Ел өнерпаздары елордаға жиналды
Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде тіршілігі құрдымға тірелген қазақ ауылдарынан түлеп ұшқан өнер тарландары қазақ мәдениетін өрге сүйреп келе жатқаны баршаға аян. Жыл сайын қазаққа айтулы қаламгер, дәулескер күйші, жезтаңдай әнші, дарынды өнерпаз сыйлайтын ауылдықтарға мың тағзым. Алайда, сөйте тұра, қазір ауыл десе ат-тонымызды ала қашатын күйге жеттік. Мәдениетке тұнып тұрған ауылдың өмірінен алыстап кеткелі қашан! Осы олқылықтың орнын толтырғысы келді ме, Мәдениет министрлігі тағы бір шараны қолға алды. Байқау барысында сондай-ақ аймақтардан келген өнер майталмандары астаналықтардың назарына қазақтың ұлттық бұйымдарынан әспеттелген арнайы көрме ұйымдастырды.
Бұған дейін «Ел іші – өнер кеніші» халық шығармашылығының телевизиялық байқауы өңірлердегі өнерпаздарды іріктеген еді. Бұл шара Қазақстанның барлық облыстарында өткізіліп, ел ішіндегі танымал әртістер, әншілер ауыл-аймақты аралап, жаңа есімдер іздеді. Нәтижесінде ауылдық, аудандық деңгейдегі сындардан сүрінбей өткен талант пен өнердің өрендері облыс орталықтарында бақ сынасты. Сөйтіп, сайдың тасындай іріктелген 600-ден астам өнер тарланы елорданың төрінде гала-концертте өнер көрсетті.
Дархан МЫҢБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Бүгінгі жиынның басты мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас таланттарды халықтың алдына шығару. «Жаңа есімдер қашан жарқ етеді екен» деп құр қол қусырмай, оларды ауылдардан, өңірлерден іздеп, өнерлі ортаға тарту үшін бүгінгідей жоба дүниеге келді. Яғни оқимын деген жасқа, үлкен сахнаға шығам деп талпынған өнерпаздарға жағдай жасауды көздейді. Сондықтан жас өнерпаздарды ауылдан, ауданнан іріктеп, облыстық байқауда бағын сынаймыз. Нәтижесінде сайдың тасындай іріктелген өнерпаздар астаналықтарға өнер көрсетеді. Байқаудың көздегені – осы. Жас дарындарды іріктеп, шеберлігін шыңдау. Сол себепті өнер иелері жаңа толқынды іздеп, ел арасына шықты. Өнер қаймақтарының барлығы да – ауылдан шыққан азаматтар.
Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау еңбектерімен еленіп жүрген ел ішіндегі шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуді көздейді. «Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауы – жаңа есімдерді анықтау және таланттарға, өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау көрсету, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасауға ықпал етпек. Байқаудың мақсаты – жұрттың бос уақытын және эстетикалық тәрбие алуын ұйымдастыру және тұрғындардың жалпы мәдени деңгейін көтеріп, жастардың ұлт руханиятынан тәрбие алуына, олардың ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарымен танысуына ықпал ету.
Өнерлілер байқауы төмендегідей жанрлық номинациялар бойынша өткізілді:
– музыка және би;
– театр өнері және оригиналдық жанр;
– бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер.
Байқауға қатысуға, негізінен, жеке шығармашылық ұжымдар мен 15 пен 35 жас аралығындағы жеке орындаушылар шақырылды. Шараға өтінішті жергілікті жерлердегі мәдениет басқармалары қабылдап, ұсынған. Осындай ауқымды ұлттық рухани жобаларды Мәдениет министрлігі алдағы уақыттарда да жүзеге асыратындықтарын айтып отыр.