«Екеуі туған екен бір анадан» немесе өнердегі ағайындылар

«Екеуі туған екен бір анадан» немесе өнердегі ағайындылар

Қазіргі кезде өнерде, әсіресе эстрадада «жұлдызды жұп» деген тіркес те жиі қолданылады әрі әйелі мен ері жұптасып, ән айтушылар да көп. Сондай-ақ біздегі кейінгі жылдары екі саланың танымал тұлғаларын жұптастыратын «Екі жұлдыз» жобасына өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Мұндай өнер жұптастырғандар бөлек те, бір ананың құрсағынан шығып, ақ сүтін емген ағайынды жандардың ішінде тек өнерге ғана емес, әдебиетке, жалпы руханиятқа тізе қосып, өле-өлгенше қатар еңбек сіңіргендердің жөні бір бөлек. Дөңгеленген дүниеде бұған мысал боларлық тұлғалар аз емес.

Әлемді аузына қаратқан ағайындылар
Бала күніңізде «Жеті лақ», «Балықшы мен балық», «Ақшақар», («Белоснежка») сек­іл­ді ертегілерді естіген шығарсыз? Міне, осы ертегілерді қағазға түсіріп, бізге қалдырған ағалы-інілі Гриммдер болатын. Ағасы Якоб – 1875 жылы, інісі Вильгельм 1876 жылы дүниеге келген әлемге әйгілі ер­тегішілер өз дәуірінің жан-жақты білім­дар ғұламаларының қатарында болды. Олай дейтініміз, ертегіден де бөлек олар скандинав аңыздары, неміс фольклорын жинақтап, неміс халқының тұңғыш құқық тарихын, неміс тілінің тарихи сөздігін құ­рас­тырған. Сонысына қарай оларды әлі күн­ге «неміс фи­лологиясының атасы» деп те атайды. Бір қызығы, олар отбасында екеуі ғана емес, бес ағайынды болған және ең кіші інілері Людвиг Гримм тіпті екі ағасынан да атағы асып, даңқты суретші атанған. Аға­ларының кітаптарын суретімен көр­кемдеген – осы Людвиг.
Егіз қозыдай екі жақтап бір саланың ба­ғын ашқан ағайындылардың тағы бірі – бе­льгиялық кинорежиссер Дарденндер. Ағасы Жан-Пьер – 1951 жылы, інісі Люк 1954 жылы туылған. Алғаш кине­ма­то­гра­фия­ға олар 1970 жылы бірге қадам атта­ған, содан бастап күні бүгінге дейін 20-дан астам фильмнің сценарийін жазып, әрі өз­дері режиссер де, продюсер де болған. Сол 20 шақты туындының ішінде «Екі­жүз­ді», «Мен сіз жайлы ойлаймын», «Розетта», «Әркімнің өз киносы бар» секілді кинолары төрткүл дүниеге кең тарап, 1999 жылы «Ро­зетта» фильмі үшін, ал 2005 жылы «Ба­лақай» киносы үшін ағайындылар екі дүр­кін Канн фестивалінің «Алтын пальма бұ­тағы» сыйлығына ие болған.
Ал енді ағайындылар өз алдына, егіз­дер болса ше? Олар тіпті бір құрсақтың өзін­де бірі ерте, бірі кеш емес, анасының бойына біткен күннен қатар өсіп-өнді емес пе? Еріксіз еске поляктың егіз ұлдары, кіш­кен­тай күндерінен-ақ бірігіп «Айды ұр­лаған екеу» (13 жасында түскен фильм­де­рінің аты) түседі. Араларына 45 минут са­лып дүниеге келген Ярослав пен Лех Качин­скийлерге тағдыр өмір бойы Поль­шаның қақ назарында жүруді бұйырыпты. Алғаш киномен жұртты аузына қаратқан егіздер кейін елдерінің саяси өмірінің жұл­дыз­ды жұбына айналып, інісі Лех тіпті Поль­шаның президенті болып көз жұм­ды.
Алашқа біткен ағайындылар
Бір анадан, бір әкеден туған дарындар қазақ­та да жетерлік... Басқа сөзбен айт­қан­да, қос бірдей өнерліні жарық дүниеге алып келген алтын құрсақ аналар бір бол­са, қазақтың аналарындай-ақ болсын! Қазақ­­тың балаларына тән қасиет – қа­шанда үлкенi кiшiсiне жол сiлтеп, бауыр­лардың бiр-бiрiне тiрек болып отыратыны. Мұн­дай қарым-қатынастың ең жарқын үлгісі ретінде әлі күнге киноларын тамсана тамашалап, «пах, шіркін, ондай режиссер, ондай тұлға қайталанбайды ғой» деп еріксіз айтатын Шәкен Айманов пен інісі Кәу­кен Кенжетаевтың арасында болғаны бел­гiлi. Бiр отбасында тай-құлындай тебi­сiп, тел өскен Шәкен мен Кәукенге шыр етiп жерге түскеннен-ақ бойларына өнер да­рып, онымен еншiлес туды десек, қа­те­лесе қоймаспыз. Бұлай деуiмiзге түрткi бол­ған олардың ұлттық мәдениетiмiзден ойып алған орындары. 90-ға толып дү­ние­ден озған Кәукен ағамыз көзі тірісінде бас­пасөзге берген бір сұхбатында: «Шәкен екеумiздiң арамыз екi-ақ жас едi, ол 1945 жылы киноға келдi де, бар ғұмырын сол кино өмiрiне арнады. Ал мен әншiлiктi мирас еттiм. Екеумiздiң ұстаған бағытымыз өнердiң екi қанаты десек те болады. Көбiсi менен «Шәкен саған өнерде ақыл-кеңес берiп, жол сiлтеп отырған шығар?» – деп сұрай­ды. Шәкен мен туралы: «Талантты, да­рынды, басында миы болса, адам бо­лады. Басында ештеңе болмаса, түкке де жа­рамайды» деген едi», – деп еске алған же­рі бар. Әсіресе «Гауһартастағы» сондай қарапайым, бірақ нағыз қазақы болмысты әке бейнесін керемет шебер сомдаған Кәу­кен атамыз негізінен киноға кенжелеу кел­ген, ал әу баста нағыз қоңыр дауысты әнші болған. Ал алғаш Кәукендей әншінің бойындағы нағыз өнерді байқап, бола­ша­ғынан үміт күттіретінін бірден тап басып айт­қан Мұхтар Әуезов болыпты. 1946 жылы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» опе­ра­сында Жанботаның рөлін орындап шыққан жас жігітті байқаған ұлы жазушы қойы­лым­ның бас режиссері Құрманбек Жан­дар­бековтен: «Мына бiр жас жiгiт қай­дан кел­ген? Жанботаның рөлiн әжеп­тәуiр ой­нап жүр, болашағы бар адам ғой деймiн өзiнiң», – деп сұрайды. Сонда Құрекең: «Ой­бай-ау, Мұха-ау, Бұл Шәкеңнiң iнiсi Кәукен ғой. Бiзге жақында армиядан кел­ген», – депті. «Е, олай болса, Құрмаш, сен­дер­де жас әртiстерiңнiң өзi қазiр аз ғой. Осы жастарға жәрдем берулерiң керек. Қол­дауың керек. Өсiруiң керек. Мына бала­дан бiрдеңе шығады-ау деген ойым бар», – дептi Мұқаң.
Осы толқынның соңын ала өнерге кел­ген тағы бір ағайындылар – Досхан мен Ерік Жол­жақсыновтар. Театр саласына да, киноға да қызмет етуші ағалы-інілі екеуінің бірге түскен киносы да бар. Көрген шы­ғар­сыздар? «Қош бол, Медеу!» фильмінде Роза Рымбаева Әлия Мұратбаева және Рау­шан сынды екі бірдей әпкелі-сіңлілі қыз­ды сомдағанда, соларға ғашық ағайын­­ды екі жігіттің үлкенін – Досхан, кіші­сін Ерік Жолжақсынов ойнаған еді ғой. Ағайынды екеу, міне, содан бері өнерде қатар жүріп қана қоймай, оған айтарлықтай үлес қосып жүргеніне оқырман, өздеріңіз куә. Бір қызығы, бауырым екен деп Досхан ағасы Ерік інісін ерте бермейді, яғни бұра тартатынға ұқсамайды. Мәселен, Досхан аға­мыздың режиссерлігімен түсірілген «Біржан салдан» Ерік Жолжақсыновты көргеніміз жоқ. Осының мәнісін сұраған бір журналистің сұрағына Ерік Жол­жақ­сы­нов: «Киноға актерлер таңдауға және тағы да басқа жұмыстарға араласқаным рас. Ағам Досханның өзі де: «Неге сол киноға түспедің?», – деп сұрап қояды. Біріншіден, «Бір­жан салдың» түсірілімі «Прыжок Афа­лины» фильмінің түсірілімімен қатар жүрді. Болат Әбділманов екеуміз қалжыңдасып жү­реміз. Оның айтуынша, Досхан: «Ерік Жол­жақсынов менің актерім емес», – депті. Кейде ағама: «Сізді жамандап сұхбат бере­мін. Мені бір рөлге шақырмадың...», – деп қал­жыңдаймын. Екіншіден, ол кісінің ак­тер­­лері өзінде болғандықтан, «Біржан сал­дың» сценарийін жазып отырғанда ав­тор ре­тінде де, режиссер ретінде де маған сай образ көрмеген болар. Мен оған рен­жі­мей­мін. Егер қалайда мені басты рөлге тық­­паласа, кино сәтсіз шығар еді. «Мына рөл­ді маған берші» деп айтқан жоқпын. Себебі мен ол кісінің режиссерлік көз­қа­ра­сын сыйлаймын», – деп жауап берген. Міне, туыс пен тұрмыс деген ұғымнан өнер­­ді биік бағалай білетін бауырлар осы­лай десе керек-ті.

Түйін
Ағалы-қарындасты Рамазан, Сандуғаш Стамғазиевтер, ағайынды Мұрат, Талғат Әбуғазылар, апалы-інілі Алтынай, Талғат Жорабаевтар т.б өнерпаздар баршылық, шүкір, саусақпен санап тауысарлықтай ғана емес. Мақсат – оларды санамалап, статистика шығару емес, өмірде кездесетін осындай да бір тылсым құдіретке бір сәт ой жүгірту. Бір ана, бір әкеден туғанымен, өмірге деген көзқарас, мақсат-мүдделері бір арнада тоғысып, бір үміттің отын жағатындар сирек ұшырасады. Немесе арман-мақсат бір болғанымен, қарым-қабілет бірінде болса, бірінде болмай қалуы мүмкін. «Бір атаның баласындай» деп қазақ текке айтпаған. Бұл сөз татулықтың, бірліктің жарасымдылығына тәнті болғанда айтылады. Ал тура мағынасында, бір үйдің екі бірдей баласы бір қолдың саласындай өмір бойы бір істің басында жүруі – Жаратқанның оларға берген сыйы. Жалғыз жүріп кейде адам өз ісінің бір жағына жетсе, екінші бір жағына жете алмай, «қап!» деп жаны қысылып та қалатын кездері аз болмайды. Сондайда бауырлардың қатар жүргені, бір-бірінің ойындағысын айтпай түсініп, істі бір қолдан шыққандай қылып, өте шебер орындағаны қандай тамаша!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста