«Екі жұлдыз» Р. Рымбаеваның шығармашылығына арналады
«Қазақстан» ұлттық арнасының «Екі жұлдыз» жобасы алдымыздағы сенбілік кешін қазақ эстрадасының аңызына айналған Роза Рымбаеваның шығармашылығына арнамақ. Бұл – жайдан-жай емес, әйгілі әншінің туған күніне орай қолға алынып отырған шара. Және мұндай кеш тележоба тарихында бұрын-соңды болған емес.
Ән кеші Халық әртісінің репертуарындағы ел арасында кең танылған әндерінен және жұлдызды жұптардың ақ тілектерінен құралып отыр. Әйгілі әншінің есіміне байланысты бұл түсірілімде раушан гүліне көбірек орын беріліп отыр. Мерекелік думанды Халық әртісінің өзі ашып беріп, артынша жүргізушілер мен жұлдыздар туған күн иесіне раушан гүлдерін сыйлайды.
Ал қазылар алқасында әншінің 60-тан астам әніне сөз жазған ақын Иран Ғайып, сондай-ақ 1976 жылдың сәуірінде «Гүлдер» ансамбліне Роза Қуанышқызымен бір күнде, бірге қабылданған әріптесі Сембек Жұмағалиев, әншінің сүйікті орындаушысы әрі шәкірті Мәдина Сәдуақасова және өзі отырады.
Ринат Малцагов пен Динара Қайырова Розаға арнап жазылған Раймонд Паульстің «Любовь настала» әнін орындамақ, ал бұл әннің әнші үшін маңызы зор, талай керемет шақтарды еске түсіріп, жастық шақпен қауыштырарлық құдіреті бар, сондықтан қазақтың Розадай әнші қызы көзіне жас алуы да ғажап емес.
Кеш Роза Рымбаева әндерінен құралатынын айттық, ал нақтырақ:
1. Болат Құсайынов пен Гауһар Қаспақова – «Бипыл»;
2. Ақжол Мейірбеков пен Бағдат Сәмединова – «Куә бол»;
3. «А-Лау» дуэті – «Құс жолы»;
4. Жанболат пен Жазира – «Керім-айдай»;
5. Ринат Малцагов пен Динара Қайырова – «Любовь настала»;
6. Дастан Оразбеков пен Айқын Төлепберген – «Атамекен»;
7. Ербол Шәріп пен Жеңіс Ысқақова – «Кешікпей келем деп ең».
Олай болса, оқырман, осы сенбіде, сағат кешкі 19.30-да «Қазақстан» ұлттық арнасынан дүлдүлдер додасы «Екі жұлдыз» жобасын тамашалаңыз!