«Енді әйел образын сомдамаймын»: Нұртас Адамбай атышулы «Сабина келін» рөлінен бас тартқанын мәлімдеді
Соңғы кезде белгілі актер Нұртас Адамбай ұлттық мәселелерді сөз етуге көшкен. Ол: «Біздің халыққа оянатын уақыт келді! Біз шын мәнінде өзіміздің кім екенімізді және біздің ата-бабаларымыздың кім болғанын еске алатын кез келді» деген сарында сөз бастайтын болған. Оған не себеп?
Жақында ғана Диснейдің «Базз Лайтер» анимациялық фильмі отандық кинотеатрлардан көрсетілмейтіндігі мәлім болды. Оған дейін актер Нұртас Адамбай өзінің Instagram парақшасында аталған мультфильді отандық кинотеатрлардан көрсетпеу туралы билікке үндеу жасады. Оның айтуынша, анимациялық фильмде ЛГБТ ашық түрде насихатталады.
Алайда, белгілі продююсер Баян Алагөзова өзінің Instagram парақшасында аталған мульфильмнің көрсетіліміне шектеу қойылғанына қарсы екенін білдірді. Сондай-ақ, Баян өз жазбасында Нұртас Адамбайды да сынға алып, ЛГБТ көрінісі актердің түсірген кинотуындысында да бар екенін атап өтті.
NEGE тілшісі актер Нұртас Адамбайға хабарласып, бірқатар сауалға жауап алуға тырысты.
– Нұртас, сіз соңғы кезде пікіріңіз мүлдем өзгеріпті. Тіпті, 180 градусқа десе болғандай...
– Оянатын уақытымыз келді. Біз балаларымызға нені үйретуіміз керек? Оларға қандай үлгі көрсетуіміз керек? Жаратқанға сенім арта отырып, біз өз мәнімізді тауып, өзімізге қайта оралуымыз керек! Біз бүгін жауларымыздың тыныш жатпайтынын көріп отырмыз. Олар біздің жастарымызға өздерінің орынсыз құндылығын насихаттай жүріп, оларды жолдан тайдырып, азғыру жұмыстарын жүргізуде. Олар азаматтарымыздың либералдық құндылықтарын қорғайтындай көрініп, қараны ақ деп алдау арқылы және осыған бізді сендіру үшін үлкен күш салып келеді.
– Өткенде Диснейдің «Базз Лайтер» анимациялық фильмін отандық кинотеатрлардан көрсетпеу туралы үндеу жасап, онда ЛГБТ ашық түрде насихатталады дедіңіз. Бұл пікіріңізге қарсы болғандар да табылды. Одан кейін «Тор: Любовь и гром» фильмін де көрсетпеу керек депсіз.
– Соңғы кезде кинотеатрларда «Тор: Любовь и гром» фильмі көрсетіліп жатыр. Бұл да гомосексуалдық қарым-қатынасты насихаттайды. Бұл фильмге қандай негізге сүйеніп лицензия берген? Меніңше, бас прокуратура бұл мәселені тексеріп, фильмнің прокатын тоқтатуы қажет. Біздің мемлекетте заңды ешкім алып тастаған жоқ. Биыл «Балалар жылы» екенін ескерсек, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлу керек.
– Кезінде өзіңіз де талай кинода («Келинка Сабина», т.б.) әйел образын сомдадыңыз. Мұнда да сіз көтерген мәселенің бір көрінісі бар дегендер көп. Не дейсіз?
– Осы сұрақты қоятындар көп. Яғни, мұны балалардың гомосексуалдық көріністерді көруіне қарсы еместердің іс-әрекеті. Біз түсірген фильмде ондай көрініс жоқ. «Сабина» – әйел образы және оны еркек актер сомдайды. Бұл – комедия. Бұл рөл талай адамға ұнады да.
Бір кездері «Тамаша» ойын-сауық театрында да актер Құдайберген Сұлтанбаев әйел образын сахналады. Тұрсынбек Қабатов КВН-де ененің рөлін алып жүрді. Бәріңіз білетін «Дом большой мамочки» фильмінде де әйелдің рөлінде еркек ойнап шықты. Оның ешқайсысы да «гомосексуалистің» рөлі емес. Бұл бар болғаны – рөл. Қазір ЛГБТ жақтастары менің әйел образындағы рөлдерімді айтып, қоймай жатыр.
Себебі, нақты дерек келтіріп, айтатын ештеңесі жоқ. Осыдан кейін өздеріңізге сұрақ қойып көріңіздерші. Шынымен де, балаларыңыз әйел мен әйел, еркек пен еркек сүйісіп жатқан мультфильмді көргенін қалайсыздар ма? ЛГБТ өкілдері қалай өмір сүреді және немен айналысады өздері білсін. Бірақ мұны балаларға қоғамдық орындарда, кинотеатрларда көрсетудің қажеті жоқ.
– Алдағы уақытта әйел образын сомдайсыз ба?
– «Келинка Сабина» жобасын енді түсірмейміз. Біз бұл жобаны жаптық. Әйел образын енді сомдамаймын. Жасым да келмейді.
– Соңғы уақытта ұлттық мәселені, балалардың болашағы туралы жиі айтып жүрсіз? Оған басты себеп – қажылық парызыңызды өтеу ме? Әлде, ұлттық инстинкт оянды ма?
– Қазақпыз ғой. Адам өзгереді дегендей. Осындай мәселені көтеретін жасымыз да келді. Біз айтпасақ, кім айтады? Өз баламызды ойламасақ, кім ойлайды? Қажылыққа барып, Алланың жолына түстім. Алла тағала сондай маңызды мәселелерді айтуды үйретіп жатыр.