«Дос-Мұқасан» фильміндегі оқиғалардың 80 пайызы шынайы өмірден алынған» - режиссер
Жасыратыны жоқ, фильм 425 млн теңгеге түсірілді, бірақ шығынын толықтай өтеді деп айта алмаймын.
Ефрат Шәріповтің сценарийі бойынша таспаланған «Дос-Мұқасан» фильмінің көрсетілімін тамашалауға кинотеатрға ағылған жұрттың қарасы көп. Киносыншылар тарапынан оң бағаға ие болып үлгерген туындыны «әйгілі ансамбльдің құрметіне қойылған ескерткішпен тең» деушілер аз емес.
NEGE тілшісі даңқты өнер иелерінің даралығын айшықтаған фильмнің режиссері Айдын Сахаманмен тілдескен еді.
– Әдетте жарнамасыз көрермен табу қиынға соғып тұрған уақытта сіз таспалаған «Дос-Мұқасан» туындысын көруге жұрттың асық болуын немен байланыстырасыз?
– «Дос-Мұқасанға» жарнама жасаған жоқпыз дей алмаймын. Дегенмен, көрерменнің көптеп тартылуына алғаш тамашалаған жұрттың алған әсері болды ма деймін. Себебі, көрген адам бір-біріне айтады ғой. Оның үстіне көпшілік бір кездері ансамбльдің репертуарындағы әндерді сүйіп тыңдағаннан кейін тыңдармандарға таңсық емес. Аға-әпке, ата-ана, ата-әжелерімізге сол кездің естеліктерін тамашалау көзге ыстық болып көрінетіні тағы бар дегендей...
– Кейде кез келген істің соңынан кейін «қап, ананы қалыс қалдырыппын» деп жатынымыз бар ғой. Туынды жарыққа шыққан соң сізде мұндай өкіну болмады ма?
– Ешқандай өкініш жоқ. Себебі, менің айналама таспалаушыдан бастап, костюмер, қоюшы-суретші дейсіз бе, бірыңғай өз ісінің шеберлері топтасты. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді ғой.
Ал жеке басымнан айтар болсам, бұл туындыны таспалау маған айтарлықтай тәжірибе берді. Тіпті, кино саласындағы мансабым «Дос-Мұқасанға» дейін және кейін деп екіге бөлінді десем болады.
– Фильмі түсіру барысында кеңесшілікке атақты ансамбльдегі Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов тартылған екен. Арада өзара келіспеушіліктер туындап қалған кездер болды ма?
– Әдеттегідей кеңес атаулы түсірілім жұмыстарына дейін болады ғой. Сол себепті сценарий жазылып жатқан кезде екі ағамның: «Әй, жігіттер, мына жері мынадай болу керек!», – деп жөн сілтеп, бағыт-бағдар бергені рас.
Ол кісілердің өмірін, анамбльдің тарихын көрсету қажет болғандықтан, бізге де шынайы деректер керек еді. Бірақ көркем шығарма болғаннан кейін кей тұстарын әсірелеуге тура келді.
Мысалы, біз топ мүшелерінің алдын кес-кестеген жандардың образы мен сөзін жалғыз кейіпкердің бойына топтастырдық.
– Қателеспесем, Әбілмансұр Серіковтің кейіпкерін айтып отырған боларсыз. Бұл расымен топқа қысастық жасаған жанның прототипі ме, әлде өзіңіз айтып отырғандай ойдан құрастырып алынған адам ба?
– Шыны керек, «Дос-Мұқасанның» тарихында мұндай адам болмаған. Ол – жиынтықтан құралған жағымсыз кейіпкер.
– Сонда ансамбль мүшелері Беларуське кәсіби орындаушылар байқауына барғанда кинода көрсетілгендей қысастық жасағысы келген адам болмаған ба?
– Мұндай жағдай шынымен болған. Ондай әрекет жасаған – делегация құрамында болған өзіміздің отандастарымыздың бірі екен. Бірақ кімнің қолымен жасалған әрекет екенін маған айтпады.
Сосын Мұрат ағамыздың гитарасының ішегі үзіліп қалып, өзге елден барған бейтаныс қатысушының аспабын ұсынатын сәті бар ғой. Сол жағдай да ансамбль тарихында болған. Қысылтаяң шақта Беларусьтің атақты «Песняры» тобының жетекшісі қолындағы гитарасын біздің елден барған өнерпаздарға тарту етсе керек.
Анығын айтқанда, экранда көрсетілген көріністердің 80 пайызы болған оқиғаға негізделген.
– Фильмге түскен актерлердің дені кастингтен өткен бе, әлде бет-әлпеттерінің дос-мұқасандықтарға ұқсастығына қарап шақырту салдыңыздар ма?
– Жалпы іріктеу жұмыстары үш кезеңнен тұрды. Біріншіден, ансамбль мүшелерімен бет-әлпеттерінің ұқсастығына басымдылық берілді.
Екінші, актерлік шеберліктеріне, ал үшінші ән айтып, би билеу өнеріне басымдылық берілді. Тіпті, әртістердің спортқа жақындығына да назар аудардық. Осы ретте кастинг жұмыстары жарты жыл жүргізілді.
– Сонда сіздер кезінде ансамбль өзі салған әндерді пайдаланбай, әртістерге айтқыздыңыздар ма?
– Әрине, барлық әндерді киноға түскен әртістердің өздері айтып шықты. Тек Құрманай Омарова апамыздың орындауынағы «Сағындым сені» атты әннің ғана түпнқсқасын пайдаландық. Себебі, қазір Қазақстанда ондай ерекше дауыс иесі жоқ. Сосын басында қойылатын «Алматы түні» әні топ мүшелерінің өз дауысында айтылған. Қалған «Құдаша», «Ауылым сенің іргелі», «Жан досым» әндерін жастар өздері шырқаған. Сондықтан қатысқан әртістердің еңбегі зор деп айта аламын.
– Қарап отырсам, туындыда суреттелген 70-жылдары сіз өмірге де келмеген екенсіз. Өзіңіз көрмеген уақытты көркемдеу қиынға соққан болар?
– Жасыратыны жоқ бұл ретте бойымда үрей болғаны рас. Себебі, ол уақытты мен өткермегенмен, аға буын өкілдері көрген ғой.
Әйтсе де, бала кезімде көрген ата-әжемнің үйіндегі сол заманның пластинкалары мен киімдері, журналдары көз алдымызда жатталған ғой. Оның үстіне той-томалақ атаулыда «Дос-Мұқасанның» әндері міндетті түрде шырқалатын. Сол естеліктердің бәрі көз алдымда қайта жаңғырып, туындыны түсіруге септігін тигізді.
Бір жағынан таспа жұмыстарына қатысқан әртістердің тарихи топқа деген махаббаты дем берді. Қатысқан әртістердің қыстың қақаған аязына қарамай көшеде дірдектей тоңып тұрып, ансамбльдің әнін шырқағанда, одан шабыт алмау мүмкін емес. Массовкада тұрған жас балардың өзі түсірілім алаңында тоқтамастан «Той жырын» айтып тұрды. Қарап отырсам, солардың басым бөлігі 2000 жылдан бері өмірге келген қыз-жігіттер екен.
– «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой. Сол кезеңді көрген аға буын режиссерлері тарапынан қандайда бір мін тағылып, сын айтылған сәттер болды ма?
– Бетіме басып ешкім ештеңе айта қоймады. Қайта премьерадан кейін көптеген ағаларым батасын берді. Осы салаға келгенде алғаш тұсауымды кесіп, режиссерлік мансабымды қалыптастырған Ақан Сатаев ағам да келіп тамашалап, ризашылығын жеткізді.
– Жалпы фильмнің бюджеті қанша? Шығынын толық өтей алды ма?
– Жасыратыны жоқ, фильм 425 млн теңгеге түсірілді, бірақ шығынын толықтай өтеді деп айта алмаймын. Есеп-қисапқа жауап беретін адам болғандықтан, продюсерден жағымды жаңалық күтіп отырған жайым бар.
– «Дос-Мұқасанның» талантын кезінде бүкіл ТМД танығандықтан, фильмді шетелдік прокатқа шығару жоспары бар ма?
– Бұл бас продюсер Айгүл Қыдырғалиқызының құзырындағы жұмыс қой. Дегенмен, ондай бастама болса, қос қолдап құптаймын. Себебі көрші мемлекеттер де атақты топтың өнерін мойындағанын былайғы жұрт жақсы біледі.
«Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері фильмді қалай қабылдады? Тілшіміз ансамбльдің белді мүшелеріне хабарласып, фильм турасында пікір сұрады.
Мұрат Құсайынов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дос-Мұқасан» вокалдық аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі негізін қалаушы:
– Ештеңе айтпаймын...
Досым Сүлеев, Техника ғылымдарының докторы, профессор, «Дос-Мұқасан» вокалдық аспаптар ансамблінің алғашқы жетекшісі:
– Фильмнің жарыққа шыққанына бір айдан астам уақыт өтсе де, республикамыздың түрпір-түкпірінен хабарласып, құттықтап жатқан жандардың қарасы көп.
Өзім де біраз кездесулерге қатыстым. Фильмді көруге ағылған көрермен қарасы көп екен. Бұл – түсірілім тобындағы жастардың жемісті еңбегінің нәтижесі.
Режиссерлік жасаған Айдынның шеберлігіне тәнті болдым, заманауи технологиялар мен мюзикл жанрының элементтерін үйлестіріп, тамаша фильм жасады. Менің жас шағымды сомдаған Мейірғат Амангелдин есімді баланың да талантына риза болдым. Тіпті, маған түрі де, мінезінің тұйықтығы да ұқсас болып шықты.
Бастапқыда көркем фильм болатын шығар деп ойлап едік, сценаристер арасына біраз интрига қосып, көркем дүние жасаған екен. Тамаша!
Nege.kz