Ерлігі елге мұра болған Қапай батыр
Ер есімі – ел есінде. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында Отанын қорғауда ержүректік танытқан Кеңес Одағының Батыры Қапай Ысқақовтың құрметіне орай ескерткіш тақта бой көтерді.
Салтанатты шараға Қапай батыр атындағы мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты. Мерейлі рәсімді ашу құрметі аудан басшысы Т. Қасымжанов пен еңбегі сіңген құрылысшы С.Х.Шәріповке берілді. Сөз алған ел ағалары сұрапыл соғыста кеудесін оқ пен отқа тосқан майдангерлерді ұмыту мүмкін еместігін баса айтты. «Мұндай ескерткіш тақтаның бой көтеруінде де үлкен мән бар. Ерлікпен қаза болған Кеңес Одағының Батырының атан кейінгі ұрпақ әркез жадында сақтап жүруіне осындай игі бастама үлкен септігін тигізері сөзсіз», – деді.
Жармадан сұрапыл соғысқа аттанған 12 523 жауынгердің ішінде батыр атағына ие болған тоғыз ердің ішінде болған Қапай Ысқақовтың ерен ерлігін жерлестері ешқашан ұмытпақ емес.
Дүние отқа оранып, оқ ауада зулаған қанды майданда сегіз рет ауыр, сегіз рет жеңіл жараланған ол 1418 күн мен түнге созылған соғыста қайталанбас ерлігімен танылған еді.
Облыс орталығы Өскеменге қарай бағытталған жолдың бойынан іргесі қаланған әсем ескерткіш батыр Қапай Ысқақовтың отансүйгіштігі мен ерлігінің өшпес белгісі болып қала бермек. Салтанатты шара кезінде ескерткішке гүл шоқтары қойылып, шашу шашылды.