Елорда халқының талғамын тәрбиелейтін театрлар марапатталды
Театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны һәм халыққа үздіксіз қызмет ететін мәңгілік өнердің түрі. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында халықаралық театр күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шарада елордадағы театр ұжымдарының жетістіктері аталып, үздік әртістер марапатталды.
Астана қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов атаулы күнге байланысты жолданған қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің құттықтау хатын оқып берді. «...Өнер саласының ішінде театрдың алар орны қашанда бөлек. Көрермен көңілін нұрға, жүрегін жырға бөлейтін де, қоғамның рухына дем, ішкі жан дүниесіне ем беретін де – театр өнері. Ендеше, елорда халқының талғамын тәрбиелеп, рухани байыта түсуге қызмет етіп келе жатқан Астана қаласының театр ұжымдарына «еңбектеріңіз жансын» демекпін!» делінген хатта. Мерекелік шара барысында Астана қаласында театр өнерінің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан бірқатар актерлер мен ұжым жетекшілеріне елорда әкімінің Алғысхаттары, сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева мен Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловтың атынан құттықтау хаттар табысталды.
Қазіргі таңда Астанада жеті театр, 23 кітапхана, бес мұражай, мемлекеттік филармония, үш балалар музыка мектебі, өнер мен көркемөнер мектептері жұмыс істейді. Алатаудан Сарыарқаның сайын даласына көш келгенде қалада бар-жоғы екі театр ғана бар еді. Оның бірі – ғасырдан астам тарихы қалыптасқан М.Горький атындағы Орыс драма театры. Осы уақыт аралығында театр үздік сахналық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Бүгінгі репертуары жергілікті авторлармен қатар, әлемдік және орыс классиктерінің туындыларымен өте бай. 1991 жылдың 15 қарашасында Астана қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ашылды. Бұл мәдениет ошағының ұжымы шымылдығы ашылған күннен бері әрдайым ізденіс үстінде. Олардың алға қойған мақсаты да – көзіқарақты көрерменге сапалы қойылым қойып, салт-санамызға сай спектакль ұсыну. Бас қаламыздың мәдени өмірінің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ұжымның тағы бірі – «Наз» би театры. 1999 жылы Мемлекеттік филармония жанынан «Наз» халық биінің кәсіби ансамблі ретінде құрылған еді. Бүгінде олар «Шабыт» халықаралық байқауының бас жүлдегері, Шара Жиенқұлова атындағы байқаудың тұңғыш жеңімпазы және Қазақстан жастар сыйлығының лауреаты атанып отыр. Сондай-ақ халықаралық фестивальда «Алтын мүсінші» сыйлығын және Ресейдегі ІІ Хореографтар байқауының жүлдесін иеленді. Елордада 2006 жылы құрылған «Терра» би театрының шығармашылық ұжымы би өнерінің саналуан түрлі бағытын меңгерген. Өнер ошағы мың бұралған талантты қыздардан жасақталған. Олардың еншісінде бүгінде 80-ге жуық би бар. 2007 жылы Астана театрларының қатарына тағы бір жас театр қосылды. Астана қалалық жастар театры елорданың өскелең ұрпағын этикалық және эстетикалық көзқарасқа тәрбиелеуді мақсат етеді және көрерменнің патриоттық рухта тәлім алуына ықпалын тигізетіндей қазіргі заманғы қойылымдармен қамтамасыз етуді басты ұстанымдары деп санайды. 2009 жылы сәуір-мамыр айларында шығармашылық топ Алматы облысындағы 12 аудан мен 36 елді мекенге 55 күндік гастрольдік сапармен барып, соңғы он жылдықтағы еліміздегі театрлар тарихында болмаған рекордты жаңартқанын мақтанышпен айтады. Бүлдіршіндер көңілін баурап алған ұжымдардың бірегейі – елорданың Қуыршақ театры. Бірнеше жыл бұрын құрылған театрдың балалар назарына ұсынылатын шығармалары жас бүлдіршіндердің психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып таңдалып алынған. Қуыршақ театрының жалпы қоғамдық мәні зор. Себебі ол баланы жастайынан сезімталдыққа, рухани тазалыққа баулиды, кең дүниетаным қалыптастыруға септігін тигізуде. Және ерекше атап өтетін ұжымдардың бірі – Астана қалалық көңілді тапқырлар театры. Бұл ұжым, негізінен, қалың қазаққа «Базар жоқ» атымен жақсы таныс. Өздерінің әдемі әзілдерімен ел-жұрттың көңілін тапқан көңілді тапқырлар театрының жетекшісі – Тұрсынбек Қабатов.
Ғани ҚҰЛЖАНОВ, Астана қалалық жастар театрының директоры:
– Бүгінгі мерекемен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Атаулы күн қарсаңында біздің ұжым да марапаттан кенде қалған жоқ. Жастардан ғана құралған жас театрмыз. Ұжым ХХ Халықаралық театр фестивалінде Гран-приді иеленіп, ҚР Президенті қорының жүлдесін алды. Репертуарымыз өте ауқымды. Жеңіл-желпі емес, ой салатын, достыққа, туыстыққа, әдемілікке шақыратын спектакльдер көп. Тек қиналған жеріміз – бұған дейін ғимаратымыз болмай, көшіп-қонып жүрдік. Қазір Астана қаласындағы Оқушылар сарайының сахнасындамыз. Ең қызығы — бес жылда біз бес Гран-при иелендік. Мұның барлығы – Жастар театры актерлерінің толассыз еңбегінің нәтижесі деуге болады. Театр – бұл сан түрлі өнердің басын қосқан ғажайып та сұлу әлем. Осы бір сұлу әлемді мекен еткен өнер иелері кәсіби мерекелері қарсаңында лайықты бағаларын алды.