Дөнентаев дәріптелмей қала бере ме?

Дөнентаев дәріптелмей қала бере ме?

Әлбетте... қолына қалам ұстаған, Тәңір айрықша дарын сыйлаған қаламгер, ақындар тағдырын, замана ағымының тамыр бүлкілін тамыршыдай тап басып жырлайды деседі. Сол рас па? Рас болмаса, Сәбит ақын «Бұл заман байқағанға күштінікі...» деп тебіренбес еді ғой. Өлгеннен кейін өзінің елеусіз, қалаусыз, былайша айтқанда, аяқасты қаларын сезді ме екен?!
Осы... Сәбит Дөнентаев кім? Қазаққа қан­дай еңбек сіңірді? Қайда туып, қайда өсті? Қандай қызмет атқарды, тірлігінде не бітірді? Редакцияның арнайы тапсырмасы­мен Павлодардан пойызға отырып, қа­лам­гердің ізі қалған Семей жеріне сапар шек­тік. Ондағы мақсатымыз ақын болмы­сы­на тереңірек үңілу еді.
Әрине, газеттегі мақалада алты Алаш­тың арда ақынының толық өмірбаяны мен шығармашылығын талдап шығу мүмкін емес, дей тұрғанмен, аз-кем тоқталып өт­кеніміз жөн болар.
Ақын, журналист, публицист Сәбит Дө­нен­таев 1894 жылы Ақсу ауданы Мә­мәй­іт Омаров ауылдық кеңесіне қарасты №3 бөлімшеде (бұл ауыл қазір Сәбит Дө­нентаев ауылы деп аталады) Дөнентайдың отбасында дүниеге келген. Аздап оқығаны бар Дөнентай баласын молда қылмақ ой­мен елдегі Махамбет-Садық ұстазға оқуға береді, кейін Павлодар қаласындағы Қа­сым қажы Ертісбаевтың медресесінде бі­лім алады.
Қазақты дүр сілкіндірген 1916 жылдың 25 маусымындағы ақ патшаның жарлы­ғымен «бұратана» аталған қазақтың 19 бен 35 жас арасындағы азаматтарын май­данға ор қазуға алғанда, оған ілікпеу үшін Екібастұз бен Жармақ теміржол бойын­да­ғы Жол құдық деген жерде жұмыс істейді. Кейбір мәліметтерде ол майданның қара жұмысында болған делінеді. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін туған жеріне аман-есен оралған ақын жігіт Алаш азамат­та­рымен бірге ұлт-азаттық қозғалысқа қосы­лып, қазаққа теңдік берілуін жақтап, тау суындай тасқын жырларымен үн қосады, халқын жарқын болашаққа шақырады.
Сәбит Дөнентаев еліміздің арыстары – тарихи тұлғалар Жүсіпбек Аймауытов  т.б. оқы­ған, қызмет еткен, қазақтың ұлт­тық қоз­ғалысының рухани орталығы – Алаш астанасы атанған Семейдегі Мұға­лім­дер семинариясында оқып, білім алады. Кеңес өкіметі орнаған соң қазақ халқына теңдік келді, қарапайым шаруаның өмірі өзгеріп, жастарға білім алуға мүмкіндік туды. Сол себептен ол жаңа өкіметті ба­рын­ша қолдайды. Бұл қызметінің бір қыры болса, өзі өмір сүрген дәуірдің үні бола біл­ген қаламгердің шығармашылық тала­бы, жазған туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.
Ақын әрі журналист Сәбит Дөнентаев 1923-1933 жылдары «Қазақ тілі» газетін­де қызмет етті. Ол жаңа өмірді жырлайтын өл­еңдерімен қатар, өткір фельетон, жас­тар өмірі, әйел теңдігі, денсаулық сақтау сияқты сол замандағы шешімін күтіп тұр­ған әлеуметтік мәселелерді көтере білді, көп­теген публицистикалық мақала жазды, жас тілшілерді газетке хабар жазуға үй­ретті.
1915 жылы Уфа қаласында ақынның «Уақ-түйек» деген өлеңдер жинағы шыға­ды.
Сәбит Дөнентаев балалар әдебиетіне де қалам тербеген. Оның жетімнің тағды­ры­на арналған «Көркемтай» атты көркем әңгімесі – күні бүгінге дейін оқырманның жоғары бағасын алып келе жатқан сүбелі туынды. Сонымен қатар қаламгер қа­зақ әдебиетінде фельетон, сықақ, әзіл-қал­жың, мысал жанрының дамуына ай­тар­лықтай үлес қосты. Татар классигі Ғаб­дол­ла Тоқайдың бірқатар шығармаларын аударды. Өкінішке қарай, С.Дөнентаев көзінің тірісінде «Уақ-түйек» атты өлеңдер жинағынан басқа кітабын жарыққа шыға­ра алмады. Дегенмен ақын дүниеден өт­кен­нен кейін оның туындыларын жинақ етіп шығару ісін жалғастырушылар аз бол­мады. 1935, 1950 жылдарда өлеңдер жинағы, 1958 жылы орыс тіліндегі жинағы жарық көрді. Осыдан кейін араға 30 жыл салып, 1989 жылы екі жинағы «Бозторғай» жә­не «Ұрпағыма айтарым» деген атпен оқыр­манға жол тартты. Қызы Сәулет Дө­нен­таеваның құрастыруымен шыққан «Ұр­пағыма айтарым» атты кітапта ақын­ның өлеңдері ғана емес, әр жылдары әр­түрлі басылымдарда жарияланған мақа­лалары да қоса берілген.
Қайраткер ақын 1933 жылдың көк­темін­де, 23 мамырда, Семейде дүниеден өтті. Өзі білім алған, қызмет еткен, талай-талай туындылары дүниеге келген Семей же­рінен мәңгілік тұрағын тапты. Ақын осы қаланың шығыс жағындағы, бұл күнде «жа­бық зират» делінетін көне қорымда жатыр. «Өлгендердің арасында жаманы жоқ, тірілердің арасында жамандықтан ама­ны жоқ» демей ме?! Бірақ «өлгендердің арасында да «жаманы» болатыны, нақақ­тан-нақақ ұмытылатыны болады екен. Оған мына жағдай куә болғандай.
Кезінде қаланың шығыс тұсында, сырт жағында орналасқан көне қорым уақыт өте келе Семейдің ішінде қалыпты. Бар­дық, көрдік, сұмдық көрініс күтпеген жер­ден алдымыздан шықты. Қорымның кіре­беріс қақпа есігі шалқасынан ашық жа­тыр. Кіреберісте сол жақта, тегі күзетшінің бас­панасы болу керек, алқам-салқам, сы­ла­ғы түскен үй тұр. Сол үйдің сырт қабыр­ға­сынан төрт-бес қадамдай жерді көрсетіп: «Мі­не, міне, Сәбиттің зираты осы тұста болса керек», – деді бізді ертіп апарған аза­мат. Шаң басып ұйыса өскен қалың тал-да­рақ­қа жақындай бергенімізде ал­ды­мыз­дан бес-алты ит шыға келіп, қорым­ның ор­та­сы­на қарай қашты. Сөйтсек, ақын зираты тал­дың тасасында қалыпты. Қабір басында қаңғыбас иттер ойнақ салып жүр. Қайсы­бір жылдары орнатылған граниттен жа­сал­ған белгі тастың тозығы жетіпті. Айнала күл-қоқыс, шаң-топырақ, иіс... басқа еш­те­ңе көре алмадық. «Алаш айнасында» бұл жөнінде бұрын да бірнеше рет сын ма­қалалар жазылған еді.
Семейдегі тарихи-өлкетану мұража­йын­да да, Абай ақынның әдеби-мемо­риал­дық мұражайында да Сәбит Дөнен­таев жайлы бір мәлімет, бір жапырақ қа­ғаз жоқ. Білуімізше, С.Дөнентаев Абай ақын­нан үлгі алып, бірқатар шығармала­рын зерттегені белгілі.
Бір қуанарлығы, Павлодардағы Бұқар жырау атындағы Облыстық әдебиет және өнер музейінің «ХХ ғасыр әдебиеті» за­лында С.Дөнентаев жайлы азды-көпті мағ­лұмат, ақын «Қазақ тілі» газетінде қыз­мет істеп жүрген жылдары ұжымы сыйла­ған сиясауыт бар. Қазір Павлодарда ақын­ның есімі ұмытылды дей алмаймыз. Ақсу қаласындағы мәдениет сарайы ақын атында, ол жерге сән-салтанаты келіскен ес­керткіш орнатылды. Туған жеріндегі ауылға есімі берілді. Алматы қаласында да ақын атында көше бар. Бірақ зираты... Көңілге қонбайды, ақылға сыймайды. Өз заманындағы шындықтың шырақшысы, ардың айнасы бола білген, елінің рухани тұрғыдан жетілуіне барынша атсалысқан, жазу өнеріндегі табиғи таланты айрықша, қазақтың әдебиетіне мол үлесін қосқан қаламгердің атын алқалап, мұрасын сары алтындай сақтауға тиіс едік. Өкінішті!
Арап ЕСПЕМБЕТОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы, Сәбит Дөнентаев – елеулі тұлға. Бұрын қайта оралған есімдер бол­май, Алаштың қайраткерлері орта­мызға оралмай тұрғанда оқылған қа­лам­гер. ХХ ғасырдың басында үш қа­лам­гер әдебиеттің төрінде отырды. Олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сә­бит Дөнентаев және Спандияр Көбеев. Осы үштіктен орын алуы да тегін емес.

...Әрине, зиратының дұрыс күтіл­мей, ашық-шашық аяқ астында жат­қан­дығы ұят. Сондықтан алдымен ел ағалары бас қосып ақылдасып, осыған бір ықылас бөлсе дейміз...

Р.S.
Келер жылы Сәбит Дөнентаевтың туғанына – 120 жыл, ал биыл – қайтыс болғанына 80 жыл. Алаштың қайраткер ақынын ардақтауды ұмытпасақ игі еді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста