Э.К.Пекарскийдің «Якут тілі сөздігі» - қазақ тарихы мен этнографиясының көне қоймасы

Э.К.Пекарскийдің «Якут тілі сөздігі» - қазақ тарихы мен этнографиясының көне қоймасы

 Бүкіл Россия ғалымдары мен қоғам қайраткерлері саха немесе якут аталатын халықты барлық Сібір этностарының ішіндегі ең ақылды, қабілетті, дәстүрі бай, Сібірдің басқа түркілеріне қарағанда жаратылысы бөлек ел деп таң қалады. Бұл жай сөз емес, өте маңызды баға. Әрі осы күнге дейін оларды зерттеген Россиялық этнолог ғалымдар «сахалардың мемлекетшілдік, мемлекетқұрушылық қасиеті басқа сібір халықтарынан әлдеқайда артықтығы таңқаларлық қасиет, бұл якут феномені, бұл оларға қайдан келген, бұл не деген «жұмбақ халық» деп баға береді. Қазіргі күні Саха республикасының халқы бір миллионға жетпейді, оның ішінде саха ұлты 470 мың, орыстар 330 мың, ал ие болып отырған территориясы әлемдегі ең үлкен әкімшілік территория, Россияның бестен бір бөлігі, көлемі Қазақстаннан үлкен.
Мәселе сахалардың алып жатқан жер көлемінде емес, бізді саха халқының тарихы мен этнографиясы және қазақ пен саха халықтарының екі арасындағы жалғастық қызықтырады. Орталық Азияның қиыр солтүстігіне сахалардың ата-бабасы, бертіндегі Совет Одағы мен патшалық Россия уағынан әлдеқайда бұрын келгені анық. Біз бұл көші-қон тым ерте заманда болды деп есептейміз және олардың ата-бабаларын Жиделібайсын мен Жетісу арасында тұрған жерінен Түрік қағанаты басшылары осы заманнан мың жарым жыл бұрын еріксіз көшіріп әкетуімен байланыстырамыз. Кейін сахалар жылжи-жылжи барып Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі жерге ие болды, ақыры солтүстіктегі жалғыз жылқылы ел мемлекетін құрды. Біз осы тезисті дәлелдеу үшін атақты Э.К.Пекарскийдің «Якут тілі сөздігін»[1] пайдалана отырып қазақ пен саха арасындағы тарихи-этнографиялық ұқсастықтар туралы әңгімемізді бастаймыз.
Ең басында XVI ғасырда Сібірді жаулаған казак-орыстар оларды Алтын Ордадан бөлініп келген елге ұқсайды деп хабарлаған екен. Бұл, әрине, Алтын Орданың жауынгер жасақтарының басым көпшілігі қазіргі қазақ руларынан тұрғанын ескерген адамға сахалардың қазақтарға өте жақын екенін көрсететін мәлімдеме болатын. Тек сахалардың Солтүстікке Шыңғысхан заманнан әлдеқайда бұрын, өте ертеде келгендігі Россия ғалымдарына түсініксіз болды.
Ең бірінші якуттің тілі мен тегіне назар аударған 1695 жылы Сібір арқылы Қытайға сапар шеккен Голланд елшісі Эверт Исбрант Идес болды. Одан кейін айдаудағы соғыс тұтқыны швед Ф.И.Страленберг якуттың тілін, тарихын тереңірек зерттеген екен. Бұл елдің аты Цин Цаха, немесе Синн Саха, ал оның мағынасы Шын Сақа, Нағыз Сақа, Согот – жігіт, ер, Цин Соготох – нағыз, ер жігіттер дегенді білдіретінін түсінген ғалым олардың анық кәдімгі тарихтағы атышулы Орта Азиялық сақтар екенін жазып, тек, мұнда, Сібірдің қиян шетінде қайдан жүргеніне таңданған екен.
Өкінішке орай, дүниежүзінде әйгілі сақ мәдениетін жасаушылар үндіевропа тілді халық, түріктерге еш қатысы жоқ, ал, мына Саха елі сол сақтардың тек атын ғана алған ел деген тұжырым қалыптасып алған. Бұл тұжырымға келгенде еуропалықтар тым бірауызды бола қалады, ал өзімізде ол ғалымдарға әлемдік деңгейде, өз тілімен тартысқа түсіп, дәлелдерімен тойтарыс беретін ғалымдар болмай тұрғаны қынжыларлық. Оның үстіне, көбіміздің орыс тіліндегі материалдарды ғана оқып, соған байланып қалғандығымыздан ой-санамыз солардың көзқарасының шеңберінен кете алмай тұр. Сонымен бірге, біздегі кейбір жазғыштарда, біреу бір тұлғаны жаза бастаса, ол анау рудың деңгейін көтеріп кетеді деп қызғанып, жоқ, олай емес, бұл рушылдық деп көріне дауласа кету де бар. Бұл жалпы қазақтың деңгейін көтеретін дүние екенінде «білгіштердің» шаруасы болмайды. Газеттерде де үстірт жазылған мақалалардың орын алуы бар. Ал, оларға ғылыми орындар қатесін көрсетіп төрелік айтпайды.
Негізі, сақа елі жөнінде шын мәнінде толыққанды зертеулер жүргізген, бұрмаламай фактілерді дұрыс қалпында берген, еңбектерінде шындықты жазған, олардың кәдімгі атақты сақтар екенін атап көрсеткен ғалымдардың ішіндегі ең елеулілері Н.Аристов, Э.Пекарский мен Г.Ксенофонтов болды. Соңғысы осы үшін 1937 жылы халық жауы ретінде атылып та кетті.
Мысалы, ұлты поляк, лингвист, этнограф, фольклоршы, СССР ҒА-ның құрметті мүшесі, әйгілі 3 томдық «Якут тілі сөздігінің» авторы Э.К. Пекарский (1858-1934 ж.) патшалы Россия уақытында 1881 жылы Якут еліне айдауға жіберіліп, Боотур ұлысында 20 жыл тұрды. Өзі жер ауып жүріп, 1887 жылға жеткізбей 7 мың якут сөзін жинаса, одан кейінгі 11 жылда – 20 мың, ал 1930 жылдарға қарай 25 мың сөз жинап, теңдессіз якут тілі сөздігін жасап шықты, бұл үлкен жаңалық еді. Оның алғашқы кітабы 1907 жылы бастырылса, толығымен 1925 жылы шықты. Ол сөздікке якут елінің ертеректегі, әлі өзгерістерге көп түсе қоймаған және якуттардың бәрі дерлік өз тілдерін еркін білетін уақытындағы бай сөздік қоры кірді. Э. Пекарский оны орыстардың әлі қаптап көшіп келе қоймаған, яғни орыс сөздері қолданысқа қазіргідей көлемде кіре қоймаған уақытта, үлгеріп жазып алып қалды. Ол кездерде тіпті Якутиядағы казак-орыстардың өзі якутше сөйлейтін еді. Ал, ғалымның өзі бір жаққа бұрды дейтіндей, саха да емес, сахаляр да емес, (орыс пен якуттың буданы), сібір түркісі де емес, орыс та емес, тіпті басқа ұлт - поляк еді.
ХІХ-ХХ ғасырдың басын орыстың императорлық географиялық қоғамы біршама оң жұмыстар атқарып жатқан патшалық Россия уақыты болатын. Тарих ғылымын саяси құралға айналдырып, пантюркизмнен қорқып, түрік тектес халықтардың барлығының тарихын бұрып жаздырған совет билігі әлі жоқ еді. Революцияға дейінгі Ресейде түрік елдерінің тарихтарын зерттеу Американы ашқандай жаңалық болып саналды. Ол тың дүниелер болғандықтан, немен салыстырып өзгертеді? Сондықтан да не материал кездесті, солай жиналды, бәрі сол қалпында жазылды. Ал, бұрмалау осы дайын материалдарды оқып, одан саяси астар тауып, түркі тарихының ауқымы мен маңызын түсінген соң барып совет заманында басталды.
Мысалы, Э.Пекарский мен «Сөздікке» түсініктемелер жазған қаншама атақты түріктанушы ғалымдар саха тілін орысшаға аударғанда әр сөздің түркінің қай тіліне ұқсайтынын көрсетіп отырыпты. Сонда ең көп ұқсастық қазақ сөздерімен екен. Ол уақытта, әрине, оны «киргизский язык» деп, ал қазіргі қырғыз тілін, арасын айырып, «каракиргизский язык» деп көрсеткен. Э.Пекарскийдің бұл «Словарь якутского языка» кітабының [1,I –XVIII б.] «Алғысөзінің» (Предисловие) ең соңында «Сокращенія словарныхъ терминовъ, а также некоторых другихъ словъ» деген тақырыпта, салыстырған 22 ұлттың тілін көрсете келіп, «кирг. – киргизское наречіе», « ккирг. – каракиргизское наречіе» деп атап жазып қойыпты. Бұдан біз қазақ пен қырғызды жақсы айырып тұрғанын көреміз.
Сондықтан, бұл еңбектің ең кереметі мұндағы сөздерден, ұғымдардан Сахалардың ең бастапқы ұлттық бейнесін көруге болатындығы еді. Онда ежелгі көне аңыз-ертегілер мен ұлттық эпос-жыр кейіпкерлерін және осы күнге дейін келе жатқан әдет-ғұрыптар туралы деректерді, тіпті онда олардың қай түркі тайпасынан шыққандығын, руының атына шейін кездестіруге болады.
Сол себепті де, ұлы ғалымның 1881 жылы өзі жазған «Язык племени – это выражение всей его жизни, это музей, в котором собраны все сокровища его култьурной и высшей умственной жизни» (Тайпаның тілі – оның бүкіл болмысының көрінісі, оның мәдени және жоғары саналы өмірінің бар қазынасы жиналған музейі) деген сүйікті нақылы эпиграф ретінде оның осы «Якут тілі сөздігін» жасауға арнаған 50 жылдық жұмысының туы болды. [1, Предисловие.]
Бұл жерде айта кететін бір-екі жайт бар. Мысалы, Америка үнділеріне, сендер осыдан 12-25 мың жылдар бұрын Азиядан Беринг бұғазы арқылы келдіңдер, сендердің қандастарың Алтай тіл семьясындағылар деген сөз, музейлерінде картасы сызылып тұрса да, сендер де тұрғылықты емесіңдер деп көздерін шұқығандай сезіліп, осы жерлер үшін қаншама қан төккен оларға ұнамайды екен. Өйткені, негізгі мекені басқа елде қалып қойған кезкелген тайпа оларды ешкім қуып жатпаса да келімсек боп сезінгісі келмей, өздері ығыстырып шығарған бұрынғы елдің тарихын жоққа шығарып, бабаларымыз осы жерде жаратылып, мамонт аулаған, сондықтан, сол жерден табылған мүрделер мен тарихи ескерткіштер біздің бабаларымыздыкі деуге әуес боп, даукестеніп тұрады.
Сол сияқты Саха елінде де Э.Пекарский сөздігін қабылдағысы келмейтіндер де кездеседі, әрі басқа жаққа бұратындар да бар. Оның үстіне, мың жарым жыл ішінде сақаларға қазақтан барып қосылған ешкім жоқ, оларды тек Сібір халықтары мен орыстар ғана толықтырып отырды. Солармен қаны араласты, бірге өмір сүрді, тіліне, ғұрпына толған өзгерістер кірді. Бір-екі ғасыр ғана араласқанда қалмақ пен қырғыздың біздің түріміздегі монголоидтық пайызды қаншама көтеріп жібергенін ескерсек, қазіргі Саха еліндегі сібірліктердің мыңжарым жылда қалыптасқан пікірінің де елеулі екенін түсінеміз. Олар Саханың түбі Алтайдан, Байкал маңынан шыққан, тіпті Якутия жерінің өзінде жаратылған деп те өздеріне тартады. Бұл кейбіреулерге ұнайды.

Э. Пекарский «Сөздігінде» кездесетін қазаққа тән дәстүрлер мен ұғымдар туралы
Сақа елінің ауыз әдебиеті «Олоңхо» деп аталады. Ондағы жыр-аңыздарда қазаққа тән мазмұндар, кейіпкерлер, теңеулер, нақыл сөздер, тіпті нақты деректер көптеп кездеседі. Олардың өздерінің шығу тегі туралы аңыздарының қазақтың «Алтын сақа» сияқты ертегілерінде кездесетін қиял-ғажайып оқиғалармен сабақтастығы бар сияқты. [4]. Есіктен табылған сақ ханзадасы «Алтын Адамның» атын «Алтын Сақа» деп айсақ та қателік жоқ. Өйткені, Жетісу өлкесін бұрын сақтар жайлағанын тарихтан білеміз. Оған табылып жатқан ескерткіштер де куә. Ал «Эллей батыр туралы» (А.П.Окладников «Элдей» деп атайды) басты аңызы Мәшһүр Жүсіп атамыздың кітабындағы Алтай батыр туралы аңызбен өте ұқсас екендігін қазақ тарихшылары жаза бастады . Ғылыми мақалалардың бірді-екілісі Саха елінде де бастырылып шығарылды [5, 185-196 б.].
Бір қызығы, осы «Сөздікте» Балхан, Арат-Байақал cөздері кездеседі. Балхан [1, с.356] жалпы толқынды (бұлқын) білдіреді, сонымен бірге, теңіз батыры, теңізден шыққан батырдың аты деп те аударылады. Мысалы, «Биэ уол Балхан»[1,с.356] деген сөз теңіз батыры мен биеден туған ұлдың, яғни сиқырлы да құдыретті Жауыз алыптың аты. Осы, теңізге қатысты Балхан сөзі Балхаш көліне байланысты сақталған сияқты және Балхаш бойындағы елдің аттың құлағында ойнаған шабандоздығы соншалық, тіпті жылқыдан жаратылған деп отыр. Ал, атқа тақымы жабысып қалған бабаларымыздан шошыған европалықтардың оларды Кентавр (Ат-адам) деп аңыздық бейнеге айналдыруларына осы «Биэ уол Балхан» ұғымы да негіз болуы мүмкін.
Сахалар көлді куөл, ал теңізді байақал, байқал (Байкал) деп атайды. Ал, Арат-Байақал [1,с.138] сөзін Арат-море (въ песняхъ и сказкахъ) деп аударып былай түсініктеме береді: «...которое есть край или подножье земли и под западную сторону которого солнце, закатываясь, скрывается; Арат-балыкъ – имя сказочного абасы». Абасы деген сақаларда мифтік жамандық, жауыздық бейнесі, зұлым жын.
Бұл Арат-море дегені анық Арал теңізіне келеді. Оны сол уақыттардың өзінде көл демей теңіз деп атағаны да қызық. Оның үстіне, Арат-море-нің батысында күн батады дегені де ғажап, ол сақалардың кезінде Арал теңізінің оңтүстік-батыс, шығыс жағында тұрғандығынан белгі береді. Яғни, теңіздің арғы бетіне, батыс жағына күн жасырынады, батады, ол жердің шегі деп тұр. Сонда олардың отаны Жетісу, қазіргі Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы, Арғу-Талас (Тараз), Талас өзені аңғарлары, Алатау өлкесі болғанын көрсетіп тұр. Сонда осыдан екі мың жылдардан бұрын сақалар (якут) осы өлкелерді жайлаған болса, онда әлемдік ғылымда сол жерлерден табылып, сақ мәдениеті деп танылған ескеткіштер осы сақалардан қалған болып шығады.
Ал, осы өлкелерден Шу өзені аңғарына шығып, одан Алашаханның жайлауы болған Арқаның Ортау, Қызылтауына, аталықтар елі Ақтау, Атасу өлкесіндегі алып мыс кеніштеріне дейінгі аралықтағы Бетпақтың небір шөлін кесіп өтетін Хан жолы деген атауды сақалардың осы күнге дейін естерінде сақтап қалғаны, әрі оны сақалардан басқа Сібірдегі түркі елдерінің білмейтіні де елеулі нәрсе.
Бұл атау Сөздікте «Хан-суол – царь-дорога» [2, с.2342 ], «Хан эртык (суол) – царь-проходъ, царь-дорога» [3, с.3295], «суол-хан» [3, с.3296], «аартык, немесе эртык, эттык - 3) путь, дорога, проходъ, переправа» [1, с.152] - деп берілген.
Осы ұлы жол тым ерте замандардан бері неолит төңкерісін жасауға сеп болған деп есептейміз. Ол әуелі осыдан он мыңдаған жылдар бұрынғы жайылым іздеп Бетпақ даланы кесіп өтіп жүрген жабайы төрт түлік малдың миграция жолы, кейін «Алаша хан жолы», Абылай хан кезінде қысқаша «Хан жолы» атанған еді. Оны патша заманында Бетпақ дала арқылы өтетін керуен жолдарын зерттеген Ю.Шмидт[8], академик Ә. Марғұлан да еңбектерінде [7, c.20-42] жақсы талдап жазды. Қаратау өңірінің халқы әлі күнге дейін меридиан арқылы жүретін бұл жолдарды Ұлы жол деп атайды.
Ал, барлық негізгі металл аттарын (түркі тіліндегі) Сібір өлкесінде тек осы сақалар ғана толықтай біледі. Тіпті ежелгі мәдениет отаны деп есептелінетін Алтай өлкесіндегі халықтардың өзі бұл атауларды толық білмейді, яғни неолит төңкерісінің ол жерден емес, Орталық Қазақстан жерінен басталғанын бұл да көрсетіп тұрған сияқты. Біздің ойымызша сақалар бұл атауларды біздің жерімізден алып кетті. Мысалы, жездің, қалайының, мыс пен темірдің, болаттың, шойынның қазақ жерінен Атасу-Нұра мәдениеті кезеңінде алғаш өндіріліп, әлемге сол атпен тарағанын Ә.Марғұлан дәлелдеп жазғанын білеміз. Бүкіл әлемнің кейінге дейін мысты жез деп атауы, оның қысқа мерзімде емес, өте ұзақ, жүздеген, мыңдаған жылдар бойы бір-ақ жерден, Орталық Қазақстан жерінен шығып, саналарына солай сіңгеннен-ді.
Сақалар жезді «дьес»[1,c.816], алтынды «көмүс алтан» [1, с.82], қызыл мысты «дьес алтан[1, с.82]», сары мысты «үрүң алтан[1, с.82]», мысты «алтан»,[1, с.82] күмісті «көмүс»[1. c.1114.], темірді «тімір»[3. c.2672], қалайыны «ұрұң хорғолджун»[3,c.3500], ал қорғасынды «хара хорғолджун»[3,c.3500], деп атайды. Осыдан Қорғалжын сөзінің де төркіні көрініп қалады. (Арқада қариялар еріп, балқып, толықсып тұрған үріңдей екен дейтін.) Әрі, ертеректе осы жерде қалайы кеніші болды ма деген де сұрақ туындайды. Қола алу үшін қалайының ең қажетті компонент екені белгілі. Онда Қорғалжын - қола дәіріндегі стратегиялық маңызды кеніш орны болуы мүмкін.
Осы жерде «Сөздікте» кездесетін қола дәуіріне келетін тағы бір мысалдарын келтіре кетейік:
«Джесін-Турэхай [1,c.817] – имя придорожного духа», яғни жүргіншіге жолда кездесуі мүмкін бәле, біздіңше жезтырнақ. «Джесінкей [1,c.817] – имя демонской старухи». Мұнымыз Жезкемпір, Жалмауыз кемпір, өйткені Дьэс, Джес, Дjэс (кирг. - дьез) [1,c.817] – красная медь, жез, ал кей – әйел, кемпір, кейуана. Қазақта Қаныкей, Тінікей, күн астындағы Күнікей сияқты ертегіде кездесетін әйел есімдері болған.
Бөрө-Джэсік [1,c.817] – имя одного из боговъ. Жез Бөрі!
Бөрө [1,с.523] -- волкъ, бирюкъ; «волкъ считается однимъ изъ шаманскихъ животныхъ и поминается въ заклинанияхъ». Тоғус бөрө уол – тоғыз бөрі ұл. [1, c.14]. Қазақ та мықты жігіттерін бөріге теңемеуші ме еді?Ұлдарының бәрі қасқыр, немесе, ұлдарының бәрі шетінен көкжал бөрі боп туған, көк (аспан) тектес Көкбөрі, бөрілі байрақ демей ме?
Мысалы, гректердің өгізді құдырет тұтқан заманында Критті қорғайтын Талос деген алып Қола-Өгіз туралы аңызы бар. Ал, мынау Бөрө-Джэсік ұғымы болса, бөріні киелі санаған бабаларымыздың киетегі -- Жез-Бөрісі. Бұндай ұғым тек жез киік, жез қанат, жез марал, жез мұрт, күміс көмей-жез таңдай, жез құман, жез бауыр, жез табан, жез бұйда, жез тоға, жез шылапшын, Жезді, Жезқазған, Жезкент сияқты сөздері бар жерден шыққан елде ғана болары хақ. Ал, көмүс көмөгөй (күөмэй) [1,c.1139] дегені де тамаша-ақ! Сақаның Отанын осыдан артық не көрсетеді?Күміс көмей-жез таңдай деп өнерпаздарымызды мадақалап тұрған қазақтан басқа түркі халқы жоқ. Бұл сөз тіркесі, осындай тамаша теңеу сонау көне Арқа кеншілері заманынан қалғаны анық көрініп тұрған жоқ па?
Тімір Джэсінэ-бухатыр [1,c.817] – имя абасы богатыря.
Муосэн[2, c.1636] – бұл шамандардың, әсіресе әйел шамандардың дуалау ойындарында көмекке шақыратын жыны, жауыз бәлесі. Біздіңше мыстан. Соххор муосэнді, яғни жалғыз көзді (соқыр) мыстанды шаман әйел (сиқыршы) ертегідегі батырды қолына түсіріп, тиіп алу үшін құдалыққа жұмсайды екен. Ол негізі торғай түрінде ұшып келеді-мыс.
Осының бәрі неолит кезеңінде металды алғашқы меңгергендерден, қолдарында жез пышағы, семсері барлардан қорыққандардың шығарған аңыздық қорқынышты бейнелер болса керек. Бетпақ дала арқылы жайылым іздеп, қиыр солтүстік пен оңтүстік арасында жыл он екі ай шұбырған жабайы төрт түлік малдың соңынан жыртқыш қорқаулар мен бөрілер және адамдар қауымдары ерді, аулап ұстады, қолға үйретті. Ал, олардың жақын маңдарында алыстан торып, ауылдағы қатын-баласына кейде шабуыл жасап, ғылымда неондарталец атанған жабайы адамдар – кісікиіктер, албастылар, сақаша чочына-гииг (кісі-киік), абаасылар жүрді. Ол аңыздық бейнелердің бәрі малды да, металды да, егінді де алғаш меңгерген, өмірі қызу қайнаған Орталық Қазақстан алқабында туған еді. Осы әңгіменің бәрін сақалар осы өңірде тұрған заманынан, өздері «мәңгі жаз, көк шалғынды, күні батпайтын, айы солмайтын, құсы кетпейтін жер еді» деп армандайтын отанынан алып барып тұр.
Енді сақа ертегілеріндегі этнографиялық деректерге келейік.
Ертегілерінде алыптар үйге кіргенде әйеліне «кісінің исі шығып тұр», немесе батыр «мен алыппен үш күн алысармын, одан кейін келмесем қаша беріңдер, ол мерт болғаным» дейді. Батырлардың әйелдері күйеулеріне жаулық жасап, жаудың көңілдес батыры келерде садағын ала алмасын деп, күйеуінің қорамсағына желім құйып қояды. Қазақ ертегілерінде күйеуінің, не ағасының ойнаған болып қолын байлап қояды, осал жерін айтып қояды.
Қалыңмал төлеу, жесір дауы, кініттің (келін) күйеуінің ағаларына, әсіресе атасының алдында көлбеңдеп көріне бермеу, жалаңаш денесін көрсетпеу, басына байлам тартып, оны желкесіне түйіп қою салттары оларда тәңірлік заманынан бар екен [1, с.1094]. Сақаларда келін отқа май құймайды, шақпақ таспен от тұтатып, жағады. Осы үйдің отын енді ол жағады деген ырым. Келін күйеуінің үйіне келіп отты жағар алдында бірге еріп келген келіннің үш туысы аттан түсіп, ошақтың алдына малдас құрып отырады, сол кезде оларға шарамен қымыз ұсынылады. Олар қымызды ішкен соң алғыс айтып (бата беріп) орындарынан тұрады, содан кейін барып келін от жағады. Сақаларда «бата» сөзінің орнына алғыс деген сөз жүреді, бұл қазақ пен сақаның ислам келмей тұрып бір-бірінен ірге ажыратқанын көрсететін белгі.
Садақа [2, c.2021] -- қойылуға (хойлуга)сойылған малдан бөлек, жұмыскерлер мен туыстарға бөлініп берілетін мал.Оны кісі өлген үйде жемейді, қолын қолдай, санын сандай қылып, тұтастай, сүйегін сындырмай бөліп береді. Садақаға 8-9 бас иал сойылады. Г.В.Ксенофонтовтың жазуынша: Садага [6, с.269]— название обряда и скота, убиваемого на поминках. Мясо скота частью съедали на месте, оставшуюся часть делили между собравшимися.
Йэс -- долгъ, заемъ [1,c.898] деп қарызды, берешекті айтады, ал, Йэсір - (стать должникомъ) [1,c.898] -- мойнында қарызы бар адам (қалың малы төленген). Сондықтан да ол бөтенге кетіп қалса, қуғын, жесір дауы басталады, мойнында қарызы бар кісі қашып кетті деп қуады. Қазақ ертеде тұтқынға түскен адамды да жесір (орыс деректерінде-ясыр) деп атағанын еске түсірейік.
Хара-Уол [6,c.100] – бұланды қолтығына қысып әкетіп бара жатқан алып аңшы. Хара-уол деген аңызда сахалар оны көреді, бірақ тиіспейді.
Атыкай [1, с.198] – дәнді сабанынан айыру үшін қолданылатын төртбұрышты, түбін жаңқалардан жасап, арасын саңылаулап ашып қойған елеуіш. Бұл мысалдар Атығай мен Қарауылдың аттарына қатты ұқсайды.
Батағай[1, c.402] – название наслега», елді мекен аты, Ботай, Ботағай, Бытығай қоныс, кесене аттары сол заманда бар мекендер екені байқалады.
Құралай-бэргэн (мэргэн) [1, c.1241] – бог охоты и промыслов, один из лесных духов, позволяющий метко попадать. Яғни бұл қазақ ертегісіндегі кәдімгі құралайды көзге атқан Құралай мерген.
Куо [1,c.1220] — 1)красивый, Куо куjах – красивая кольчуга; 2)красавица, неженка, приставка к именам былинных красавиц. Мысалы: Алан куо, Айталын куо, Нуоруллан-куо ж.т.б..
Құба [1, c.1186] – лебедь-кликунъ. Мысалы, құбан, құман, қуаң. Негізі, куо мен құба екеуінің түбі бір сөз сияқты. Ақша жүзді, ақ маңдай, аққұба өңді, ақ бетіне күн тимеген деп сұлу қыздарды мақтамай ма? Қара жүз, қара маңдай демейді. Сондықтан, ақ деген әдемі, ал, Алан Куо дегеніміз – ақ жүзді, әппақ Алаң, Алаң Құба, Алаң қуаң, Алаң Қу (Аққу) болады.
Осыған байланысты бір ой туады. Қуаң демекші, Арғындардың ең ірі, әрі басты руы Қуандық аты да жүздері қуаң, ақшыл жүзді деген баламаға ие болуға тиісті. Эфталиттерді грек тарихшылары ақғұн деп жазғанда, осыдан да алуы мүмкін. Үндіевропалық тілді халықтардың өкілдері қазақ сөздерінде екінші дауысты дыбыспен қатар келе беретін «у» дыбысын тілі келмегендіктен, көбіне айта алмай, «б», не «в» дыбыстарымен алмастырып айтады. Мысалы, Уәлиханов – Валиханов, Көкшетау – Кокчетав, Кереку-Коряков, Сарытау – Саратов, Азау – Азов, Кей-Қуат – Кави-Ковад, сол сияқты Қуаң – Кубань, немесе Куман, Кумандинцы.
Осы славяндардың сары, половый, сабан түстес, яғни половцы деп атап жүргені ақғұндар болуға тиіс, яғни ғұндардың құба, сары тобына енетін адамдар деп білеміз. Оның үстіне бұлар Сарыарқалықтар еді. Ал, кейін тарихшылар бұл құбаларды соның алдында ғана оңтүстік орыс далаларында пайда болған қыпшақтармен шатастырып, олар бір халық деген ұғым пайда болды. Атақты якут ғалымы Г.Ксенофонтов осыны айырып, сахалар половецтерге қатты ұқсайды деп жазды, ол қыпшақтардың атын мүлдем айтпады.
Сөздікте сонымен қатар Сары, Арқа сияқты ру аттары және [1, с.142], Атбас, Атбастах [1, c.182] сияқты жер аттары да кездеседі. «Амур» [1, c.100] өзенінің аты Әмір екен. Оларды Амыр деп атайды. Амур - орысша грозная река. Бір өзені «Алдан» [1, c.78], екіншісі «Алдама» [1, c.77.] деп аталады.
Хапчахай=Хапчағай [3,c.3327] – озеро и урочище при немъ в Жемконскомъ наслеге Средне-Вилюйского улуса, по правую сторону р. Вилюя. Cонымен бірге осылай аталатын өзен де бар екен. Мысалы, Іледегі Қапшағай шатқалының аты бәрімізге белгілі, орнына беріде Қапшағай су қоймасы жасалды. Сол жер атын сақа Сібірге апарып тұр. Барған жеріне бұрынғы туған жеріндегі аттарды қою бүкіл елде бар. Мысалы, қазақ жерінің көбі тың игерушілердің арқасында тегіс Новочеркасск, Киевка, Астраханка, Полтавское болып кеткен жоқ па?
Енді туысқандық ұғымдарға көңіл бөлсек біз ол тұстан да сәйкестік көреміз: «Тай [3, c.2523] – родственник по матери, старший – ағатай, младший – інітай». Түркістан алқабында мекендеген қазақ пен сарт арасында, қарақалпақта нағашыны тағай деп атайды.
Уол [3, c.3030] – сын, (ұл). Хара-уол – Қараұл.
Оғо [2, c.1779] – дитьё, младенецъ, бала. Оғол, оғлы, [2, c.1779] (уғул) – баласы, бала. Туөртугул –Төртбала. Бюлбюлоглы –Бюлбюлбаласы, Көроғлы – Көрбаласы.
Ойүсут [2, c.1811] – 1)выделывающий узоры, резчикъ по дереву, кости и металлу; (Оюшы) .2)отдельно живущий. 3)Ойысушы.
Шаруашалыққа қатысты терминдер де қызық: «Уjусуі [3,c.2987] – отделяться, отчуждаться, совершенно охлаждаться духомъ» яғни, бөліну, бөтенге айналу, мүлдем ниеті бөлектеніп, жан-дүниесі суып кету, исіну. Сауғанда иіп, сүт беріп тұрған бие бірдеңеге алаңдаса, сүт шықпай қалады, қозғалып, жүріп те кетеді, оны қазақ исініп кетті дейді.
Көмөр [1, c.1141] – уголь (холодный), черный уголь. Көмөрцүт [1, c.1141] – угольщикъ,(көмірші). «Күл—көмөр буол!» -- деген тіркестер кездеседі. Ол «Күл бол! Ештеңеге жарамай қал!» деген сөз. Қазақта да «Күл бол, күл болмасаң, бүл бол!» деп жатады. Өртеп жағып барып алатын ағаш көмірін айтып тұрған жоқ. «Холодный» деп, сол қалпында табылатынын анықтап білдіріп тұр. Оның үстіне, ағаш көмірі жанып біткен соң күл, не ағаштың күлі дейді, ал, бұлар күл-көмір бол дегендерінде, көмірдің күлін айырып айтып тұр. Автор да жазып отырғанда, маңыздылығын түсініп, не көмір, не күл деп екенін анықтап алғаны көрініп тұр.
Бұл олардың V-VI ғасырларда ғұндардан (қазақтан деп айта алмаймыз, ол уақта қазақ аты жоқ, түрік деуге, олар өздерін шауып, бодандыққа түсірген ел, айырып айтуға мәжбүр болдық) бөлінбей тұрып көмірді білгенін көрсетеді. Кейін білді десек, Сібірден қайтып кеп, мұны қалай атайды, кел бірдей атайық деп сұрап келетін жағдай болған жоқ. Бұл бабаларымыздың қола дәуірі кезіндегі Атасу-Нұра кен бассейнінде металл қорытқанда көмірді пайдаланғанын көрсетеді. Көмір (Сақада- көмөр) сөзінің түбірі көм, көмілген, жер астындағы дегенді білдіреді. Бұл маңда 50-100 шақырым жердегі Қарағанды, Шұбаркөл, Жалын сияқты көмір бассейндерінен де жап-жақын, тура мыс кеніштерінің жандарында Көмірадыр, Көмірлі атты жерлер кездеседі. Кезінде жер бетіне өте жақын шағын орындар болғаны анық.
Арқа жерінде осыдан 5-6 мың жылдар бұрынғы, ұзындығы мен көлденеңі бірнеше жүз метрге, тереңдігі 30-40 метрге жететін, мыс қазған көне карьерлер көп. Солай метал өндіргендей, көмірді де жер астынан қазып алғандары ешбір күман келтірмейді. Көмір металл рудасы сияқты әрі қарай қорытуды, айыруды, өңдеуді қажет етпейді, тауып, қазсаң болды, қолдануға дайын болады. Қарағанды өңірінде көмір әлі күнге дейін жер бетіне жақын жерден табылуда. Көмірді қазып алу металл рудасын тауып, өндіруден әлдеқайда оңай еді.
Неолит заманынан осы дәуірге дейінгі аралықта Ә.Марғұланның есептеуінше Қарағанды-Жезқазған арасындағы көне кеніштерден он миллион тоннадан астам мыс өндірілген екен. Бұған дейінгі ғалымдар осы мысты қорытуға жұмсалғандықтан Ақтау, Ортау, Қызылтау өңіріндегі ормандар құрып кеткен деп есептеді. Меніңше, Бетпақ даладан сексеуіл де тасыған болуға тиіс. Көнекөз қариялардан ертеде бабаларының Бетпақдаладағы жуандығы құшақ толатын сексеуілдерді бір жерге үйіп, оны өртеп, сосын құммен көміп, суыған соң көмірін қазып алып, Бұхарға түйелі керуендермен тасып пұл қылғандарын естіп едім. Оны сол керуеншілердің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда маңында тұратын ұрпақтары аңыз қылып айтады. Тасуға жеңіл, өтімді сексеуілдің көмірін Бұхарда металл балқыту үшін ұсталар таласып сатып алады екен.
Дегенмен де, бүкіл әлемді қамтамасыз еткен соншама металды Қарағанды өңірінің көмірі болмаса, қалай қорытар еді? Бұған Сібірдің орманы да жетпес еді. Тек, мыс рудаларындай емес, ескі көмір карьерлері, қолдануға оңайлығынан тауысқанша қоймай пайдаланылады, сол себепті олардың уақыт өте жойылып, не қазіргі шахта, карьерлермен айырбасталып кеткендері анық. Көмірдің арқасында бірнеше мыңдаған жылдар бойы бабаларымыздың мыспен әлемді қамтамасыз еткендері де белгілі.
Ал, қалың орман ішіндегі сақаларға көмір қажет емес еді, тіпті әлі күнге дейін Сібір елі отынға тек ағашты пайдаланады. Сондықтан, көмір, көмірші (мамандық) сөздері сонау сақ заманынан, қазіргі қазақ жерінде, ғұн қауымы құрамында жүрген кезінен қалған ұғымдар екені сөзсіз.
Көне ұғымдар.
«Сана [2, c.2068-2070] – мыслить, мнить, размышлять, умствовать, разуметь» деп аударылады. Біз ойлау қабылетін ой-сана дейміз. Сол сияқты ер-сана – батылдық, ерлік, өжеттік, ал ырас-сана – ар-ұят, далай-сана – кемеңгерлік, өрөйө-сана – үрей, қорқыныш сезімі, өсүөмчү-сана – өзімшілдік, көре алмаушылық, күнүлү-сана – күншілдік сезім. Міне осы сияқты онбес-жиырма түрлі сананың түрі бар.
Мэйі [2, c.1543] – бас, мый, ақыл, ес, ой; Хабах-Мэйі [2, c.1544] – пузырь-голова, Хабах-Мэйі-кісі [2, c.1544] – қабықбас кісі, мисыз, қауашақбас кісі. Мэйілэх [2, c.1543] – мыйлы, ақылды, талантты, (мозговитый); Арқа-Кісі-Мэйілэх [2, c.1544] – өзен аты.
«Құт [1,c.1261] –жанды мақұлықтың, тірі пенденің жаны. «Сүр-құт, құт-сүр [1,c.1262] – способный еще к жизни организмъ», Өмір-жан, яғни өмір сүру, зәре-құтым қалмады, құты қашты деген сөздер төркіні осыдан шығып тұр. «Кұтұн-сүрүн үргүттүм[1,c.1263] – напугал, я поколебал его существо». Қазақша айтқанда «мен оның зәре-құтын ұшырдым». Аға-құт – әке-жан, жан әке, ідже-құт – әже-жан, ана-жан, жан ана деп аударылады.
Хан таңара [3, c.3294] – великое небо.Хан тәңірі.
Түрік қағанаттары кезіндегі ұғым «Тәңір-құт» – Тәңір-жан, Жан тәңірі деп аударылады, ал қазақта «жан иесісің ғой», «жан иесі өзің біл» - дейді.
Деректер көздері:
1.Э.К.Пекарский. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.1.
2. Э.К.Пекарский. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.2.
3. Э.К.Пекарский. Словарь якутского языка. АН СССР. 1958 г. т.3.
4. Жаркешов С. Алтын сақа. //Алаш айнасы. 19.05.2014.
5. Артықбаев Ж.О. Казахское сказание о джигите Алтай: общие мотивы в этногенеалогических сюжетах казахов и саха//Всадники Северной Азии и рождение этноса: Этногенез и этническая история Саха. Новосибирск, 2014.
6. Г.В.Ксенофонтов. Эллэйада. Материалы по мифологии и легендарной истории якутов. Издательство Наука. Москва. 1977.
7. А. Х. Марғұлан. Труды по культуре письменности казахского народа. Древние караванные пути через пустыню Бетпак-Дала. // Библиотека казахской этнографии. Астана. «Алтын кітап». 2007. Т.8. Стр. 20-42.
8. Ю.Шмидт. Очерк казахской степи. //Библиотека казахской этнографии. Астана. «Алтын кітап». 2007. т.50.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста