Ерен есімдер ескерусіз қалмайды
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аудиториялары белгілі ғалымдардың есімдерімен аталатын болды.
Бұл — осы облыстағы тұңғыш жоғары оқу орнының қалыптасуына үлес қосқан ғалымдарды еске алу күніне орай және аталған білім ордасының 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған арнайы шара аясында қолға алынып отырған игілікті істердің бір парасы.
Аудиториялардың біріне тарих ғылымының докторы, академик Тоқмұхамед Садықовтың есімі берілсе, кейбір кабинеттерге оқу орнының алғашқы ректорларының бірі Евгений Мирошниктің, ғылым жөніндегі проректор, 40 жыл өмірін физика саласындағы зерттеулерге арнаған ғалым – Василий Волошиннің және математик Қанатбек Қайырбаевтың есімдері жазылған тақталар орнатылды.
Салтанатты рәсімде Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын: «Бұл кісілер — біздің оқу орнымыздың қалыптасуына және облыста жоғары білім саласын жетілдіруде үлкен рөл атқарған азаматтар және еліміздегі білім жүйесінің дамуына қомақты үлес қосқан ғалымдар», — деп атап көрсетті.