Егіндікөлде ескерткіш орнатылды
Ерлігі мен алғырлығы аңыз болған үш жүздің ұлы ханы Абылайдың 300 жылдығына арналған шаралар әлі толастаған жоқ. Соның бірі Ақмола облысының Егіндікөл ауданында жалғасын тапты. Мәрмәр тастан ойылған хан Абылайдың өр тұлғасы алыстан-ақ мен мұндалайды.
Биіктігі 3,5 метр болатын ескерткішті танымал сәулетші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Мәлік Жүнісов пен сәулетші Амангелді Байғатаров жасады. Ескерткіштің тұрғызылуына жергілікті кәсіпкер Әбілқайыр Ошақбаев мұрындық болған көрінеді.
Әбілқайыр Ошақбаев, кәсіпкер:
– Өткен тарихымыздың келешек ұрпаққа жетуі аса маңызды. Сондықтан осы мәселеге өзімнің аз да болса, үлесімді қоспақ ниетпен ескерткіш тұрғызуға барымызды салдық. Даңқты бабамызға жасалған бұл құрмет тек менің емес, барша халқымыздың міндеті деп білемін. Игілікті істер әрқашан қолдау табуы қажет.