Екпіндіден басталған ерекше жол
Қазақтың ұлылыққа деген ұлағатты сенімінен туындаған жақсылықтар көп. Ол балаға ат қоюдан байқалады. Кейде ел жадында өшпестей ізгілігімен қалған тұлғалардың атын ырымдап, сәбиімізге қойып жатамыз. Бұл есім дәл сол тұлғадай болмаса да, ерінбей еңбектенуге құлшындырып жататыны жасырын емес. Осындай ойға Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор, абыройлы азамат, Мұхтар Байбатшановтың туған жері – Екпінді ауылындағы М. Әубәкіров атындағы орта мектепте өткен кездесу кешінде тағы бір рет көз жеткіздік.
Ауылына жыл сайын жеміс ағашы мен тал-терек отырғызып, өзі оқыған мектепке әдеби-ғылыми кітаптар апарып беріп, елге болысып жүрген айдынды Алакөлдің аймаңдай азаматы Қазақстандағы бөдене құсын зерттеуші ғалым ретінде көпке танымал.
Кездесу кешінде Мұхтар Байбатшановқа үлкен құрмет көрсетіліп, «Алаш ұстазы» деген төсбелгі табысталды. Осындайда: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген сөзі ойға оралады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей ауылым деп еміренген перзентін жерлестері де төбесіне көтерді. Оның туған жеріне деген сүйіспеншілігін ерлікке балапты. Шара аясында Екпінді аулының әкімі Әділхан Қыстаубаев соғыс ардагерлерінің республикалық кеңесінің ұйғарымымен Мұхтар Байбатшановқа «Отан Патриоты» төсбелгісін тапсырды. Осылайша, Екпіндіден шыққан ер азаматтың жолы бара-бара кең даңғылға айналып келе жатыр.
Аталмыш кездесу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында өткенін айта кеткен жөн. Мектеп ұжымы да мақтаулы түлегімен кездесуді жай әңгімеге арқау етпей, «Дара жол» тақырыбындағы ауқымды шараға жүк салыпты. Оны мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлмира Қыстаубаева жүргізіп отырды. Шараның мәнді де мағыналы өтуіне ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, белсенді жастар шақырылған екен. Одан өзге Алаш ұстазының мәртебесін биіктетіп келгендер де көп болды.
Сол қатарда белгілі әнші, сазгер Естай Әлікеев, ақын Алмат Исәділ, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері, халықаралық байқаулардың лауреаты Әбілтай Есенгелдинов пен Сая Есенгелдинова, дәстүрлі әнші Қанат Әмірхан, ақын Жангелді Немеребаев, Айбек Құттыбек, Ғабит Жиенбай, Азамат Нұрмұханов, белгілі тележүргізуші Арнұр Садықов қатысып, өнерден өрнек салып, жырдан шашу шашып, жұрттың ықыласына бөленді. Ауылдық әжелер ансамблі мен мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламалар көрсетіліп, шараның шырайын аша түсті. Айта кетерлігі, кездесу басталмас бұрын алыстан келген қонақтар мектеп директоры Гүлнар Нұрпейісованың бастауымен мектеп жанынан ашылған муражайымен танысты. Онда Мұхтар Байбатшановқа арнайы орын беріліп, жас ғалымның еңбектері жинақталыпты. Сол қатарда алакөлдік ақын-жазушылардың туған өлке тарихы жайлы қалам тербеген туындылары да қойылыпты. Солардың қатарына мектеп ұжымы жерлестері, әнші, ақын Естай Әлікеевтің «Шер» атты өлеңдер жинағын қосып қойды.
Шара аясында Мұхтар Қасенұлы да ауылдастарына, алғашқы ұстазына, мектеп ұжымына өзінің сый-сияпатын жасап, алғысын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта да туған ауылын түлету үшін қолдан келер көмектен аянбайтынын жеткізді.
Қажет АНДАС
Екпінді ауылы,
Алакөл ауданы