Елбасы отандық БАҚ-қа рухани еркіндік берді
Науқаншылдық.
Бүгінгі қоғам тым науқаншыл болып кетті. Өзінің не істеп, не қойып, не айтып жүргеніне қарамастан әсіре науқаншылдық белең алып келеді. Әсіресе тұшымды ой, тындырымды сөз айтар алдыңғы буын ағалардың науқаншылдығы кейінгі жастарды шаршатып жіберді. Мезі етті деуге де болады.
Осыдан бір апта бұрын Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Бұған дейін көптің көкейінде жүрген, елдің рухани санасында сарытап болып жатқан құндылықтарымыз жайлы келелі сөз, кемеңгер ұсыныстар айтылды.
Әрине, Президент бұл мақалада айтылған мәселелердің қай кезде қолға алынып, қашан жүзеге асуы керектігін де жіпке тізіп берді.
Ал осыны біздің науқаншыл қоғам іліп әкетті. Дұрыс, жарияласын, жарнамаласын, сараптасын, талқыласын, ешкімнің таласы жоқ. Керісінше, «жақсыны көрмекке» құштар көңіліміз, жақсы сөздің жадымызда жаңғыра беруін қалайды. Бірақ... Иә, бірақ, сол Көшбасшымыздың көлемді мақаласы жайлы көсіліп сөйлеген көсемсөзшілеріміз сөзінің басын «Елбасы мақаласында былай деген...» деп бастайды да, ары қарай сол мақаланы сөзбе-сөз қайталай жөнеледі. Ондай сылдыр сөз, сұйық тілмен жаңғырықша қайталаудың керегі жоғын тура осы мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де ескерткен еді ғой. Онда «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» - деген болатын Елбасы.
Ал кейінгі буын алдыңғы топ ағалардың аузынан құр қайталау емес, шын мәнінде жанашырлықпен, қамқорлықпен, өзінен кейінгіге, артынан ерген ініге Елбасы мақаласынан қорытынды шығара отырып, нақты жүзеге асырудың тетіктерін атап беруін күткен болатын.
Себебі Елбасы мақаласының соңында: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» - деген болатын.
«Ағаға қарап іні өсер» дегендей, алдыңғы буын ағалардың көрсеткен жолы, сілтеген сілемімен жүретін жастар үшін Елбасы мақаласындағы ұлттық құндылыққа, жадының жаңғыруына, бәсекелестікке қабілеттілікке, елдік тарихқа толық бойлауы үшін жастарға уызына жарыған түсіндірме керек еді.
Қазіргі жастар рухани тұрғыда аш. Нені болсын талғамсыз жұта беретіндігі де сондықтан. Осы кезде санасына мемлекеттік мүдде жолындағы елдік құндылықтарды сіңіріп жібергенде, Елбасы сенімін ақтар жастар саны арта түсер еді.
Дегенмен, біздің қолымызда әлі де бір көзіріміз бар. Ол көзірді де бізге Елбасының өзі ұстатты. Айтулы мақалада «Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс» - деген жолдар бар.
Міне біздің ұтар жеріміз осы. Себебі Елбасы мақаласында айтылған тарихи құндылықтарымыз да, рухани қазынамыз да, әліпби ауыстыру науқаны да, туған жерге қатысты пайымымыз да, «жанымызда жүрген жақсы адамдар» да, тіпті болашағымыздың бастауы болар «100 оқулық» та осы БАҚ арқылы дәріптеліп, БАҚ арқылы халыққа жетіп, БАҚ арқылы өз оқырманын табады.
Демек, Елбасы қазақстандық БАҚ саласына үлкен мүмкіндік беріп, ерекше сенім артты деген сөз.
Бұны мақала жарық көрген күннен бері де жақсы байқап келеміз. Әр телеарна, әр газет, әр сайт өз шамасы келгенше рухани жаңғыруымызға үн қосып, елдің, халықтың бұл жаңғырудан қандай жаңалық күтетінін жарыса жазып жатыр.
«БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек» -деген Президенттің өз сөзіне сенген ақпарат құралдары рухани тұрғыда еркіндік тигенін сезінбей қалған жоқ. Ресми БАҚ болмаса да, әлеуметтік желілердегі ұлттық құндылықтарымызға деген бетбұрыстың недәуір ілгерілегенін байқауға болады. Бұл дегеніміз ақпарат саласына берілген рухани еркіндіктің бір көрінісі.
Екі үлкен бөлімге бөлініп, «кетігімізді бүтіндеп, кемтігімізді толтырған» мақалада айтылған ойды жүзеге асыру үшін ең әуелі ақпарат саласына ерекше міндет артып, үлкен сенім білдірген Нұрсұлтан Әбішұлының сенім үдесінен шығып, нағыз ұлтымыз үшін, елдік мүдде үшін қызмет атқаратын кез келді, әріптестер.
Бұған дейін тұсаулы аттай тыпыршып, ұлттық құндылықтар жайлы ауыз аша алмай келсеңіздер, енді қолыңыздан не келетінін көрсететін кез келді. Қолда ұстаған алдаспан, «ілтей алмасам маған серт, сілтегенде мүлт кетіп, кесе алмасаң саған серт» дейтін шаққа жеттік.
Елбасының мақаласы жайлы қоғамда пікір айтуға жарайтындардың барлығы айтып жатыр ғой. Ал мақаланың толық нұсқасын мына жерден тағы бір оқып шығыңыз.
Ержан Жаубай