«Елдік дәрістер» оқылуда
Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде елімізге белгілі ғалымдардың қатысуымен «Елдік дәрістер» атты танымдық лекция сабақтары басталды.
Ұстаз бен шәкірттің рухани байланысын одан сайын жақындата түсетін жақсы дәстүрді жаңғыртқан университет басшылығы бұл үшін тиісті жағдайлар жасаған. Білім мен біліктілікті арттыратын осынау шара аясында Намазалы Омашев, Ғаділбек Шалахметов, Жабайхан Әбділдин, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали сынды белгілі ғалым-профессорлармен қатар Кардиф және Техас университетінің тәжірибелі оқытушылары бір айы бойы I курс студенттеріне арнайы дәрістер оқитын болады. Университеттің оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлының айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты – Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүрген студент-жастардың әлеуетін көтеріп, бірінші курсқа түскен талапкерлердің білім-ғылымға деген қызығушылықтарын арттыру.
Осы бағытта әрбір дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері ел мен жер, мемлекеттік мүдде және азаматтық жауапкершілік, Қазақстанның сыртқы саясаты, Алаш идеясы, этнология және елтану мәселелеріне арналған жан-жақты дәрістер оқытылады. Аталған шараның жоспарында университет ректоры Бақытжан Әбдірайымның «Әлем және Қазақстан: Еуразиялық жобаға – 15 жыл», ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Этнология және елтану жүйесі», профессор Жабайхан Әбділдиннің «Философия – ғылым және өркениеттің биік нысанасы» атты дәрістері тыңдалуда.
Еуразия ұлттық университетінің I курс студенттеріне арналған «Елдік дәрістер» іс-шарасы осы жоғары оқу орнының 1000 орынға есептелген ең үлкен мәжіліс залында өтуде.