Еркеш Шәкеев, сазгер: Мен өзімнің неоклассика жанрында әуен жазатынымды енді білдім
Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде әлемге танытқан атақты скрипкашы-виртуоз Марат Бисенғалиев пен белгілі композитор Еркеш Шәкеевтің «Inception» атты альбомы жақында жарыққа шықпақ. Авторлардың айтуынша, бұл неоклассика жанрындағы симфониялық музыка өте сұлу, әсем сазды, лирикалы дүниелер. Таяуда, мамырдың 12-сі күні "AIR studios" (London)" британдық студиясында Марат Бисенғалиев пен Лондонның симфониялық оркестрінің орындауында Еркеш Шәкеевтің шығармалары жазыла бастады. Саналы ғұмырын музыкаға арнаған сазгер Шәкеевтің шығармашылығына әлем мәдениетінің есігі ашылды. Алматыда журналистермен кездесу кезінде маэстро өзінің осы қуанышты хабарымен бөліскен еді.
Еркеш ШӘКЕЕВ, компазитор:
– Мен ес білгелі музыка жазып келемін. Маған әуен ғарыштан келеді, мен тек сол музыканы ойнаймын. Алғашында гитараға арналған бард әндер жаздым, одан кейін попса жанрына арналған әндермен айналыстым. Ал қазір, міне, неоклассика жанрында музыка жазып жүрмін. Яғни, менің шығармашылығмды эволюция деуге болады. Мен тіпті өзімнің жазып жүрген әуендерімнің неоклассика екенін де білмеппін. Бұрын маған скрипкашылар әуен жазып бер дегенде оны қалай жазамын деп ойлаушы едім. Мені қанаттандырған мараттың бір ауыз сөзі. Ол «скрипкаға әуен жазу тура дауысқа арнап әуен жазумен бірдей» деген болатын. Осыдан кейін мен өзімнің бұрын да классикалық шығармалар жазғанымды, қазір де жаным осы музыканы қалайтынын түсіндім. Менің музыкамды тыңдаған достарым, кәсіби компазиторлар, шетелдік мамандар жоғары бағалап жататын. Алайда айтылған сөз айтылған жерде қалып, жазған әуендерімнің әлемдік деңгейге көтеріле алмағанына, тыңдарманына жете алмағанына қынжылып жүретінмін. Әсіресе, осыдан екі жылдай бұрын «Еркештің 50 хиты» атты концертімді өткізгеннен кейін мүлде ешқандай тапсырыстар қабылдамай, тек өзімнің шығармашылығыммен айналысып жүрдім. Енді міне, Марат Бисенғалевтің арқасында шығармашылығым жаңа белеске көтерілді. Марат тек ғажап скрипкашы, орындаушы ғана емес, әлемдік мәдениетте, музыкада үлкен беделге ие тұлға, іскер продюсер.
Еркеш Шәкеев пен Марат Бисенғалиев өткен жылдың желтоқсан айында танысады. Олардың танысуына себепкер болған белгілі кәсіпкер Райымбек Батталов деген азамат. Ол Еркештің әндеріне ғашық, оның талантын жоғары бағалаушылардың бірі. Еркештің айтуынша, Маратпен танысқан соң, оның өмір бойғы арманын жүзеге асыруына мүмкіндік туды.
Музыка алыптарының ортақ жинақтарына Марат Бисенғалиевтің жеке орындауындағы және симфониялық оркестрге арналған 11 композиция енбек. Жобаның атқарушы продюсері Райхан Ескендірованың айтуынша, альбомды жазудан бастап пост-продакшнға дейін 2 ай уақыт өтеді. Жалпы классикалық жанрдағы альбомның жарыққа шығуы кемінде бір жыл уақытты, қажырлы еңбекті талап ететін күрделі жүйе. Альбомның саундпродюсері англиялық продюсер Александр Ван Инген. Атқарушы продюсер DECA Сlassics. Аранжировкасын Ұлыбританияның, Канаданың, Италияның мамандары жасауда Кәсіби мамандардың жазылған музыкаға қатысты айтылған алғашқы пікірлерінен-ақ альбомның қандай сұранысқа, беделге ие болатынын аңғаруға болады. Айталық, Элвис Преслиге, Рэй Чарльзға, Джо Коккерге, Клифф Ричардқа арнап музыка жазған ағылшын сазгері Гай Флетчер фантастикалық музыкаға бірден ғашық болғанын жасырмады.
«Мен кейінгі жылдары жазған әуендерім көзім тірі кезде әлемдік деңгейге көтеріле алмайтын шығар деп ойлаушы едім. Өйткені бұған дейінгі бірнеше талпынысым сәтсіз болды. Бұған әрине, менің дұрыс бағыт таба алмауым себеп болды деп ойлаймын. Осыдан бір айдай бұрын «A`Studio» концертінің алдында мен Маратқа хабарласып, екеуміздің ортақ альбомымызды жарыққа шығаруға достарым демеушілік етуге емеурін білдіргенін айтқанымда ол менің бұл жаңалығымды үлкен ықыласпен қабыл алды. Ол маған осы жобамызды Лондонның корольдік симфониялық оркестрімен жазуды ұсынды. Мараттың абыройының арқасында корольдік симфониялық оркестр бірден келісімін беріпті. Міне, қысқа ғана уақыттың ішінде осы жинағымызды шығаруға Марат үлкен күш салып, алғашқы дыбыс жазу жұмыстары да басталып кетті. Осы орайда маған үлкен қолдау білдірген Сауат Мыңбаев досыма рахметімді айтамын», дейді Еркеш Шәкеев. Сондай-ақ компазитор өзіне, өнеріне үлкен қолдау білдіріп, демеу болып жүрген достары Батыр Қазыбаевқа, Арман Шураевқа, Арманжан Байтасовқа ерекше алғысын білдірді.
Марат Бисенғалиев пен Еркеш Шәкеев болашақта Берлиннің, Голландияның, Алматының симфониялық оркестрлерімен бірлесіп альбомдар жазбақ. Олар алдағы уақытта үлкен концерттік жобалар ұйымдастыруды да жоспарлап отыр.