Егемен елдің жалынды жастары киелі мекенді жырға бөледі
Қасиет пен құт қонған Ертістің Кереку өңірі – талантты тұлғаларды туғызған киелі топырақ. Әлқиссасы әріден басталатын ажарлы мекенде Бұқар жырау, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты ақындар мен Естай Беркімбаев сынды қазақтың әншілік өнер майталмандары дүние есігін ашқан. Осы жерде әйгілі академиктер Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан, қазақ әдебиетінде есімдері алтын әріптермен жазылған Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов секілді алыптар туған. Қазақ әдебиетінің көшінде жүрген Олжас Сүлейменов, Мұзафар Әлімбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мүбарак Жаманбалинов, Аманжол Шамкеновтің кіндік қаны тамған тарихи өлке.
Ұлылар шыққан ұлық мекенде әдебиеттің, өнердің, мәдениеттің өресі әлі де биігінен түспей, салтанат құрып келеді. Соңғы уақыттарда өңірлік әдебиет дамудың даңғыл жолына түсті. Ұлттық өнердің ел арасында насихатталуы да жаңаша бағыт-бағдар алған. Облысымызда жас ақындар мектебі қалыптасып, өз жемісін беруде. Ақындар айтысы үнемі ұйымдастырылып, жыр мүшәйраларын өткізу дәстүрге айналған.
Осыдан төрт жыл бұрын өткен жас қаламгерлердің «Баянауыл – 2007» республикалық форумы талай жас қаламгердің танылмай жүрген талантын жарқ еткізіп еді. Жастардың «осындай шара тағы да өтсе екен» деген ізгі арманы көп ұзамай орындалып, Тәуелсіз еліміздің сөз ұстаған жастары 11-12 қазан күндері тағы да Павлодар қаласында өткен «Тәуелсіздік тұғыры» атты республикалық фестивальда бас қосты.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шараны Павлодар облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері: ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан, жазушы, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіков, Қазақстан Жазушылар одағы жастар секциясының жетекшісі, ақын, жазушы Бейбіт Сарыбай, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы, жазушы, «Қасым» журналының бас редакторы, ақын Серік Сағынтай шақырылды.
Фестивальға қатысуға ниет білдіргендердің қатары қалың болыпты. Ақтық кезеңге жолдама алған 20 жас қаламгер – жүзден жүйрік шыққандар. Бұлардың барлығы сайдың тасындай іріктеліп, әдебиет алыптарының елегінен өткен. Жалынды жырларымен, өміршең туындыларымен аға буынның ықыласына бөленген 20 жүйрік қасиетті мекенде жырдың тиегін ағытты. Жастардың шығармалары дүйім жұртты еліктіріп әкетті.
– 1970 жылдардың басында Павлодар жерінде жас ақын-жазушылардың мәжілісі өткен еді. Сол жиынға жас жазушы болып мен де қатысқанмын. Бүгінде дәл сондай жастарды көріп, толғанып отырмын. Тәуелсіз елдің жастары қандай бақытты!? Олар өзге біреудің бодандығына шырмалмай, туған жер үшін қызмет етеді. Осының өзі зор бақыт емес пе?! Жалпы, кез келген өнердің қызметі – адамды жақсылыққа жетелеп, ізгілікке ұмтылдыру. Өнерде үлкен, кіші деген жоқ әрі ол ақылмен жасалмайды. Біреудің ақылымен жүрген адам ешқашан қаламгер болмайды. Өнер – Жаратушы иеміздің теңдессіз сыйы. Ал оны жетілдіріп, елге жеткізетін – білім. Осындай мақсатты алдына қойған адамның ғана еңбегін халық бағалайды. Сондықтан жастар «біз әлі жаспыз» деп жауапсыздық танытудан аулақ болу керек, – дейді жазушы Қойшығара Салғараұлы.
Фестивальға шақырылған ұл-қыздардың бәріне осы өңірдің белгілі тұлғаларының атындағы сыйлықтар тағайындалды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің тау тұлғалары, осы жылы қайтыс болған ақындар Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев атындағы сыйлықтар да өз иелерін тапты. Айта кетерлігі, осыдан бір апта бұрын оқырманымен қош айтысқан ақын Тұманбай Молдағалиев атындағы әдеби сыйлық тұңғыш рет Павлодар қаласында тағайындалды. Осылайша, республикалық фестиваль қазақ поэзиясындағы жаңа тарихтың парағын ашты.
Фестиваль қорытындысы бойынша қарағандылық Жанат Тілегеновтің, Алматы қаласынан келген ақын Алтыншапақ Хаутайдың және алматылық прозашы Алмас Нүсіповтің жинақтары жарық көретін болды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова фестивальға қатысушылардың туындылары жинақ болып Тәуелсіздік мерекесіне дейін оқырманға жол тартады деп сендірді. Шараға шақырылған жас ақын-жазушылар фестиваль дәстүрлі түрде республиканың әр аймағында ұйымдастырылып тұрса деген ниеттерін де жеткізді.
Фестиваль аясында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен жарық көрген «Ертіс толқыны» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайы жинақтың сапалы шығуына өз үлесін қосты. Жинаққа облысымыздың бірқатар дарынды жас ақындарының шығармалары енді. «Ертіс толқыны» жас ақындардың өнердің биік белестеріне деген талпыныстарын танытып қана қоймай, шығармашылық шабыттарын шарықтата түсері анық.
Әлібек АСҚАР, ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, жазушы:
– 2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлер форумына да қатысқанмын. Қазақ әдебиетінің марқасқалары жиналған жиында мен де жастарға арнап өз тілегімді білдірдім. Сонда «Қазіргі жастардың екпіні мықты. Жас толқын келе жатыр дейміз-ау. Бірақ бұлар толқын былай тұрсын, жан-жағын жайпай өтетін цунами» деген болатынмын. Осы бір сөзім талай әңгімеге арқау болды.
Әлия ҒАЛЫМОВА, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
– Қазақ халқы – әрқашан ақындарын ардақтаған халық. Жүрек сөзін жырмен өрнектеп, жан жылуын өлеңмен аялаған ақыннан асқан сыршыл, нәзік адам жоқ болар, сірә. Ақын – өз елінің шабытты жыршысы. Сонау Естай, Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақта дарынды жас қаламгерлер өте көп. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев жар сала жырлағандай, еліміздің қаламгер жастары біздің өңірде екінші рет бас қосып отыр. Қаламның құдіретін ұққан жастарды Мәшһүр бабамыздың аруағы әрдайым қолдап жүрсін!