия Бөпежанова сынды қазақтың бүгінде көзі тірі классиктері қатыспақ.
Басқосу себебі түсінікті болуы үшін, әңгімеміздің әлқиссасын сәл әріден бастасақ. 2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батор қалаларында қазақтың белгілі жазушысы, қара сөздің шебері, кинодраматург Дидар Амантайдың кезінде Алматыда жарық көрген «Қарқаралы басында» атты проза кітабының француз, түрік және моңғол тілдеріне аударылған тәржіме нұсқалары басылып шықты.
Парижде шыққан кітапқа «Гүлдер мен кітаптар» романы енді, алғысөзін біртуар ақын, заңғар ойшыл Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады. Қазақ тілінен французшаға тәржімелеген – Айтқали Бақытов, ал редакторлық жұмысты атқарған – Франция азаматы. Кейін бұл аударма кітап жөнінде мәдениеттанушы Альбер Фишлер сыни мақала жазып, ой-пікірін білдірді.
Кітаптың түрікше нұсқасы «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесінен құрастырылды, аудармашысы – белгілі шоқайтанушы, қаламгер Әбдіуақап Қара.
Моңғолша тәржімесіне «Гүлдер мен кітаптар» романымен қатар бірнеше әңгімелер топтастырылды, тәржімелегендер – Жазгүл Жұмабай мен Нәпіл Базылхан.
Жазушы Дидар Амантайдың бұл «Қарқаралы басында» атты кітабы – бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы. Автор алдағы жылдары шығармаларын бір-бір томнан шығарып тұруды өзіне мақсат тұтып отыр.
Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шыңжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы, «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі және отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығаруды жоспарлап та қойды.
Бүгінгі күні елге белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Алғашқы үш әңгімесі Қытайдың («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби жорналына шығып та үлгерді.
2010 жылы оқырман назарларына ұсынылған «Қарқаралы басында» атты кітаптың қазіргі таңда орыс, испан, неміс, араб, ағылшын, парсы және кәріс тілдеріне тәржімәланып жатқанын айта кеткен жөн.
Проза, кинематография және көсемсөз жанрын қатар ұстанған Дидар Амантайдың бұл үш кітабы, бір тараптан, қаламгердің қазақ әдебиетінің мәртебесін асыру, шетел оқырмандарына таныту жолындағы және сонымен қатар, қазақ оқырман қауымы алдындағы есебі тәрізді екені рас. Әлем әдебиетіндегі соңырқалап келе жатқан жаңа ағымдар, ізденістер, бағыт-бағдар, жалпы, роман-әңгімелердің тағдыр-талайы, түрлі ұлт прозасындағы қалыптасқан машық, кезеңдік жазу мәнерлері мен сюжеттік желі, тәсіл бәрі-бәрі 25 қаңтар күнгі баспасөз мәслихатының тақырыбы болары сөзсіз.