Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ: “Өнерге деген адалдығым – өзімнің оққағарым”
–Кезінде «Бандыны қуған Хамит» бүгінде не істеп жүр?
–Адам есейіп, ес жиғаннан кейін осы уақытқа дейін не істедім, не бітірдім дегендей соңына көп қарайлайды екен. Жадыңдағы естеліктерді жаңғыртып барып, болашаққа барлау жасауға болады… «Даладағы қуғын» фильмінен кейін де міне отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Ол фильм 1977 жылы түсірілген. Осы уақыт аралығында талай су ақты, талай дүние өзгерді… Өнердің әлқиссасы шын мәнінде әкеміздің қаны мен анамыздың сүтінен бастау алады. Анам ән айтатын. Дауысы тұнық болатын. Өмір бойы мектепте ұстаз болып қызмет етті. Отбасындағы он баланы әкем екеуі өсіріп тәрбиеледі. Брежневтің кезінде анама «Алтын алқа» медалі беріліп ауылда үлкен той болғаны есімде. Әкем де нағыз өнер адамы болатын. Суырып салма ақын еді. Бертін келе үлкен әкейдің көзін көрген шешейлер «Шіркін, әкеңнің дауысы-ай. Домбырамен ән салғанда дауысы қозы көш жерге естіліп тұратын» деп айтып отыратын. Біз есейген кезде әкемнің даусы көмескіленіп, қырыл-сырылы да көбейіп қалды. Бірақ ол кісі домбыраны шерткенде күй керемет күмбірлеп естілетін. Домбыраға жан біткендей әсер қалдыратын. Өкініштісі әкемнің тартқан күйлерін іліп алып қала алмадым. Өзімді өзім енді біле бастағанда ол кісіден айырылып қалдық. Бұл әр пенденің басындағы өкінішті жәйлар ғой. Бірақ өнерге келгенде ол кісілердің орны ерек еді. Сондықтан өнер маған со ата-анамның қанымен дарыған. Әкемнің анасы Бықыя деген кісі өзі соншалықты адуынды, сөзге шешен болыпты. Ал әкемнің әкесі Жолжақсы әлжуаздау адам болса керек. Ауылда той болса алдымен сол ақсақалға келетін құсайды. «Жәке, шешемізді тойға шақыра келген едік» дейді екен. Атам болса «Әй, өздерің білесіңдер ғой» деп әжемізге рұқсатын береді екен. Атамыздың рұқсатын алған әжеміз тойға барып әннің де жеңісін, айтыстың да жеңісін алып келетін көрінеді. Өте мінезді адам болыпты. Бетіне ешкімді қаратпайды екен. Шешем жарықтық айтып отырушы еді. Келін болып түскен кезінде әжем атамнан бір мәшін сұраған екен. Атам оны дер кезінде тауып бере алмапты. Біздің жақ мына Шығыс болады. Зайсан көлінің жағасы, ызғырық желі бар. Тоң-тоң болып түсетін қары бар. Суығы 40-45 градустан төмен болмайды. Сонда ыза болғаны соншалықты әжем күртік қардың үстіне шалқасынан жатып алыпты. Анам болса қарды айналып «Апа-ау тұрсаңызшы, сыз өтеді ғлй» деп жалынады дейді. Әжем болса үндемейді. Содан кешке дейін жатқан ғой. Ақыры жатып-жатып арқасынан сыз өте бастағанда атып тұрып үйге кіріп кетіпті. Осындай мінезді адам болған, әжем жарықтық. Міне осы кісілерден дарыған, Алланың берген осы бір өнерге деген сүйіспеншілігі бізге қонды. Менен кейінгі інім Берік Жолжақсынов ол да киноактер. 7-8 киноға түсіп үлгерді. Ол да домбырамен ән айтады. Ағаларым, қарындастарымның да ән айтатын өнері бар. Бірақ бәрінің негізгі кәсібі бұл болмағаннан кейін күйбең тіршіліктің арасында қалып қойған жәйлары бар… «Біржан сал» туралы фильм түсіру менің әуел бастағы арманым болатын. Әрі кәсібім актер болғаннан кейін режиссер боламын-ау деген ойымда жоқ еді. Көрермен өз бағасын беріп үлгерді. Меніңше жаман шықпаған сияқты…
–Өзіңізді «Жеті қырлы, бір сырлы» деп бағалауға да болар. Кезінде сазгерлік қырыңыздан да көрініп едіңіз. «Қарттарым аман сау жүрші» атты әніңізді әсем қоңыр даусыңызбен орындаған едіңіз. Бүгінде ән шығарып жүрген жоқ сияқтысыз…
–Бала кезімде біздің ауылдан 12 шақырым жерде Жолнұсқау деген ауылда Капитан деген домбырашы болды. Өзі шауып домбыра жасайтын. Әкем сол кісіге бірнеше домбыра жасатып берді. Сол домбыраны ат қып мінем, құмның үстіне құлағынан сүйреп ойнаймын. Содан көршілердің үйіне барып ән айтам. Әкемнің шопыры Мешел деген кісі болатын. Бәйбішесінің көзі тірі Теке тәтем. (Қазақта ат қоя берген ғой). Соларға барғанда «Мешел аға, Теке тәтем-ау» деп ән айтатын көрінем жаңағы домбырамен. Олар мәз болып бар жылы жұмсағын аузыма тосады. Әбден тойып, ұйқыны қандырып алған соң «Мешел аға, Теке тәте, әкін, әкін» деп яғни әкеңнің аузы деп боқтап кететін көрінем. Ана бір жылы әке-шешемізге арнап ас бердік. Сонда Жолнұсқауға әдейілеп барып әке-шешеміздің көзін көрген Теке тәтемізді тауып алып, сәлем бердік. Бұрынғыны еске түсіріп, көзіне жас алып жатты. Осының бәрі ғұмыр. Адам жасы ұлғая, ес жия келе өмірдегі үлкен бір қозғаушы күштей сезінеді екенсің. Сол естелік қиялыңды ұштайды. Жігеріңе қанат бітіреді. Өнерде де, өмірде де сол қиялдың, естеліктің орны бөлек.
–Дулат Исабековтың «Қарғын» атты романындағы басты кейіпкер Жасын атты жігітке ғашық болмаған қыз кемде-кем шығар. Осы кейіпкердің прототипі кім екен дейтінбіз. Бір кездесуде осы сұрақ Дулат ағаға қойылды да. Сонда ол кісі «Жасынды сипаттаған кезде көз алдыма Асқар Сүлейменовты елестетіп отырып жазғаным рас» деген-ді. Жалпы қайынатаңыз Асқар Сүлейменов туралы тек жақсы пікірлер айтылады. Осындай кісінің тәрбиелеген қызы Қаракөз Сүлейменова – жарыңыз қандай?
–Асекең мен Алтыншаш Жағановадан туған бір ұл, бір қыз бар. Ұлдары Әлішер атпал азаматтардың бірі. Қызы Қарагөз үйдегі жеңгең. Асекеңнің біз өнерге келгелі аты құлағымызда болды. Ол кісінің жазғандарын жібермей оқуға тырыстық. Әсіресе газет журнал бетіне жарияланғандарын. Ол кісі шын мәнінде зиялы адам еді. Оның білімдарлығы,энциклопедиялық білімі сұмдық болатын. Бірақ өмірде сондай қорғансыз, бір қарағанда өмірге дағдыланбаған сияқты көрінетін. Біраз достарының айтуынша заманынан ерте туған адам деп жатты. Бәлкім таудың ең биік шыңы болар. Дей тұрғанмен жазылған дүниелері, айтылған ойларының бәрі де заманынан озық еді расында. Әсіресе Кеңес өкіметінің саясатына байланысты қазақтың мінез құлқына, келешегіне байланысты алдына озып шығып отырған. Суреткерлік дегеннің негізгі мақсаты алдына қойған саясаты десек те болады, бағыт бағдары қоғамның алдында жүру ғой. Бұл кез-келген жазушының маңдайына жазылмайтын бақ. Асекең соның бәрін атқарып кетті. Артында қаншама кітаптары, естеліктері, пьесалары қалды. Ол кісі М. Әуезов, Ғ. Мүсіреповтермен үзеңгілес жүрген адам. Тіпті Ғабит Мүсірепов Асекеңе «Маған сен деп сөйлеуіңе болады» деп рұқсат берген. Бұл Асекеңнің үлкен тұлғалығын сыйлап, шығармашылығының алдында бас игендігінен болар. Ғабең мысалы «Алты атарына» кіріспе жазған. Сондықтан Асекеңнің орны мен үшін ерекше. Ол кісіні мен атам деп қана емес, үлкен тұлға ретінде қатты сыйладым. Әттең ғұмыры қысқа болды. 54-ке қараған шағында кетті. Кеткені де өмірге келгеніндей. Ауруханада жатқанында анасымен қалжыңдасатын. Анасының аузына салған ең соңғы түшпарасын жеп кете барды. Кәдімгі өмірге періште болып келіп, періште болып кетті. Орны толмас өкініш әрине. Асекеңдер қазір керек еді. Озық ой, қоғамның құлақ бұрауы үшін, иісі қазақ үшін керек еді. Артында ұл-қыздары қалды. Әсмә атты қызы бар. Әлия жеңгеміз Бөпежанова Асекеңнің артында қалған мұраларын Мұқағалиша айтқанда «шекпен жауып» қайтарып жатыр. Осындай дара тұлға, текті әулеттен тәрбие алған Қаракөздің жаман болуға қақысы жоқ әрине.
– «Даладағы қуғын» фильмінде жаны терең, байсалды адамның ролін сомдадыңыз. Ал «Гауһартаста» жеңілтек мінезді жігітті шығардыңыз. Жалпы шынайы өмірдегі мінезіңіз қандай?
–Кәсібіміз әртіс болғаннан кейін әртүрлі ролдерде ойнауға тура келеді. «Даладағы қуғын» фильмінде балалық шағын кез-келген балалардай асық ойнап, талды ат қып мінетін кезеңді басынан өткізе алмаған, Хамит сол кезеңде елім, жерім деп атқа қонған, қолына амалдың жоғынан қару ұстаған. Саясатпен уланған жастардың бірі. Ал енді «Гауһартастағы» сомдаған жігітім ауылдағы ар жағында өнері бар, саңылауы бар жастың бірі. Ғашық бола білетін, әдемілікті көре білетін, бірақ іске асыру жолын біле бермейтін сонымен шатасып жүретін жігіт. Бойында ізгілік бар. Қателесу кез-келген жасқа тән нәрсе. Бірақ ар жағында өмірге деген құштарлық, сүю дегеннің не екенін бойына дарыта білген, сұлулықты, әдемілікті тани білген азамат. Сондықтан ол жігіттің ролін мен рахаттанып ойнадым. Былтыр сол «Гауһартастың» түсірілгеніне 30 жыл толды. Сол киноны қайтадан көргенімізде көзімізге жас алдық. Жақсы кино болып шыққандығына тағы бір көз жеткізгендей болдық. Екі киноның бірін қойған, иісі қазақ киносына танымал Абдолла Қарсақбаев болса, екіншісі Шәріп Бейсенбаев ағамыз. Екеуі де менің бір ақыл айтса әкемдей, бірге жүрсек дос боп кететін сырлас, мұңдас адамдарымдай болған керемет ақсақалдарымыз. Әттең өкініштісі сол кісілердің қасында көп жүре алмадық. Қуанарлығы сол кісілердің түсірген бір-екі киносына түсіп үлгердік. Актердің шеберлігі сол – кез-келген ролді тамаша етіп шығара білу. Ол жерде бастысы сенің мінез құлқың емес, ойнаған роліңді биік деңгейде орындау.
–Актерлердің көбісі жасы келгенде режиссер болып мамандығын ауыстырып жататыны бар. Өзіңіз де… Бұл қаншалықты сәтті деп ойлайсыз?
–Жалпы жеке өзімнің пікірім жақсы актер жақсы режиссер болып кетуі де мүмкін. Бірақ ойы қаншалықты ұшқыр болғанымен киноның спецификасы басқа. Актерлықтың жолы бір қарағанда даңғыл. Өйткені бұл кәсіптің өзі – келбетің болса, актерлік кәсіпті меңгерсең, ойнайтын кейіпкеріңнің мінез құлқына кіріге білсең, оның іс-әрекетінің бәрін даралай білсең, міне осының барлығы да актерлік шеберліктің бірден-бір әліппесінің бірі. Ал режиссура – көп синтезді дүние. Ол актер үшін де ойнауы керек, ол суретші үшін салуы керек, ол киім тігетіндер үшін тігуі керек, киім суретшісі үшін киіндіруі керек, оператор үшін көре білуі қажет. Композитор үшін жаза білуі керек. Міне бұл кәсіптің қиындығы осында. Оның барлығын қосып келгеннің өзінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай бас аяғы жұп-жұмыр үлкен бір көркемсуретті дүние болуы керек. Сондықтан кез-келген актердың режиссураға бет бұрғанын қош көрмеймін. Кейде өкінішке орай ортаң қол актерлар осы салаға бет бұрып жатады. Бұл өте қиын шаруа. Қазір мен оған қазылық айтудан аулақпын.
–Кезінде театр басқардыңыз. Өнер адамдарына бастық болған қандай екен?
–Театрға директор болған кезде мен өмірі бастық боламын-ау деп ойламап едім. Ол менің қолымнан келмейтін іс сияқты болып көрінетін де тұратын. «Шағын мемлекет» – отбасыңды басқару кейде оңайға соқпай жатады. Ал бүкіл бір ұжымды басқару дегенді ойлай беріңіз. Театрдағы режиссерларымыз ауысып жатқан кезде Әмина апамыз бастаған топ ауруханада жатқан маған келіп қолқа салды: «Беделің бар, елің таниды, сондықтан театрды өзің басқарсаң» деді. Әу баста ат –тонымды ала қаштым. Бірақ екінші жағынан ойлап қарасам өзімнің шыныққан, үлкен өнерге алғаш жолдама алған ортам. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Қабырғаммен кеңесе келе театрдың басшылығын қолыма алдым. Ең бір қиын кезде қызмет еттім. Театрдың бәріне нарық деген кәдімгі жаудың оғындай болып жауып жатқан кезде, өнерге деген биліктің көзқарасы әлі жетіспей жатқан кезде қызмет еттік. Сол кезде кез-келген есікті ашу керек болды. Барған жерде дұрыстап сөйлесе білу керек болды. Қаржы сұрап спектакльдер қойдық, оның қай деңгейде екендігін кім біледі енді. Әрине кем-кетіктері де болды. Бірақ қызметке келгенде адал болдық. Ол анық. Жалпы өзімнің өнерге деген адалдығым бүгінге дейін өзімнің оққағарым болса, мені жетелеп келе жатқан осы тазалығым болар. Өкпелемей тура сөйлеуім дос жаранға деген адалдығым, адамға деген үлкен жанашырлық, осы болар менің тірегім. Кредоң не десе мен тазалық, адалдық, деп жауап берер едім. Өйткені үлкен отбасында өскеннен кейін бір-бірімізге жанашырлығымыз мол болды. Осының барлығының әсері болуы керек. Сондықтан бұл қызметтің де маған зияны болмады. Жалпы қоғами ой қалыптастырдым. Театрда актер болып ойнап жалақы алу бір басқа. Ал театрдың директоры болғаннан кейін олардың әкесі де, шешесі де өзіңсің. Олардың әрқайсысының көкірегіне үңіліп, ішкі тебіренісіне кіру, жанын түсіне білу дегенің оңай шаруа емес. Үлкен шаруаларымның ішінде ағаларымыздың атақ алуына ықпалым тиді. Қасым Жәкібаев, Алтынбек Кенжеков сынды ағаларыма Халық әртісі атағын алуына, өзімнің әріптестеріме Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі деген атақ алуына көмегім тиді. Ол бір қиын, атақты алу да саудаға салынып кеткен кезең болатын. Өкініштісі бүгін сол атақтың біразы алынып тасталды. Бұл өте өкінішті жағдай. Өйткені өнерпаз әрқашан додада жүреді. Бәсеке демей-ақ қояйын, бірақ өнерде алға сүйрейтін бір күш, қадау-қадау баспалдақтар болуы керек… Әр кезеңімен емес, әр буынымен режиссерлер театрға да, киноға да келіп жатыр. Бірақ әрқайсысының атқарар шаруасы әрқиылы. Тайға таңба басқандай дүниелер бар. Біз бұрын киноның бәріне советтер киносы деп қарадық. Киноның ішінде бір орыс болмаса, киномыз орысша сөйлемесе қабылданбады. Орыстың саясатының ықпалында болдық. Бүгінде егеменді ел болып, етек жауып, ес жиған шақта киномызда ұлттық мінез болуы керек еді. Ұлттық дүниелер арқылы ғана баяғы интернационалдыққа қайта келуге болады. Ұлтыңды сүйе білсең ғана, сен басқа ұлтты да сүйе аласың. Мінберде тұрып «мен ұлтшылмын» деп тіл, діл жайлы айқайлап жататындарды мен түсіне алмаймын. Сен мықты болсаң алдымен өз бесігіңді түзе. Өз бала-шағаң мен немереңе қазақша үйрет. Солардың бойларына қазақшылықты, имандылықты, әдет-ғұрпыңды сіңір. Содан кейін ғана мінберге шығып үн қат. Бүгінде мүйізі қарағайдай ағаларымыздың не баласы, не немересі екі ауыз қазақшаның басын қосып айта алмайды. Бірақ мінберге шығып анадай жалаң ұрандатып бедел жинауға ұмтылады. Осы өкінішті.
–Бүгінде режиссерларымыз шетелге шығып жүлдемен оралып жатыр. Басым бөлігі фестивальға арналған фильмдер десек артық айтқандық болмас. Бірақ дәл Шәкен Аймановтың кезіндегідей жауһарларды түсіріп жатыр деп айта алмаспыз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
–Өнерде онсыз бірден-бір алға басқызбайтын дүние ол – ұлттық мінезді киноларымыз. Шығып жатқан кинолар көп. Шетелге шыққаннан кейін неғұрлым күйе жағылған, басы аяғына, аяғы басына қараған кинолар болса сол кезде ғана жүлде беруге тырысады. Бірақ олар алысқа бармайды. Бұл біздің ұлтымызды мемлекетімізді көгертпейді. Олардың ғұмыры қысқа. Өйткені ұлттық мінез жоқ. Киногерлерге менің таңатын ең үлкен сыным осы. Ұлттық мінез болуы керек. Онсыз киноңыз аяққа түседі.
–Ресей актерларымен бірге түскен «Омпа» кинофильмінің бір эпизодында әлбебір бөлменің ішінде әлдебір қызбен құшақтасатын жеріңіз бар. Бұл қазақ киносына, қазақы болмысқа тым келіспейтін де сықылды. Өзіңізге осы кино ұнай ма?
– Бұл біріншіден – өнер. Қаншалықты өнер өмірден алынды дегенмен де оған ештеңе кедергі бола алмайды. Өйткені өнерде көркемдік бар. Өнерді өмірдегіден сәл жоғарылатып алу керек. Ертең эстетикалық өсиет болатын дүниелерді қалдыруымыз керек. «Омпа» деген кинода шөптің үстінде қызбен құшақтасып жату ол алғашқы сезімнің ұшқыны. Бұл азаматтар өзі киноның соңында жазады: Совет ұшқыштары болып жүріп Ауғанстандағы соғысқа қарсы шығады. Содан екеуін де бұл тізімнен сызып тастайды. Енді екеуі де ұшқыш, туысқан адамдардай болып кеткен. Содан екеуі не істеу керек? Нарық заманында өмір сүруі керек қой. Бір ұшақты жалға алып тиын-тебен тапсақ дейді. Сөйтіп жүрген кездегі жаңағы кездесулер. Сосын бұлар жас адамдар. Жастарға барлығы тән ғой. Енді жас үйленбеп пе, жас сүйіспеп пе? Ол неге қазаққа таң болуы керек? Мысалы біздің XVIII- XIX ғасырдағы композиторымыз Балуан Шолақ «Сілекейің бал» деп жырлайды. Егер ол қыздың тілін сйүмесе сілекейінің бал екенін қайдан біледі? Бұлд әрине қазақы үрдіспен қарасақ «Ойбай масқара, қыздың тілін сүйгені несі?» деуі мүмкін. Бұл жалаң, жалған ұғымдар. Жалған дүние ғой. Ол ғашықтардың арасында болатын сезімдер. Бірақ бұны эстетикалық тұрғыда қай деңгейге көтеріп көрсету керек мәселе осында. Шөптің үстінде құшақтасып жатқанның өзінде аржағында ешқандай былапыт жоқ. Екеуі де өздері туралы, келешек туралы, махаббат туралы ой қозғайды. Сондықтан мұнда ешқандай да сөкеттік жоқ.
–Кезінде «Көшпенділер» қоғамда қызу пікірталас туғызғаны белгілі. Өзіндік пікіріңіз қандай?
–Расында бұл кино қоғамда біраз пікірталастың көрігін қыздырды. Алғаш Абылайханды ағылшындар ойнайды дегенде марқұм Ақселеу ағамызбен бірге Ибрагимбековке барып «бұл болмайды. Ең болмағанда ана Оразды ойнаған жігіт түссін. Не болмаса қазақы келбеті бар Дакаскас ойнасын» деген тілегімізді айттық. Алайда фильмнің режиссері «бұлай болмайды» деп бірден кесіп айтты. Бірақ киноны көрген сайын осы өкініш өзегімді өртейді. Тек бір қазақы намыс деген болмаса бұл кино қай деңгейде ойналды, ол елді сендіре білді ме, осы жағы кемшін сияқты. Болмаса кез-келген Голливудтың, ағылшынның киносын алып қараңыз ішінде негр де ойнайды, италияндық та ойнайды. Бірақ олар киноға келгенде жіктелмейді. Неге американдық қана ойнамайды деп. Біздің Бауыржан атамызды қырғыз актері ойнады. Ал қырғыздың «Қожажақ» деген эпосындағы бүкіл қырғыздың жанын алып қалған Мұндызбай деген байдың ролін мен ойнадым. Онда тұрған не бар? Намыс басқада болуы керек. Тілге келгенде, ділге келгенде, әруақты дүниеге, ескі ұғымдарға келгенде намыс болуы керек. Біз ол жағынан намыстанбаймыз да, мынау дайын асқа тік қасық болып мінбеге шығамыз. «Өлімгек жүз қатын келеді, елуі жылау үшін, елуі сынау үшін» дегендей дүние ғой. Міне осындай дүниенің көлеңкелеу жағын көре қоямыз. Мұның барлығы да балаққа жабысқан бит. Сол айтқыштар ең әуелі өзінің намысын ойласын. Солар қазақы болмысының қай дәрежеде екнедігіне жауап бере ала ма? Сол жағын алдымен ойланып алсын. Ал кино бұл – өнер. Өнер болғанда оның аудиториясы үлкен, мысалыға сол кино көрсетіліп жатқан кезде әр киноның алдында көремерменнің алдына шығып тұрдық. Сонда бір үш-төрт кішкентай бала алдымыздан шығып, сәлемдесіп, «Аға, киноны қазір бесінші рет көргелі тұрмыз. Сондай керемет екен» деп ыстық ықыластарын білдірді. Міне киноның өзінің миссиясын орныдағаны осы. Біздің келешек ұрпақтың намысын оятып, кең байтақ жердің қазаққа бекерге берілмегендігін, бекерге тер төгілмегендігін, ата – бабаларымыздың бекерге қан құспағандығын жастарымыздың зердесіне құяды. Бұл кино тәй-тәй басқан мемлекетімізді бүкіл әлемге паш етті. Сондықтан бұл кино өзінің миссиясын орындады деп ойлаймын.
–Осы кинода Жоңғар ханының ролін сомдадыңыз. Көкейіңізде басқа рольді сомдағанымда ғой деген ой болған жоқ па?
–Әуел баста осы киноның байқауына қатыссам деп ойлаған жоқпын. Бұған ұйытқы болып ой тастаған жұбайым Қаракөз. Жасырмаймын немқұрайлы қарадым. Басында мені Әбілқайыр ханның роліне түсіреміз деді. Кейіннен грим салып, шашымды алып тастап шүйдеме тұлым қойғаннан кейін өзгеріп шыға келдім. Бірден Қалдан Серенннің роліне ұсынды.
–Осы фильмде шетелдік киножұлдыздармен бірлесе жұмыс істедіңіз. Не үйрендіңіз, неден жирендіңіз, не түйдіңіз?
–Голливудтық атақты актерлармен қоян-қолтық жұмыс істедік, қазақы мінезге сайсақ мақтануға тұрарлық-ақ. Бірақ кино өндірісі деген бұл үлкен мектепті талап ететін дүние. Олардың қаперінде қарпайым нәрсенің болмайтындығы, ұйымдастыру жағына келгенде алдына жан салмайтындықтары сүйсіндірді. Актерді, өнерпазды құрметтеуге келгенде ықыластары ерекше. Сондай құрметті көрген кезде өз басым осы кәсіпті таңдағаныма разы болдым. Басқа актерлар да сондай сезімде болған болуы керек. Соншалықты құрметке ие болып, үстімізге шық қондырмады. Бізде де актердің деңгейін арттыра білсе мерейін асырса атқарылған роль одан бетер керемет болып шығар ма еді? Киноға түсіп жатқанда осы кәсібімізді үлкен мақтаныш тұттым. Олардың құрметі кәсібімді сыйлауға ықпал етті. Ең бір кереметі де осы. Енді өнер адамы болғаннан кейін өнерді үйрен де жирен дегендей кез-келген өнер мен үшін жаныма жақын. Бірақ ол қай деңгейде атқарылып жатыр. Осы жағы кейде ойландырады. Жаныңды күйзелтуі мүмкін. Өнер деген мүбада сезім. Бұл періште болып жаратылған нәрестемен тең. Бірақ соның қадір қасиетін қашырамыз кейде. Екінің бірі «ұлы» боп жатқан кезде «сен ұлысың» деген айдар тағып, теледидарда екі клипімен көрінгенге «ойбай мынау жұлдыз» деген ой қалыптастыратын болды. Бұл өнерпаз үшін жаман болмас. Бірақ ұлт үшін, қоғам үшін бұл үлкен сынақ. Қоғам талғампаздықтан ажырайды. Кереметші мен нақтылы өнерпазды тану қиынға соғады. Көзді шел басады. Бәрі ұлы бола берген соң… Жалпы жасырары жоқ дінге салақ ұлттың біріміз. Әйтеуір сол бата бергенде қол жайғанға, бет сипағанға мәзбіз. Бірақ ар жағымызда Аллаға деген күпірлігіміз шаш етектен болуы мүмкін. Қажылыққа барып келеміз. Оны кәдімгідей кәсіпке айналдырып алдық. Қажылыққа бару жарысқа айналып кетті. Осының барлығы да адамды ойландырады. Дараланып келгенде дінге деген сезім, дінге деген шын көңілдің таза болуы керек екендігін кейде қаперге алғысы келмейтіндер де бар. Сол секілді өнерге деген талғам кемшін. Талғам әуелі ананың сүті, әкенің қанымен дариды. Талғам бір орында тұрып қалмауы тиіс. Ол өсуі, керек, тәрбиеленуі керек. Ол үшін білім керек. Сонда ғана шын тұлпар мен мәстекті ажырата аламыз. Бүгінде мәстек те тұлпар, тұлпар да тұлпар. Барлығы араласып кетті. Осы қиналтады. Дегенмен қоғам өзгеріп келеді. Бүгін қаншалықты қалталыларға өнердің керегі жоқ десек, бұл уақыт оза көкірегінде қазақы сәулесі барлар ерте ме, кеш пе бұған оралады. Өнерге деген сағыныш туады. Бірақ өнерді қабылдауда да, өнерді арқалағанда да түпнұсқа өзгермеуі керек. Домбыра домбыра болып қалуы керек. Дәстүрлі ән дәстүрлі ән болып қалуы керек. Кейбір әдет ғұрыптарымыз заманына сай сипатын өзгертуі мүмкін. Міне осы жағын көбірек ойлаймын.
– Театр. Кино. Ән. Жаныңызға қайсысы жақын?
– Бөле жара айта алмаймын. Бәрі де жақын. Ән менің құлақбұрауым. Жаным құлазыса домбырамды қолға аламын. Әнімді айтамын. Кино менің келешектегі бір қадамым. Театр да менің жанымның үлпарасы.
– Бүгінде шетелдегідей коллекция жинау біртіндеп үрдіске айналып келеді. Әсіресе бай бағландар арасында бәсекеге айналғандай. Сізді де коллекционер дейді білетіндер. Иманғали Тасмағамбетов кезінде сізге біраз коллекцияларын сыйға тартыпты…
– Өмір деген көш керуен. Сол өмірден үндестік табу бұл үлкен қасиет. Дос болғанда кәдімгі бір күндік жолдас емес, нағыз шекеден қан шыққанша деп жатамыз ғой… Осындай береке ынтымағы ұйыған төрт-бес отбасы болып араласамыз. Бір бірімізді қан тамырымызға дейін сезіп отырамыз. Бір-бірімізді көрмесек тағы жүрек соғысымызды біліп отырғандай туысқанға айналып кеткенбіз. Солардың бірі көкірек көзі ояу, бүгінде ел ағаларының біріне айналған Имекеңмен 80-ші жылдардан бері доспыз. Ол уақыт өте келе туысқандыққа айналды. Ол кісінің ата- анасының аялы алақанын көрдік. Туған-туысқандарымен де өзімнің туғандарымдай араласамыз. Кейде адам болғаннан кейін болып жататын көлеңкелі жақтарымызды бәріміз бірге бөлісіп жатамыз. Имекең өте талғампаз жан. Баяғы біздің Темірбек Жүргенов пен Ильяс Омаровтай азаматтарымыздың бірі. Айнымас мінезі бар. Өнерге келгенде өте талғамы жоғары. Халқына деген кіршіксіз махаббаты бар, еліне жеріне деген асқан сүйіспеншілігі жоғары азамат. Ол біздің жәдігерлерімізді, атадан балаға мирас болып келе жатқан жауһардай мұраларымызды зергерлік бұйымдарды жинайтын жақсы қасиеті бар. Соның бәрін жинады дағы халыққа қайта қайтарды. Қазір Алматыдағы орталық мұражайда тұр. Алғаш досымыз Талғат Теменовпен бірге «Біржан салды» түсіре бастағанда Имекеңнен біраз сырға білезіктерін алдық. Киноға түсіргенде тағайық деп. Бір эпизодта арттан қуғын шыққанда аттың үстінде шауып келе жатқан Біржанның қызды мінгестіріп алатын жері бар. Қызымыз жартылай мініп, салақтап мен қолыммен ұстап келе жатқанмын. Астымдағы атым соншалықты асау еді, тоқтамай қызымызды өлтіріп ала жаздаған жағдайымыз да болған. Сөйтіп арпалысып жүрген кезде қызымыздың құлағындағы бір сырғасын түсіріп алыппыз. Құдай жазбасын. Бәрімізде ес жоқ. Бәрін жиып қойып іздеп кеттік. Шөптің арасына түскен зат оңайлықпен таптыра ма? Бір жарым сағат дегенде әзер тауып алып, Имекеңе қайтарғанымыз бар. Ол кісідегінің бәрі көнекөз заттар, кәдімгідей сөйлейді. Үлкен әжелеріміздің, апаларымыздың құлағында, білегінде болған сырғалар, жүзіктер. Барлығы да өткен ғасырлардан, өткен замандардан жеткен қасиетті дүниелер. Өнерімізді осылай сақтасақ, қадірлесек қанекей. Өнерге деген сезім осылай болса, құлақ бұрауын келтіріп отырсақ, өнер арқалар жастарымыз да көп болады. Имекеңнің ізбасарлары да мол болады деп ойлаймын. Халық деген айна. Қай азаматтың халық үшін, ал кімнің қара басының қамы үшін жүргенін тап басып бірден таниды. Ал Иманғалидай азаматы бар ел бақытты дер едім.
– Сұхбатыңызға рахмет!