Ернар Айдар, жастарды азғырғаның не?!
Қазіргі ақындар, әншілер мен қоса жастарға таңым бар. Жаңадан ән шықса болды қалтафондарына жүктеп алады да, оның мән мағынасына назар салмай жын ұрған бақсы секілді соған елітіп, құлақтарына құлаққаптарын жабыстырып бастары айналады да жүреді. Ал, тыңдап жүрген әндері өкпелемесін, иісі қолқаңды қауып, жүрегіңді көтерер қоқыстан да жаман. Тіпті жолай кетсең ауру жұқтырады деп айтпасқа лаж жоқ. Дәл соның бірі Ернар Айдардың «Тым болмаса» деген әні. Мұның вирусы тіпте қауіпті, иісі қолқа қаппақ түгілі, дереу жүрегіңді көтеріп, басыңды айналдырары анық. Ер азамат басымен осындай мақсаттағы өлеңді орындап жүрген және оған елітіп, ұнатқан жігіттерді мен езден де төмен дер едім. Әнінің сөзін қараңыздар да, өздеріңіз талдап алыңыздаршы:
“Енді көрмеймін мөлдір көзіңді жанымды баураған,
Енді сезбеймін сол бір сезімді биікке самғаған.
Жүрегім бірақ, жүрегім бірақ әлі сен дейді,
Алыстап менен кеткеніңе шын жаным сенбейді.
Қайырмасы:
Тым болмаса сүйемін деп алда, мені алда,
Тым болмаса күтемін деп алда, мені алда.
Көнемін үнсіз алдауыңа да, амалым бар ма,
Білмеймін сенсіз күтеді нелер жаным-ау алда.
Жаным-ау алда.
Болашағымды сенімен бірге болар ма деп ем,
Өзіңсіз мына кеудемде сөнбес арманға сенем.
Жүрегім бірақ, жүрегім бірақ әлі сен дейді,
Алыстап менен кеткеніңе шын жаным сенбейді.
Қайырмасы:
Тым болмаса сүйемін деп алда, мені алда,
Тым болмаса күтемін деп алда, мені алда.
Көнемін үнсіз алдауыңа да, амалым бар ма,
Білмеймін сенсіз күтеді нелер жаным – ау алда.
Жаным-ау алда”, – деп адамшылыққа жат ұсыныс жасайды. Бұл адам арасындағы байланыс емес ғой. Сонда осы алдауымен жүріп үйленсе арты ашыналық емес пе? Осы әнімен бұл әнші жастарға қандай тәрбие беріп жатыр? Осыны ән деп тыңдайтын жастардың да жетесіне таңым бар. Алдап-арбау тек қудың ісі болса, бұл әннің көздеген мақсаты не? Онсыз да шаңырақтарымыз алдамшы, сенімсіз болып, қанша шаңырақ шайқалып, қанша шаңырақ ортасына құлады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметінде 2007 жылдың 10 айында республика бойынша 121 мың 313 неке тіркелсе, олардың 31 мың 72 отбасы ажырасап кеткен. Ал, 2008 жылы осы уақыт аралығында тіркелген 113 мың 121 некенің 30 мың 150 -нің дәм- тұздары жараспаған. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, жаңадан отау құрған 10 отбасының 3-4-нің бір жылда шаңырағы ортасына түседі деген сөз!
Бұл не, жастардың махаббатының жалғандығы ма, әлде сезімнің өткіншілігі ме немесе біріне-бірінің сенімдерінің жоқтығы ма? Біздің әрбіріміздің шаңырағымыздың болашағына деген сенімсіздік мемлекеттің болашағына қауіп төндіретінін білеміз бе? Өкінішке орай қазіргі жас жұбайлардың біріне бірінің сенімі азайып бара жатыр. Сенімсіздігінің асқынғандығы сонша ер азаматтар көлік, үй, жер секілді құнды мүліктерді өз атына емес, әке-шешесінің атына жазатын болып барады. Неге деп сұрай қалсаңыз «кім біледі, ажыраса қалсақ бөліске түспейді ғой» деп жауап беріп жүр. Тіпті бір жігіттер «менің атымда көптеген дүние мүлік болса, әйелім ажыраса қалса соларды бөліп, әйтеуір күн көрермін дейді. Сондықтан бұл әйел баламнан айырылмаудың бір тәсілі» деп түсіндіреді. Алла сақтасын, бұл қай беталыс екенін білмеймін, бірақ ел ішінде орын алып жатқан шындық. Бұл вирустан өзің аман болғаныңмен балаңа жұқпас үшін не істеуің керек? Ғаламторды ашып, «ажырасу» деп іздеуіне жаза қалсаңыз, Алла сақтасын адастырар жолға бастар түсіндірмелер толып тұр. Яғни, «Ажырасушыларға кеңес», «Ажырасу Заңы», «Ажырасу арыз үлгісі» деп сыңсып тұр. Соның ішіне кіре кетсеңіз қалай ажырасуға болатыны, тез ажырасу үшін қандай айла тәсіл жасау керектігі, алимент, дүниені бөлісу барлығы, барлығы бар. Тіпті түсінікті, тәппіштеп жазылғаны сол ажырасуға қарай талайдың ойын жетелеп ақ кеткісі келіп тұр.
Ал, махаббат ше, Ернар Айдарлардың алдауға үйреткеніндей жалған ба, әлде М. Шаханов жырлағандай жоқ па? Иә, Мұхтар ақынның «Айжанармен жекпе – жек» өлеңінде:
– Махаббат жоқ! – деп күрсiндiң, ызғар шашып қабағың.
Мен жүзiңе аң-таң қалып ежiрейе қарадым,
Қарап едiм, жасқа толып кеткен екен жанарың.
- Махаббат жоқ! – дедiң тағы, ол – әншейiн далбаса,
Ғашықпын деп, Сүйемiн деп, Сенем деп,
Адамдардың бipiн-бipi алдайтыны болмаса, – деді. Бірақ ақын шын махаббаттың мәңгі екенін, оның барлық қиындыққа төзетінін және адалдығын былай суреттеді емес пе:
– Иә, махаббат – қайсар құзды жарып өтер тасты жол,
Махаббатта сезiм ғана ойнамайды басты рөл,
Ұға алмадың сен оны, айнам.
Жеткен жерге талабың мен ақылың,
Ceзiмiң мен батылың,
Қырсыққанда, жетпей қалды шыдамың,
Әне, соның кecipiнен қаншама жыл жыладың.
Шыдам жоқта, төзiм жоқта,
Көкiрегiңде көзiң жоқта,
Жүрегiңде ерлiк жоқта қорғай алар шаттығын,
Махаббат та жоқ, күнiм!, - деп келіп:
Өйткенi асқақ азаматтық жоқ жерде,
Қайсар сенiм жоқ жерде,
Махаббат та жоқ, жаным! – деп азаматтықпен аяқтап еді ғой. Ал, қазіргі әншілер жылап сықтау, алдап кетті қойып, енді мені алдаға көшті. Осындай әндермен уланған жастарымыздың болашағы осы әнсымақтармен тағдырлас болмаса екен деп тілейсің.
Сакен Алдашбаев
namys.kz