"Елуімде ұл тапқыздым": Атақты "Қарағым-ай" әнінің орындаушысы жеке өмірі туралы айтты
Атақты "Қарағым-ай" әнінің орындаушысы, көптен бері жұрт назарына ілінбей кеткен Сүлеймен Ибрагимов елу жасында шекесі торсықтай ұл тапқызғанын айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы өнер иесі Youtube желісінде журналист Марал Анарбекке берген сұқбатында айтты.
Оның сөзінше, 50 жасында Олжас есімді ұлы дүниеге келген. Баласының тұсауын атақты ақын Олжас Сүлейменовтің кескені белгілі болды.
"Кейбіреулер қалжыңдап Елубай қоймадың ба деп айтады. Олжас деп есімін үйдегі жеңгең қойды. Олжалы бала болғанын қалады", - деп ағынан жарылды өнер иесі.
"Елуде ұл тапқызсаңыз бұл сіздің мықтылығыңыз бен күштілігіңіз болып тұр ма" деген журналисттің сұрағына, "Құдайға шүкір. Алла берген денсаулықтың арқасы", - деп қысқа қайырды ол.
Сонымен қатар, Сүлеймен Ибрагимов соңғы рет шығармашылық кешін 2007 жылы өткізгенін сөз етті. Ол алдағы уақытта тыңдармандарын қуантып, жеке концерт беруді жоспарлап отыр.
Өнер иесі өзін қазақстандықтар "Қарағым-ай" әнімен танитынын жасырған жоқ.
"Кеңес Дүйсекеевке "Қарағым-ай" әні үшін ескерткіш қоюға болады", - деді әртіс.
Айта кетейік, "Қарағым-ай" туындысының әуенін сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев шығарса, мәтінін халық ақыны Шөмішбай Сариев жазған.