Димаш пен Сабина танымалдығының cыры неде?
Димаш Құдайберген мен Сабина Алтынбекова екеуінің Ақтөбеде туып-өскендігінен басқа қандай ортақ ұқсастықтары бар? Азия құрлығындағы Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінде неліктен Димаш пен Сабина ғана атақты бола алды? Осы мәселені зертттей келе, мен мынадай қорытындыға келдім: әнші Димаш Құдайберген мен волейболшы Сабина Алтынбекованың Азиядағы танымалдығы – олардың кәсіпқой шеберлігінен ғана емес, «азиаттық» мәдени тұтыну мен сұлулық стандарттарына сәйкес келетіндігінде.
Сабинаның атағы 2014 жылы Тайваньда волейболдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен Азия чемпионатынан кейін шықты. Қазақстандық спортшының сұлулығын бірінші болып Қытайдан келген көрермендер байқады. Сол сияқты Жапония, Корея, Тайвань, Индонезия және Таиланд секілді мемлекеттер Сабинаны көбірек ұнатты. Ол өзінің аниме мен манга кейіпкерлеріне ұқсастығы үшін де танымал болды.
Әлем көрермендерін таңғалдырып үлгерген kawaii-индустриясының ең басты кейіпкері Hello Kitty деген атпен белгілі аппақ мысық жапондық поп-мәдениетті әлемге танытқан негізгі қозғаушы күшке айналып үлгерген.
Hello Kitty бренді тиесілі Sanrio компаниясы 50 мың түрлі өнімнің сатылымы нәтижесінде 6,5 млрд долларға жуық пайда тапты.
2008 жылы Hello Kitty атты мысық Жапонияның Корея мен Тайваньдағы туризм елшісі атанды. Ал екі жылдан кейін бұл «пысық мысық» Cool Japan стратегиясы барысында жапониялық брендтерді әлемдік нарықтарға танытудың таптырмас құралына айналды.
Ал 2011 жылғы Фукусимадағы апаттан кейін аталған стратегияны барлығы ұмытып кетті. Соған қарамастан, kawaii-индустриясы Сабина Алтынбекованың Азияның сұлу бойжеткендері қатарына енуіне және бірқатар қаржылай келісімшарт жасауына көмегін тигізді. Сабина Алтынбекованың сыртқы түр-келбеті, нақтырақ айтқанда, ұзын шашы, үлкен көзі, сүйкімді көзқарасы, келісті бет-әлпеті «азиаттық сұлулық» стандарттарына сәйкес келді.
Мен өз болжамдарымның шынайы екенін растау үшін ондаған мақала мен YouTube желісінен көптеген бейнематериалдарды қарап шықтым. Сұлулықтың «азиаттық» стандарттары мен жалпы «азиаттылық» туралы ғылыми дәлелдемелер жоқ, бірақ та жалпы қабылданған нормаларды ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазақстандық волейболшы сұлудың жоғарыда сипатталған физикалық түр келбеті Қытай, Жапония және Корея жігіттерінің назарын ғана емес, сонымен бірге қыздардың қызғанышын да туғызды. Сабинаның модель болудан бас тартқанына қарамастан, Тайвань мен Жапониядағы көптеген киім-кешек пен косметика брендтері онымен келісімшарт жасағысы келді. Сабинаның танымалдығы мен сұлулығы бұл компанияларға көп пайда алып келуші еді.
Димаштың «жұлдыздық» танымалдығы да нарықтың қызығушылығын тудыруда. 2017 жылдың cәуірінде қазақстандық әнші Қытайдың Синань қаласындағы жапониялық Issey Miyake сауда үйін салтанатты түрде ашу рәсіміне шақырылды.
Қытайлық стилистер Димаштың шаш үлгісін өзгертіп, стильдік киім кигізіп, бірталай еңбек еткен. Бұл жағдай әншінің талантымен қоса, оның сүйкімділігі мен әсемдігін үйлесімді етіп көрсетуге өз үлесін қосты. Димаш туралы мақалалардың бірінде оның киім үлгісі мен стилі ерекше екендігі атап өтіледі. Әншінің аппақ жүзі, келісті келбеті, сүйкімділігі – барлығы маңызды болды.
Бір анығы, Димаш K-Pop топтарындағы «жұлдыздарға» өте қатты ұқсайды. Корейлік поп-мәдениет телевизиялық сериалдар, фильмдер, билер, музыка, мода, туризм саласын біріктіретін «корейлік толқын» атымен белгілі, Азия мемлекеттерінде, соның ішінде Қытайда өте танымал.
Айтпақшы, Димаштың қытайлық фанаттары оған «импортталған (сырттан келген) үлкен аға» деген ат берген. Бұл атау Димаштың Қытай жастары тарапынан мойындалған «сапа белгісіне» сәйкес келуіне және шеттетілмейтініне дәлелдеме болып табылады.
Димаш пен Сабинаның Азиядағы cәттілігі заңды деген қорытындыға келуге болады. Бәлкім, біз үшін олардың осындай дәрежедегі танымалдығы жаңалық болған шығар. Алайда заманауи поп-мәдениеттің әсері осындай.
Сабина мен Димаштың Корея, Жапония, Қытай, Тайвань, Гонконгтағы ең танымал тұлғаларға айналу туралы ойлары мен жоспарланған маркетингтік стратегиялары болмаған шығар, дегенмен де бұл жерде мәдени жаһандану нәтижесі анық байқалады.
Шынында, екі жұлдыздың да қалыптасқан талғам мен мәдени өнімді пайдаланушы көрермендердің қалауына бейімделуіне тура келді. Бұл танымалдылықты Қазақстан азиялық нарыққа шығу мен мемлекеттік брендті дамыту және стратегиялық позициялау үшін өз мақсатына пайдалана алады.
Жалпы, Димаш пен Сабинаның кейіптері Азияның XXI ғасырдағы рөлі маңызды болатындығын тағы да дәлелдейді. Соған байланысты Қазақстанға өзін «азиялық» мемлекет ретінде көрсетуден қорықпау қажет.
Бүгінде «азиялық» деген ұғым артта қалған, екінші сұрыпты және өркениетсіз деген көзқарастан арылған. Азия әлемдегі экономикалық нарық, жаһандық технологиялық және адами капиталдың дамуы бойынша аса маңызды. Қазақстан да «жаңа Азияға» назар аударып, қызығушылықпен қарауы керек. Ал біз Азиядағы қазіргі тенденцияларды ұғына отырып, азаматтарымыздың жетістігін өз пайдамызға жаратуымыз қажет.
Данияр ҚОСНАЗАРОВ, сарапшы, Орталық Азияның Bilig Brains ой орталығының құрылтайшысы