Ең әдемі қыз Ақтөбеде тұрады
Жақында елімізде «Little Miss Kazakhstan-2009» атты сұлулық сайысы болып өтті. Балғын қыздар арасында өткізілген байқауға еліміз бойынша 60-тан астам үміткер қатысқан. Солардың арасынан ақтөбелік Диана Елеусізова бас жүлдені жеңіп алды. Қазақстандағы ең әдемі қыз енді Оңтүстік Африка Республикасында ұйымдастырылатын халықаралық әсемдік байқауында еліміздің намысын қорғамақ.
Ақтөбелік Диананың жасы бар-жоғы 5-те. Ол мектеп табалдырығын енді аттағалы жүр. Әйтсе де бала кезінен шығыс биіне икемі бар өнерлі қыз республикалық байқауда бақ сынауды жөн көріпті. Сұлулық сайысының ережесі бойынша үміткерлер ұлттық нақышта тігілген костюмдерді халыққа көрсетіп, әділқазыларды өз өнерлерімен тәнті етуі керек болатын. Барлық сыннан мүдірмей өткен ақтөбелік ару байқаудың күрделі болғанын айтады. Дегенмен Диана үлкен дайындықтың арқасында алтын тәжге қол жеткізгеніне өте қуанышты.
Бірнеше аптадан соң, Диана Елеусізова Оңтүстік Африкада тамыз айында өтетін ауқымды әсемдік байқауына қатысатын болады. Ал оған дайындық оңтүстік астанада өткен «Little Miss Kazakhstan-2009» байқауынан кейін басталып та кеткен. Қазірде Дианамен еліміздің ең білікті мамандары жұмыс істеп, сұлулық сайысына дайындық қызу жүріп жатыр.