Ел болам десең, экраныңды түзе!!!

Ел болам десең, экраныңды түзе!!!

Қазіргі күні әлемдік кино өндірісі қоғамдық ерекше сұранысқа ие болып отырған салалардың бірегейі. Яғни, «басқа шауып, төске өрлегендей» дәурендеп тұрған дер шағы.

Сол кино саласы дамыған елдерде мемлекеттік идеологияның жаршысы да, пайда әкелетін бизнес көзі де кино өндірісінің маңайынан табылып жатады. Тіптен әлемге өз ықпал күшін көрсетіп, адамдардың санасын жаулап, рухани бұғау салуға да бұл өнердің өресі жетіп тұр. Бүгінгі күні де әлемдік кино өндірісіндегі бәсекенің бәсі қызып тұр. Ал біздегі жағдайда онсыз да саны аз кино өнімдерімізбен әлемдік өнер аламанының шаңды жорығына түсіп, басқаларға ықпал күшімізді көрсетеміз деуге әлі ерте. Десе де, соңғы жылдары кино саласының мемлекет тарапынан басты назарға ілігуі бұл саланың бойына да қан жүгіртіп, жыл сайын экранымыз жаңа фильмдермен толығып келеді. Осымен бірге жекеменшік киностудиялар да серпіліс танытып, өз үлестерін қосуда. Қазірше кереметтей кино түсіріп әлемді жалт қаратпасақ та, өзімізге рухани азық болатын біраз туынды көрерменге жол тартты. Бұл саланы мемлекет жағынан мықтап қолға алу ең алдымен бірнеше ғасыр бойындағы тарихи ауыр үрдістерді бастан өткізген, тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің идеологиялық тұғырын бекемдеуге, ұлттық болмысынан жаңыла жаздаған ұрпақтың санасын оятуға қажет деп айтар едік. Жаңа фильм жасау күрделі, жан-жақты барыстарды қажет етеді. Оған әр алуан мамандықтағы шығармашылық қызметкерлер: кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор, продюсер, каскадер, экономист, менеджер, т.б. қатысады. Сондай-ақ, шебер техниканы, қыруар қаржыны талап етеді.

Ендеше мән, маңызы зор еліміздің кино-телеэкраны 2015 жылы көрермендерін қандай жаңалықтарымен қуантты? Осы жыл көрермендерге жол тартқан көркем фильмдер, телесериалдар, деректі фильмдер мен мультфильмдер туралы шолу жасамақпыз.

Елімізде биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы кең ауқымда аталып өткені белгілі. Мемлекетіміздің тарихи мәртебесін көтерген мерейтойдың басты тартуларының бір «Қазақ елі» атты 10 сериялы тарихи көркем фильмнің түсірілуі болды. Бұл қазақ кино өнері тарихындағы ең ірі, маңызды елдік жобаға айналды. Сондықтан да биылғы жылдың кино-телеэкранындағы жаңалықты «Қазақ Елі» сериалынан бастауды жөн көріп отырмыз.

Қазақ тарихын экраннан тамашалауға ынтық болған жұрт фильмнің жарыққа шығуын асыға күтіп жүргені анық. Елбасының өзі де тарихи туындыға ерекше назар аударып, «Қазақфильм» киностудиясына арнайы ат басын бұрған болатын. Сол жолы Мемлекет басшысы «Қазақ Елі» сериалының түсірілім алаңында болып, шығармашылық топпен кездесті. Осы туындының продюсері Арман Әсеновтің айтуынша, тарихи сериалдың бастапқы бюджеті 5,5 млрд. теңге болған. Кейіннен сценарийдегі қысқартулардан соң бюджеті 2 млрд. 167 млн. теңге болып тұрақтанған. Және қосымша қаржы көздерінен де ақша тартылған. Оның сөзіне қарағанда, бұл көпсериялы фильмді бірінші болып көрсетуге «Ресей», «әл-Жазира», «Бірінші арна», «НТВ» телеарналары қызығушылық танытқан көрінеді. «Қазақ елі» тарихи фильмі алдағы жылдың наурыз айында көрермен назарына ұсынылады деп күтілуде.

Бұл саланың Қазақ хандығының мерейтойына арнаған тартуы осымен ғана шектеліп отырған жоқ. «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты 10 бөлімнен тұратын деректі фильм де жарыққа шықты. Сонымен қатар биыл шілдеде Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау аясында «Дешті-Қыпшақ: Құпия белгілер» деп аталатын екі сериалы деректі фильм де көрерменге жол тартқан болатын. Ал балалар үшін де биылғы жылдың басты жаңалығы Қазақ хандығы туралы «Қазақ елі» анимациялық фильмінің жасалуы болды. Бұл туындының тұсаукесері 2016 жылдың қаңтар айында «Қазақстан» телеарнасында өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ, анимациялық фильмді әлемдік прокатқа шығару да жоспарланып отыр.

Осы жылғы жарыққа шыққан фильмідердің арасындағы шоқтығы биік, өрелі туындылардың тағы бірі «Құнанбай» тарихи көркем фильмі. Фильмнің тұсаукесері 2015 жылдың 15 мамырында Астанадағы «Қазмедиа» орталығында өтті. Қазақстанның халық әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильміне ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірімен бірге XIX ғасырдағы елдің тыныс-тіршілігі арқау болған. Қазақ көрермендерін тәнті еткен көркем фильм сценарийін Досхан Жолжақсынов пен жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Ақпарат көздеріне сенсек, фильм бюджеті 4 млн долларға жуықтайды.

Қазақ кино қоржынын толықтырған белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған «Аманат» көркем фильмі де көрермен көңілінен шыққан туынды болды. Тарихшы Е.Бекмаханов өз заманында Сталиндік қуғынды көрген жандардың бірі. Туындыны тамашалау арқылы 19 ғасырдағы Кенесары хан өмірін және 20 ғасырдағы Кене хан туралы зерттеу жүргізген Ермұхан Бекмаханов өміріне саяхат жасауға болады.

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірінен сыр шертетін «Жұлдыздар осылай жанған еді» (Так сложились звезды) деп аталатын көркем фильмнің де монтаждау жұмыстары алдағы жылдың ақпан айында аяқталып, наурыз айында көрермен назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр.

Осылармен қатар биылғы жылы режиссер Ақан Сатаевтің қазақ елі басынан кешкен тарихи нәубет жылдар - күштеп ұжымдастыру, жұт, екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдер арқау болған «Оралу» тарихи фильмі, қылмыстық драмасы «Рэкетир 2» мен канадалық әріптестерімен бірлесіп түсірген «Хакер» фильмдері өз көрерменін тапты.

Ал Ермек Тұрсыновтың 25 жыл бұрын жазылған дипломдық жұмысы негізінде түсірілген «Жат» фильмі шынайы оқиғаға негізделіп, Кеңес заманының құйтырқы саясатынан қашқан Ілияс есімді баланың тау-тасты паналап, жабайы ғұмыр кешкенін баяндап, қоғам мен тұлғаның, тұлға мен табиғаттың арасындағы қайшылықты көрсетіп берді.

2015 жылдың осындай серпінді жаңалықтарына қарай отырып қазақ кино өнеріндегі өрлеуді аңғаруға болатындай. Кино өндірісі дамыған елдердегідей киноның санынан жаңылмасақ та, ауыз толтырып айтарлықтай біраз туынды көрерменге жол тартқан екен. Сондықтан да барлығын жеке-жеке таныстырып шыға алмасымыз анық. Отандық кино өндірісінің жаңа өнімдерін әрі қарай тізбелесек, режиссер Дархан Төлегеновтің «Таңғы шапағат нұры», режиссер Асқар Бейсенбиннің «Адель», Асқар Ұзабаевтың «Боксер жолы», Кенжебек Шайқақовтың «Күрке», Азиз Жамбакиевтің «Шатырқанат көбелек», Сәбит Әбдіхалықовтың «Зұлмат», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Бессмертный», Әзиз Зайыров пен Мұхаммед Мамырбековтің «Болу, әлде бордай тозу» фильмдерін атауға болады.

Осымен қатар отандық телеарналарда көрсетілетін, көрерменнің көз қуанышына айналатын Қазақстанда жасалған телесериалдардың да жаңалығы мол. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен «Жамбыл» атты 4 сериялы тарихи драма түсірілді. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жамбыл ақынның өмір жолы мен өнері осы көркем туындыда суреттелген. Тарихи драма 2016 жылдың ақпан айында, ақынның туған күні қарсаңында «Қазақстан» телеарнасында көрсетілмек. Фильмнің режиссері - Әнуар Райбаев, сценарийін жазған - Бақытжан Шормақов. Ал қазақтың тағы бір ұлы тұлғасы, композиторы, атақты дирижер, шебер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көп сериялық көркем фильм де осы жылы жарыққа шықты. Фильмді «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Көркем фильм» кинокомпаниясы түсіріген. Көрермендер әр сериясы 52 минуттан тұратын, бес сериялы «Құстар әні» көркем фильмін жақында көгілдір экраннан тамашалап та үлгерді. Бұл тізімді әрі қарай жалғастырсақ «Қазақстан» телеарнасының тапсырысымен түсірілген 32 сериялы «Қыздар» телехикаясы, «Жарық» телехикаясы, «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген, 12 сериялы «Ақылдың кілті» тарихи эпопеясы, Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен басқа да ұшқыштар туралы түсірілген, «Жоғары құлау» (Падать вверх) көпсериялы әскери-шытырман оқиғалы драмасы, «Алдар көсе», «Бажалар», «Агент Z», «Тракторшының махаббаты», «Кеңесшілер», «Таңдау», «Жаңа қоныс», «Жігіттер хикаясы», «Қыз жолы», «Күләш» секілді көптеген жаңа телесериялдар жасалды. Міне осылай Қазақстан телеарналарында көрсетіліп жатқан отандық өнімдердің қарасы жылдан-жылға көбейіп келеді.

Мақаламыздың соңында шетелдермен бірлесіп түсірілетін бірнеше жаңа жобаны да атай кетейік. ХІІІ ғасырда өмір сүрген атақты саяхатшы, көшпенділердің тарихын зерттеп, соның ішінде қазақтың салт-дәстүрі туралы тамаша жазбалар қалдырған Марко Поло туралы түсірілетін деректі фильмге Қазақстан, Италия, Қытай елдері бірігіп атсалыспақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті. «Үш елдің арасындағы уағдаластыққа сәйкес, фильмді үш елдің режиссерлері түсіреді. Жалпы, бұл мәселеде Италия, Қазақстан және Қытай арасында үшжақты ынтымақтастық орнатып алуымыз керек. Қытай тарапымен уағдаластық орнаттық, себебі Марко Поло Қытайда тұрғанда көп дүние жазған. Итальяндық режиссерлермен де кездестік. Марко Полоның жазбасына қарап дайындалған үш сценарий бар», - деген министр деректі фильм 2016 жылы түсірілетінін атап өтті.

Қазақстан мен Беларусь киногерлері партизан Әди Шәріпов туралы көркем фильм түсірмек. Ал Ресейде түсірілетін 28 гвардияшы-панфиловшылар туралы фильмге Қазақстан 80 млн теңге бөлген.

Бүгінгі күн - ертеңгі тарих. 2015 жыл өнер саласына өзіндік қол таңбасын қалдырып, тарих қойнауына аттанып барады. «Ел болам десең, экраныңды түзе», - дегендей Қазақ елінің кино өндірісі әлемдік бәсекеге сай мәнді де маңызды туындылар түсіріп, көркейе беруіне тілекшіміз. Алдағы жылдан үлкен табыстар күтеміз.

Бақытжол Кәкеш

 inform.kz/kaz/article/2854261

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста