Ел назары – «Хабарда»!
Осыдан 15 жыл бұрын қазақ қауымы жаңа телеарнамен табысты. Ең бастысы, оның аты ғана өзгеше болып қойған жоқ, заты да мүлде бөлек болып шықты. Яғни «Хабар» атауын алған аталмыш агенттік бүгінгі қазақ қоғамына шын мәнісіндегі ақпараттық дүниені алып келді және ол ең бастысы, қазақ тілінде болды. Содан бергі уақыт ішінде телевизия өнерінің әлемдік тәжірибесін меңгеріп, шеберлігін мейлінше шыңдаған «Хабар», өзінің ақпарат айдынындағы орнын да, дәрежесін де биіктете білді. Оның осы жетістікке жету жолындағы ізденістері мен әр жылдарда көрермен ықыласын иеленген танымал бағдарламалар жөнінде біз соған тікелей атсалысқан журналистерге сөз беруді ұйғардық.
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, «Хабар» агенттігі бас продюсерінің орынбасары:
«ХАБАР» ДЕГЕН КЕЗДЕ ТЕК БІР ҒАНА АРНАНЫ ЕСКЕ АЛМАУ КЕРЕ
• Басты жетістік – ақпарат жүйесінің жолға қойылуы
1995 жылы «Хабар» алғаш құрылғанда Қазақстан телевизиясындағы жағдай мүлде басқаша болатын. Өзім куә болған жайтты айтсам, сол кезде ақпараттың өзі қызық таратылатын. Қазіргідей 1-2 сағат бұрынғы емес, үш күн, он күн, тіпті бір ай бұрынғы оқиғаларды жаңалықтарда беріп жататын. Біздің ең бірінші қолға алғанымыз, Қазақстанда тұңғыш рет жаңалықтың жаңалық екенін көрсетіп, болған оқиғаны сол күні, сол мезетте беру үрдісі басталды. Тағы бір жетістік – көптеген бағдарламалардың тікелей эфирде шығарылуы болды, ал бұрын барлығы да алдын ала жазылып барып берілетін. Осы орайда жаңалықтардың таңертеңнен кешке дейін, әр сағат сайын және тікелей эфирде берілуі де ең алғаш рет «Хабар» арнасында жасалды. Тағы бір мәселе, интерактивті байланыс – мысалы, бір хабар жүріп жатса, көрерменнің телефон арқылы сауал қойып, оған хабар қонағының немесе жүргізушінің жауап беруі де «Хабардан» басталды. Бұл бүгінде таңғаларлықтай нәрсе болмаса да, сол кезде ең алғаш рет «Хабар» арқылы жүзеге асқандығы – шындық. Сосын электронды ақпараттық кеңістікте 100 пайыз қазақша хабар тарататын «Еларнаның» құрылуы да, сондай-ақ, халықаралық деңгейде спутниктік жүйемен Қазақстан жайлы хабарлар тарататын «Caspionet» те «Хабардың» аясында жүзеге асты. Менің ойымша, осының бәрі – «Хабардың» біздің ақпараттық жүйемізге қосқан үлкен бір үлесі.
Негізінен, ақпараттық арна болып табылатындықтан, «Хабардың» негізгі жүйесі әлі күнге дейін көп өзгеріске түсе қойған жоқ. Яғни ақпаратқа көбірек маңыз беріледі. Бұл ретте жаңалықтар, ақпараттық-сараптау бағдарламалары, экономикалық, мәдени және спорт хабарлары басымдылыққа ие.
• Үш арнада – үш мазмұн
Маған «Хабар» телеарнасы ойын-сауықтық бағдарламалар мен сериалдар, көркем фильмдер беруді неге сиретті?» деген сыңайлас сұрақтар жиі қойылады. Бірақ «Хабар» деген кезде тек бір ғана арнаны еске алмау керек. Өйткені «Хабар» дегеніміз, ол – «Caspionet», ол – «Еларна» және «Хабардың» өзі. Осы үш арнаның бағдарламалар кестесіне зер салар болсақ, ойын-сауықтық бағдарламалардың көпшілігі «Еларнаның» аясына тоғысқан да, ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді насихаттайтын, «шетелдегі қандастарымыз көреді-ау» деген қазақша бағдарламалар көбінесе «Caspionet»-тен беріліп жүр. Ал ақпараттық-сараптық бағдарламалар – «Хабардың» өзінде. Бірақ оның қай-қайсысын да жасап жатқан – «Хабардың» қазақ редакциясындағы журналистер.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасымыз «Жас Отанның» бір жиынында сөйлеген сөзінде «Еларнаны» жастар арнасына айналдыру керек» деген көзқарасын айтқан болатын. Содан бері «Еларнада» жастар саясатына, ойын-сауыққа қатысты дүниелерге көбірек маңыз берілуде. Яғни «Еларна» жастар арнасына айналып келе жатыр.
• Бізде өз міндетін атқарған жобалар көп
Менің ойымша, кез келген бағдарлама екі-үш жылда өзінің міндетін толығымен атқарып бітеді. Одан кейін оның не форматын өзгерту керек, не мүлде тоқтату керек. Бір бағдарламамен жұртты ығыр етудің, жалықтырудың қажеті жоқ. Мысалы, «Хабар» арнасында көрермендердің ерекше ықыласын иеленген «Ұят болмасын» деген бағдарлама болды. Тәуелсіздіктің алғашқы бес-алты жылында демократияның үлгісін көрсеткен, қоғамға ашық пародия жасайтын «Жетпіс жеті күн» бағдарламасы жүрді. Сол сияқты, «Қазақтар», «Ауылдың алты ауызы», «Алтыбақан» тәрізді жобаларымыз да көрерменнің ілтипатын иеленген бағалы дүниелер болғандықтан, «Хабар» тарихынан ойып орын алды. Бірақ олардың барлығы өзінің міндетін атқарып, халық әбден көріп, енді-енді жалыға бастаған кезде продюсер оны сезініп, басқа деңгейдегі жобаларға көшті. Дегенмен, бізде 15 жыл бойы жабылмай келе жатқан «Жеті күн», «Хабар-Жер» сияқты бағдарламалар да бар. Бұл олардың өзектілігіне, рейтингіне байланысты.
• Рейтинг мәселесімен шындап айналысар кез келді
Биылғы телемаусымға арнамыз үлкен дайындықпен келді. Өзгерістер болды. Заман ағымына орай, бізде соңғы кездері ойын-сауықтық бағдарламаларға қарағанда, әлеуметтік ток-шоуларға көбірек маңыз беріліп жүр. Мысалы, «Сонымен, солай дейік...» атты ток-шоуды әртүрлі тақырыпта, аптасына бес күн беріп жатырмыз. Ток-шоуды күн сайын дайындау, күн сайын беру – бізде бұған дейін болып көрмеген нәрсе. Қазіргі уақытта «Дудар-ай» мен «Шіркін, life» реалити-шоуы да рейтингі жоғары бағдарламалардың қатарынан көрініп отыр. Сол сияқты «Арнайы репортажымызды» да халық өте жақсы қабылдауда. Бір қуантарлығы, аталған бағдарламалардың барлығы – қазақ тілінде.
Қазақ бағдарламалары үшін алдағы ең үлкен мақсат – қандай жолмен болса да рейтингті көтеру, орыстілді бағдарламалармен тең тұратын, тіпті одан жоғары деңгейге жету деп ойлаймын. Неге десеңіз, бізде қазір өте қауіпті тенденция пайда болды. Жарнама беретіндер де, жұмыс беретіндер де бағдарламаның рейтингіне қарайды. Кейбір арналарда «рейтингі төмен» деген желеумен қазақша бағдарламалардың көпшілігі жабылып жатыр.
Дана НҰРЖІГІТ, журналист:
Біз дәнекер болуға тырыстық
«Қазақтар» жобасы ең алғаш 2000 жылы «Еларнада» басталды. Жалпы, қазақ диаспорасының тарихын білу үшін бізге біраз нәрсені зерттеуге, тарихқа үңілуге тура келді. ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалар, әсіресе, Шығыс Түркістандағы жағдай, кеңестік кеңістіктегі ұжымдастыру мен репрессия жылдарында қазақтардың үдере көшуі, жан-жаққа шашырауы – осының бәрі біздің назарымызда болды. Сөйтіп, осы төңіректегі зерттеу жұмыстарымен айналыса отырып, сол көштің жүрген жолымен біз де жүріп өттік. Еуропа, Түркия, Алмания, Қытай, Моңғолия қазақтарын түсірдік. Швеция, Англия, Норвегия жерінде болдық. Бармағанымыз – тек Австралия қазақтары. Ондағылар – бертін келе, яғни, Кеңес Одағынан көшкен қазақтар. Жобаны жүзеге асыру барысындағы ұйымдастыру жұмыстары менің мойнымда болғандықтан, біраз қиындықтарды өзім шешуіме тура келді. Әрине, «Хабардың» тікелей араласуымен. Өйткені дипломатиялық қызметтермен, елшіліктермен сөйлесу, алдын ала келісім алу оңай шаруа болған жоқ. Жабық мемлекеттерге бару қиынға соқты. Ең үлкен қиындық Түрікменстанға байланысты туындады. Елшілік арқылы бірнеше рет хат жаздық, мәселе қойдық. Бірақ сол күйі аяқ бастырмады. Сол елдегі қазақтардың жай-күйі сол күйі ашылмай қалды. Сол сияқты, Өзбекстандағы жұмыстар да қиын болды. Кейінірек «Хабар» арнасының журналистерінің Наурыз мерекесіне қонақ ретінде шақырылғанын пайдаланып, сол екі арада қазақтар шоғырланған үш ауданға барып келе алдық. Онда да қасымызға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жансызын қосып беріп, әйтеуір, жоқтан бар шығаруға тырыстық. «Қазақтар» жобасы үш жылға жуық жүріп, отыздан астам хабар жасалды. Әрине, бұған дейін де осындай бағдарламалар болған, әртүрлі авторлар жасаған. ХХІ ғасырдың бастапқы он жылдығында бұл үлкен қызығушылық тудырған тақырып болды. Қазір біздің шетелмен қатынасымыз тығыз ғой. Ал ол кезде ондай емес еді. Бұл хабардың көрермендердің назарына іліккені де содан шығар деп ойлаймын. Қазір соншалықты қиын емес. Өйткені айтылар ой айтылды. Жеткізілер нәрсе жеткізілді. Бірақ бәрібір жабулы қазан жабулы күйінде қалып отырды және осы күнге дейін қалып отыр.
Мен шынымды айтсам, ол хабардан біраз нәрсе күткен едім. Бір тақырып бір хабардан екінші хабарға қайталана берді. Шетелдегі қазақтардың: «Біз қазақ тілінен ажырап бара жатырмыз. Осы жерде туылған үшінші, төртінші ұрпақтарымыз өзінің ана тілін мүлде білмейді. Сондықтан Қазақстаннан оқулықтар, мұғалімдер жіберсеңіздер», – деген мәселелері айтылған жерде қалып қоя берді. Сондықтан «хабар өзін-өзі ақтады, ақтамады» деп ештеңе айта алмаймын. Біз өзіміздің дәнекерлік міндетімізді атқардық.
Жалпы, осы жобаны қолға алудағы мақсатымыз – шетелдегі қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін, ой-арманын, рухани мұқтаждығын көрсету болды.
Сағатбек ҚАЛИЕВ, музыкалық редактор:
Ұлттық музыканы көтеруді көкседік
«Ауылдың алты ауызы» мен «Алтыбақан» бағдарламаларының негізінде, қазақтың ұлттық музыкасы – ән, күй, жыр, терме, толғаулар қолға алынды. Екі хабар да ұлттық музыкаға арналғанымен, екеуі екі түрлі болды. Біріншіден, «Ауылдың алты ауызында» біз белгілі бір шығарманың шыққан жеріне, қазақша айтқанда, кіндік қаны тамған жеріне барып, оны сондағы орындаушылардың аузынан жазып алып жүрдік. Үш жылдың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шықтық. Жүздің көлемінде орындаушылар жазды, 48 фильм шықты. Ал «Алтыбақан» студияда, телевизиялық жаңа технологияларды пайдалана отырып, көркемдік хабар ретінде жасалды. Оған қатысушылар, негізінен, жастар болды. Мұндағы басты мақсат – қазақтың дәстүрлі әнін жасарту, яғни жастардың аузымен айтқызу еді. «Ауылдың алты ауызына» жетідегі бала мен жетпістегі қартқа дейін қатысатын, кім айта алса, содан жазып алып келетінбіз. «Алтыбақанға» тек он сегіз бен жиырманың көлеміндегі жастарды ғана қатыстырдық. Өйткені ол ойын-сауық бағдарламасы болатын. Сондықтан бұл екеуі бір-бірімен байланысты, бірақ орындалу жағынан келгенде, жанрлық сипаты тұрғысында әртүрлі бағдарлама болып шықты. Алайда екеуінде де қазақтың ұлттық дәстүрін көтеріп, бүгінгі телевизиялық жанрларға сіңіру мақсаты көзделді. Ең бастысы, мұны жүзеге асырған кезде оған міндетті түрде жанды дауыспен орындаушы алынып отырды. Фонограмма деген түсінік жоқ, далада, киіз үйде, таудың ішінде, қай жерде болсын, біз орындаушыны нақты өз даусымен жазып алатынбыз. Ол үшін бес адамнан тұратын арнайы топ құрылып, дыбысқа, жарық қоюға, түсіруге, режиссерлікке, сценарийін жазуға бөлек-бөлек адамдар жұмыс істеді. Жалпы, Қазақстан телевизиясында арнайы жабдықталған ондай топ сол кезде бірінші рет құрылды.
Бұл хабарларды «Хабар» агенттігі әлі күнге дейін қайталап беріп жүр. Одан кейін дәл осындай хабар шыққан жоқ. Ең басты мәселе – оған көрермендердің ықыласы түзу болды. Себебі ол бағдарлама дер кезінде шықты. Өз басым, таза ақпарат саласында ұлттық музыкамен айналысып жүргеніме 20-25 жыл болды. Сондықтан бұл сол ғылыми жобаның бірлі-жарым ұшқыны ғана деуге болады. Олардың астарында үлкен ғылыми-зерттеулер жатыр. Менің бірде-бір бағдарламамның атауы кездейсоқ емес. Міндетті түрде халықтың ауыз әдебиетінде немесе жазба әдебиетінде қалыптасқан атаулар. Мысалы, «Ауылдың алты ауызы» деген – ұлттық жанр. «Алтыбақан» да солай. Яғни бұл жерде ол – әткеншек сияқты бірдеңе емес, даланың кәдімгідей ойын-сауық театры. Сол атауларды ала отырып, мен оны философиялық тұрғыда пайдаландым. Қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, санасын барынша көрсетуге күш салдым.