Елдар ОРАЗАЛИН, суретші: Ұлы Мұқаңның соңғы хаты әкеме арналыпты
«Дана Мұхтардың дара шәкірті» атанған Кәмен Оразалин туралы әңгіме қозғағанда ұлы Мұхтар Әуезов жайында айтпай кету мүмкін емес. Өйткені, Кәмен Оразалинге Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғамен үзеңгілес болу, шексіз ұлағатын көру бақыты бұйырыпты. Биыл Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкірті, халық жазушысы Кәмен Оразалинге 95 жыл толмақ. Осы орайда жазушының ұлы Елдар Оразалинмен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Абай жолы» эпопеясының жазылуына үлес қосты
- Әкеңіз Кәмен Оразалиннің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін жақсы білеміз. Бір ғана заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Абайдан соң» атты роман тетрологиясының өзі неге тұрады?! Осы орайда «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» ретінде біздің оқырмандарымызға әкеңіз жайында айтатын әңгімелеріңіз де көп болар деп ойлаймын.
- Менің әкемнің есімінің ұлы Әуезовтың шәкірті ретінде тарихта мәңгі қалғаны анық. Әкем Кәмен Оразалыұлы 1920 жылы 16 маусымда Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келіпті. Азан шақырып қойған аты – Кәмәли екен. Анасы Нұржан апамыздың еркелетіп атауымен «Кәмен» атанып кетіпті.
Арғы бабамыз Нәдірден бері қарай Шыңғыс жерін мекендеген ел өмірін, Абай өсиеттерін жұртқа айтып таратуда атам Оразалы мен үлкен аталарымыздың еңбектері естіген ұрпақтарды сүйсіндірмей қоймайды екен. Солардың аузынан ел туралы, жер туралы әңгімеге қанығып, шешендігін көріп, тарихқа сусындап өскен әкеміздің бойына таланттың ұшқыны ерте пайда болып, жастайынан өлең, әңгімелер жаза бастаған.
1938 жылы 17 қыркүйекте тұңғыш рет Семейдің облыстық «Екпінді» газетінде әкемнің «Күзетте» деген өлеңі шығады. Абайға арнаған «Ұлы ақынға», «Данышпан ақын» деген өлеңдері де газет бетін көреді. Сондай-ақ, газет беттеріне толғауы тоқсан тіршілікке байланысты да түрлі әңгімелері мен мақала-очерктері де жарияланып тұрады.
Әкем 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Красноярск қаласындағы №365-ші атқыштар полкінің жауынгері атанып, ұрыс-талас өткен Хасан көлінде болып қайтады. Өкінішке қарай, 1941 жылы әскери міндеті аяқталып, елге қайтамыз деп тұрғанда сұрапыл соғыс басталып кетеді. 1941 жылдың 21 қазанында соғыста басынан ауыр жараланып, госпитальге түседі. Бірақ 1942 жылы жауынгерлік қатарға қайта қосылады. Десе де көп ұзамай, 24 қаңтарда тағы да екі аяғынан ауыр жараланып, елге оралады. Содан бастап әкем бүкіл өмірін әдебиет әлеміне арнаған.
- Әкеңіз Кәмен Оразалиннің жазушы болып қалыптасуына Мұхтар Әуезовтің үлкен ықпал еткені белгілі. Осы орайда Кәмен ағамен ұлы жазушының таныстығы қай жылдан бастау алады?
- 1943 жылдың жазында өзінің туған еліне 1928 жылдан кейін алғаш рет келген Мұхтар Әуезов Аягөз қаласы арқылы Құндызды, Шет өңірінде үш күн болып, ел-жұртымен жүздеседі. «Абай» романының келесі кітабын жазып жүргендіктен кәрі құлақты үлкендермен әңгімелесіп, мағлұмат жинауды мақсат тұтса керек. Қасында ақын Сапарғали Бегалин, сыншы-ғалым Есмағанбет Ысмайылов, Қайым Мұхамедханов және орыс жазушысы Полоцкий бар. Мұқаңды бүкіл ел-жұрт болып қарсы алады. Сонда әкем Мұхтар ағаны тұңғыш рет көреді. Әкейдің айтатыны бар: «Соғыстың ең қиын кезі. Сол кезде жұрттың көңілінде не жоқ дейсің? Біреулердің сөйлеуге тілдері келмей кемсеңдеп, енді біреулердің көзінен жас үнсіз парлайды. Бәр-бәрі де Мұқаңа мұңдарын шаққалы келе жатыр. Мен Мұқаңды қалай көрсем екен деп көпшілікпен бірге тұрған едім, Мұқаң көліктен түсті. Сол кезде ғана жақындаңқырап барып Мұқаңды көрдім. Мұқаңнан көз айырмадым. Қоңырқай жүзді, тұңғыш рет Мұқаңның көзінен жас көрдім, сұмдық. Мен өзім қалай жылап жібергенімді білмеймін, Мұқаңның көзіндегі жасты көргенде барлық өзімнің соғыста көрген қиыншылығымды мына кісілер бірге көріп тұрғандай сезіндім. Адам көп, қазақ үйге сыймайды, әкем де барған, шешем де барған, жеңгем бар еді, ол да барған, көпшілігіміз қайтып кеттік» дейді.
Сөйтіп, әкем ұлы жазушыны көргендегі әсерімен үйге келеді. Содан ауылдағы Отан соғысынан қайтқан Тоққазы деген пошташы келіп, біздің әкейге «Кәмен, сені Мұхтар аға шақырып жатыр» дейді. Тегі, Мұқаң әңгіме барысында ауылдың тыныс-тіршілік, жағдайымен таныса келіп, «Елде ән салатын, өлең жазатындар бар ма?» деп сұрағанда Қали Мақажанов деген мұғалім әкейді айтады ғой. Соны естіп Мұқаң Тоққазы арқылы шақыртса керек. Сонда әкемнің: «Сол сәтте жүрегім дүрсілдеп, не болғанын білмей кеттім. Мұхтар аға шақырады!? Бұл менің түсіме кірмеген, ойыма да келмеген, солай болады-ау деп көрген нәрсем емес еді. Мен Мұқаңды енді өзім алдына барып көретін болдым...» дейді.
Сол жолы Мұхтар ағамен жүздесіп, елде болған сапарында әйгілі жазушымен бірге жүріп, бірге тұрады. Елден қайтып, Алматыға барған соң 1943 жылдың он жетісінде елге келген сапары туралы Мұхтар ағаның «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақын ауылында» атты очеркі шығады. Сол очеркінде Мұхтар аға: «...Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бойкүйезін айтам десе, онда да Абай таңба соғып, тап басып айтып кеткендей болады. Сондайлық Абай үлгісін өсиет етіп, айтып отыратын ірі әңгімешілер бар. Олардың бірі «Жүрекадырдағы» қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Кәмен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы, Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт, әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады» деп әкем жайында да тілге тиек етеді. Мұхтар ағаның осы берген бағасы әкемнің шығармашылық болашағына даңғыл жол салғандығы анық.
Кейіннен Мұхтар аға «Абай жолы» эпопеясын жазу барысында әкейден романға қажетті деректерді елдегі Ермұса, Тілеке, Рахымбай сияқты көнекөз қариялардан сұрастыруды және жекелеген адамдар туралы қосымша көптеген деректерді нақтылауға байланысты тапсырмаларды да беріп отырған. «Абай жолы» эпопеясының жазылуына септігін тигізгеніне қуанатын. «Мұқаңның осы тапсырмаларын орындай жүріп, көп дүниеге қанық болдым» дейтін.
«Данышпан іздесең, қасыңда Абай жатқан жоқ па?» деген екен
- Әкеңіздің ауылда қалмай, Алматыға барып, шығармашылықпен айналысуына да зор мүмкіндік бар еді ғой.
- 1948 жылы әкеміз соғыс тақырыбында жазылған алғашқы «Жексен» повесін аяқтап, Алматыға келеді. Сол жолы Мұхтар ағамен телефон арқылы сөйлесіп, кешке үйге келуін білдірген соң, айтқан уақытында үйіне барады. Аман-сәлем сұрасып, елдің, үй-іштің жағдайын естіп-білген соң шәй ішіп, біраз әңгімелеседі. Бір әредікте Мұқаң: «Өзің жаңа бір дүниені алып келдің ғой деймін» дейді. «Иә» деп, әкем «Жазған дүнием көңілінен шыға ма, жоқ па?» деген ішкі қобалжумен әкелген дүниесін Мұқаңның қолына ұсынады. Қолына алған қолжазбаны біраз шолып, қарап шыққан соң Мұқаң әлдекімге телефон соғып: «Әй, Ғабиден, менің елден келген бір туысым отыр. Мына ініме көмектес, өзіңе жіберемін. Мен бар болармын, жоқ болармын. Бірақ Мұқаңның өзі жүр ғой деп сеніп қалып жүрме. Тегінде, осы бір адамға көз қырыңды сала жүр» деп кетерінде сол кезде жарық көрген «Абай» кітабына «Қадірлі інім Кәменге! Ағалық, достық көңілден!» деп қолтаңбасын жазып, тарту етеді де, Ғабиденді мұқият тыңдауын тапсырады.
1950 жылы соғыс тақырыбына арнаған әкемнің "Жексен" повесі жарыққа шығады. Тұңғыш кітабы дүниеге келген соң сол еңбегін тарту етпек ниетпен Алматыға Мұқаңа келеді. Амандық-сәлемнен кейін кітабын табыстап, көкейдегі ойын да білдіргісі келеді. «Сен әкең маған не айтты, әкеңнің айтқан сәлемін айтшы» –дейді Мұқаң. Сонда әкей: «Әкем Сізге ақылдас ағаңмен, егерде мүмкін болса Алматыда қаласың ба, қайтесің?» дегендей болып еді» деп едім, жаңағы қуанышты ағамның қабағы бүтіндей өзгеріп: «Е, Алматыда саған не бар? Бар жақсы қасиетті дүние елде емес пе?! Сен Абай туған жерде отырсың, данышпан іздесең, жаныңда Абай жатқан жоқ па? Сен менің тілімді алсаң, елде бол, үлкендерді тыңда, көп нәрсені солар біледі. Сенің бойыңда азды-көпті талантың бар екенін көріп тұрмын. Сондықтан сен елде отырып жазатын бол. Сен менің осы тілегімді орындаймысың» деп Мұхтар аға маған енді бетіме күлімсіреп қарады. «Орындаймын, аға!» дедім. Осылайша мен Абай ауданында мәңгілікке қалып қойдым» дейді.
Әйгілі жазушының ақырғы аманаты
- Мұхтар ағаның әкеңізге жазған соңғы хат туралы айтсаңыз?
- Мұхтар ағаның әкеме ертеден-ақ ықыласы түскені мәлім және әкемді ешуақытта да назарынан тыс қалдырып көрмеген. Оған Мәскеуде ауруханада жатып, дүниеден өтерінен қырық сағат бұрын әкеме жазған соңғы хаты дәлел. Хатта: "Қымбатты Кәмен! Мынау Мұрат Әуезов менің туған балам. Москва университетінде оқушы еді. Қазір жазға Семейге, одан ары Абай ауданына әкесі туған елді, жерді көруге бара жатыр. Өзіне саған, Балташқа бар дедім. Осыны ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп, таныстыруға өзің бар, Балташ бар көмек етулеріңді сұраймын. Өзін сен өз үйіңе түсірсең деймін. Мен ауырып Москвада больницада жатырмын. Жәйімді Мұрат айтар. Үйіңе көп-көп сәлем. Балташтыкіне жайды ұғындырып, өзің алып барарсың. Елдегі бар ағайынға мың сәлем. М.Әуезов. (25 маусым 1961 жыл) " деп жазылған. Мұхтар аға әкеме туған баласы Мұратты тапсырып, аманаттай отырып, қолынан қаламы түсердегі ақырғы жазып қалдырған сөзі де, туған ауылына жолдаған сәлемінің ақыры да осы хат екені ақиқат. Сол хатының көшірмесі Бөрілідегі жазушының мұражайында сақтаулы тұр. Ал түпнұсқасы Алматыдағы ұлттық мұражайда.
- Әкеңіз қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мұхтар Әуезов дүниеден өткенде жерлеу рәсіміне қатысқан болар?
-1961 жылы ұлы жазушы қайтыс болғанда Мұқаңды жерлеу жөнінде ұйымдастырылған Үкімет комиссиясының арнайы шақыртуымен жақын-туыстары ретінде Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын бастырушы Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың туған баласы Әрхам Ысқақов пен әкем Кәмен Оразалин Алматыға келеді. Оларды Абайдың шөбересі Бағыфұр Ақылбаев қарсы алады. Мұқаңның денесі өзінің кабинетіндегі жазу үстелінің үстіне қойылып, соңғы рет қош айтысуға келіп-кетушілердің легі түнгі сағат 11-де тоқтатылады. Мұхтар ағаның денесін күзету үш-ақ адамға міндеттелді. Олар: Бағыфұр Ақылбаев, өзінің немере інісі Құдыри Арынбекұлы Әуезов және үшіншісі менің әкем Кәмен Оразалин.
Мұқаңды жерлейтін күні қоштасуға халықпен бірге Үкімет адамдары да келіп, фото-тілшілер де суретке түсіріп жатқан кез болса керек. Енді бір әредікте әкей Мұқаңмен соңғы рет қоштасып, оңаша суретке түсіп қалайын деп жатқанында жерлеу рәсімін ұйымдастырушылардың ішінен бір адам «суретке түсуге рұқсат жоқ, болды, болды» деп әкейдің суретке түсуіне мүмкіндік бермей қақпайлайды. Осыны байқап қалған Бағыфұр: «Елден келіп тұрған туған інісі түспегенде кім түседі?! Әрбірден соң ақиесі менмін, тіпті, қазір Мұқаңның сүйегін елге алып қайтам десем де қақым бар» деп араша түседі. Сөйтіп, Бағыфұрдың арқасында суретке де түседі. Ол суреті әлі бар.
- «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, әкеңіздің шығармашылығының ішінде ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің өмірі мен творчествосына арналған «Абайдан соң» атты тетрологиясының орны ерекше екені рас қой.
-1961 жылы Мұхтар аға дүниеден өткенде жергілікті газетке («Социалистік мал шаруашылығы», 29.06.1961.) әкемнің көңіл айтуы берілген. Онда: «...Мұхтар аға туралы күй де, жыр да айтылар. Өзімнің көрген, білген жайларымды айтуымды келер ұрпақ алдындағы үлкен борышым деп есептеймін. Қош бол, сүйікті аға, ұлы ұстазым!» деп жазғанын еске алсақ, кейін әкем өзінің ұлы ұстазы алдындағы борышын ақтады да.
1996 жылы арнайы шақыртумен әкем Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті съезіне барғанда мені өзімен бірге Алматыға ерте барды. Ондағысы бір жағы көмекшісі, бір жағы сонау шығармашылық үлкен ортаны танып-білсін, көрсін дегені болар. Бір әредік үзілісте ақпарат алып жүрген тележурналистердің біреуі келіп, Сіздің қойған дәл осы сұрағыңызды әкеме қойды. Сонда әкемнің: «Мен Абай ауданында өмірбақи тұрамын. Мұхтар Әуезов туралы «Абайдан соң» деп аталатын төрт томдық роман-тетрология жаздым. Бұл еңбегімді жазып бітіруге отыз бес жылдай уақытымды жұмсадым. Әрине, әрбір жазушының өзінің түрлі-түрлі шығармалары болады ғой. Мен бұл «Абайдан соң» романын жазғанға дейін де бірнеше роман жазған адаммын. Бірақ менің сол өз өмірімдегі ең негізгі жазған шығармам осы ғой деп ойлаймын» деп жауап бергені бар еді.
- Үстіміздегі жылы Кәмен ағаның туғанына 95 жыл толмақ. Тойға әзірліктеріңіз қандай?
- 2010 жылы әкейдің 90 жылдығы өзінің туған елінде аталып өтілді. Оған Мұқаңның ұлы Мұрат Әуезов құрметті қонақ ретінде келіп қатысты. Әкемнің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Сол тақтаның лентасын Мұрат ағамыздың өзі қиды. Бұл үйдің бір ерекшелігі - қазақ асқан адамдар дәм татқан айтулы қара шаңырақ ретінде саналатындығында. Сондай-ақ, осы шаңырақта - "Абай жолындай" ұлы эпопеяны берген Мұхтар Әуезов туралы «Абайдан соң» романдар-тетрологиясы дүниеге келді.
Ұлдың кенжесі болған соң қазір қара шаңыраққа ие болып мен отырмын. 1950 жылы салынған осы үйді болашақта мұражайға айналдырсақ деген ойымыз бар. Биыл әкеміздің 95 жылдығына орай «Кәмен Оразалин» атты деректі кітапты шығарып, туған халқына ұсынсақ дейміз. Сондай-ақ, үйдің жанынан әкеміздің ескерткішін орнатсақ деген ой да жоқ емес. Мамандығым суретші болған соң болашақ ескерткіштің үлгі-сұлбасын жасап та қойдым.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали