Достық пен татулық бесігінде
Керекуде «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтті. Халықаралық фестивальдің гала-концерті тулаған Ертістің жағасында – Павлодар қаласының орталық жағалауында болды.
Ертіс өзенін бойлаған Ресейдің Омбы, Новосібір, Қытайдың Үрімші қалалары, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарының әуезді әндері мен шебер орындалған билері талай жүректі тебірентті. Осындай көптеген шығармашылық ұжымдарының кәрі-жасын «өнер» атты құдірет тоғыстырды.
Қонақ болып келген өнерпаздардың басым бөлігі жергілікті шығармашылық ұжымдарымен берік қарым-қатынас орнатып үлгерген. Мәселен, Сібір жерінде жыл сайын ұйымдастырылатын фольклор фестивалінде өңіріміздің Т.Шевченко атындағы казак мәдениеті орталығының «Воля» ұжымы өнер көрсетуде. Ал Қытай жерінен келген композитор, қазақтың ұлттық әндерін насихаттаушы Даму Долдаұлы павлодарлықтарға «Аққу мекені» атты әнін сыйға тартып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ұлы Ертісті жырға қосқан Омбы қаласындағы украин мәдениеті орталығының өнерпаздары да жергілікті ұжымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.
Қазылар алқасының шешімімен аспапта орындау жанрында бірінші орынды «Әл-әки» халық аспаптар ансамблі, ал вокалдық орындау бойынша Омбы облысы Черлак ауданы Ертіс ауылының «Ертіс» тобы жеңімпаз атанды. Ал фестивальдің бас жүлдесі Естай атындағы мәдениет сарайының А.Шиллер атындағы ансамбліне бұйырды.
Жасқайрат ОРЫНБАЕВ, Павлодар қалалық «Әл-әки» халық аспаптар ансамблінің жетекшісі:
– Бұл өнер додасы шабытымызды шалқытып, бойымызға күш-қуат берді. Осынау фестиваль көрші елдерден келген фольклорлық ұжымдармен тәжірибе алмасып, шығармашылық қарым-қатынасымызды нығайта түсуге негіз болды. Алдағы уақытта біздің ұжым да Ресей жеріне барып, қазақ домбырасының қоңыр үнін паш етеді деген үмітіміз бар.
Оксана ВЫХРИСТЮК, Новосібір қаласындағы «Красота» ансамблінің жетекшісі:
– Өнер жолында жүргенімізге отыз жылдан астам уақыт болды. Облыстық, халықаралық деңгейдегі көптеген фестивальдерге қатысып, топ жардық. Айта кетерлігі, «Ертіс – достық өзені» фестивалі біз үшін ерекше маңызға ие. Ертіс өңірі халқының кішіпейілдігі мен қонақжайлылығында шек жоқ. Ерекше жылылықты сезіндік. Нағыз қазақи ортамен қауышқанымызға қуаныштымыз. Ажары күн санап артқан Павлодар қаласы да жанымызға жақын. Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ашылу салтанатына қатысудың жолы түсіп, жас домбырашылардың өнеріне тәнті болып қайттық. Мызғымас достығымыз жасай берсін!