Димаш құпия жарысқа дайындалып жүр
Әнші Димаш – бүгінгі күні бар қазақтың назарында жүрген ұл. Өткенде ғана Түркияға «ABU TV Song» атты өнер фестиваліне қатысып, «Дайдидау» әнімен тағы да көпшілікті тәнті етіп қайтты. Түркиядан оралған соң, Астанаға бара жатқан сәтінде аз-кем әңгімеге тарттық. Продюсерді керек етпейтін жігіт мынадай бір-екі жаңалығын айтты.
Жақында әлемдегі үлкен деңгейдегі ән байқауына қатыспақ. Бірақ, «қай байқау екені құпия» деп, жымиюмен құтылды. Келер жылы Астанада жеке концертін өткізуге дайындалып жүр екен. Бірнеше жаңа әнді қатар әзірлеу үстінде.
Димаштың Инстаграм әлеуметтік желісінде 56 мың оқырманы бар. Бірнеше күн бұрын өнерін бағалайтын замандастарының сұрақтарына Инстаграм арқылы жауап берді. Сұрақтың өте көптігіне қарамастан, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысып бағыпты. Арасынан бір-екі сұрақ-жауапты назарларыңа ұсынамыз.
Сұрақ: Соңғы кезде кімдерді тыңдап жүрсіз?
Жауап: Ерлан Рысқали мен Майра Мұхамедқызының орындауындағы әндерді.
Сұрақ: Жұлдыз ауруына душар болудан қорықпайсыз ба, Димаш?
Жауап: Жоқ, ол үшін жұлдыз болу керек. Ал жұлдыз деген менің түсінігімде тек аспанда болады.
Қарлығаш ДОСАНОВА