Ес-ағаң екі темір тұлпар мінді
Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және директоры Есмұхан Обаевтың 70 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеш болып өтті.
Мерейтойлық кешке өнер, әдебиет, мәдениет, театр саласының қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, көрнекті режиссердің өмірдегі және өнердегі достары қатысты. Талантты режиссердің тойына Астанадан арнайы ат терлетіп келген еліміздің мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз атынан және министрліктің атынан мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жауып, Елбасының құттықтауын оқып берді. Құттықтауда:
«Құрметті Есмұхан Несіпбайұлы! Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Бұл айтулы белесіңізді қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, ұлттық театрдың шебері, ұлағатты ұстаз ретінде қарсы алып отырсыз. Сіздің өмір жолыңыз қазақ сахна өнерінің өркен жаюымен, рухани құндылықтарымыздың түлеп-түрленуімен тығыз байланысты. Кемеліңізге келіп, шығармашылық әлеуетіңіз толысқан шақта қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жетекшілік жасап, оның шығармашылық көркемдік қуатының одан әрі шыңдалып, нығая түсуіне елеулі еңбек сіңірдіңіз. Театр сахнасында әлемдік және қазақ ұлттық классикасының үздік үлгілерін, жүзден астам қойылымды көрерменге ұсындыңыз. Мерейтой сәтінде өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке, шығармашылық табыстар тілеймін», – делінген.
Ал Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтауын қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жеткізіп, қала басшысының сыйлығы – темір тұлпардың кілтін табыс етіп, Ес-ағаңның иығына шапан жапты.
Мерейлі кеш барысындағы екінші темір тұлпарды мерейтой иесіне өзінің туған жері Алматы облысы әкімдігі мінгізді. Облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың құттықтауы мен сыйлығын аппараттың өкілі Ардақ Садық жеткізді. Ол сонымен қатар Есмұхан Обаевқа облыстың ең үлкен сыйлығы болып табылатын – «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілгендігін жария етіп, әкімнің атынан арнайы медальді табыс етті.
Сонымен қатар өнер қайраткерін Нұрлан Оразалин, Тұрарбек Асанов, Мұрат Ахмадиев, Арыстанбек Мұхамедиұлы сынды әріптес, замандастары құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты жиын барысында Есмұхан Обаевтың режиссер, мәдениет қайраткері ретінде атқарған жұмыстарына баға беріліп, шығармашылық өміріне шолу жасалып, Қазақстан өнері мен мәдениетіне, театр саласына сіңірген еңбегі атап өтілді. Кеш мерейтой иесі басқаратын Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры ұжымының сахна тарланына арнайы дайындаған қойылыммен аяқталды.
Тағы бір айта кетерлігі, мерейтой қарсаңында «Әйгілі адамдар» сериясымен «Режиссер Есмұхан Обаев» деп аталатын жаңа кітап пен суретті жинақ жарық көрген болатын. Бұл басылымдар көрнекті театр режиссері, өнер және мәдениет қайраткері, ҚР халық әртісі, профессор Есмұхан Обаевтың өнері мен өмір жолынан сыр шертеді. Кітаптарда ұлттық театр режиссурасының көшін бастаған режиссер, Тәуелсіз Қазақстан өнері мен мәдениетінің салиқалы өнер саясатының жүзеге асуына көп еңбек сіңірген қайраткердің жастық шағынан бастап толысқан шығармашыл тұлға дәрежесіне көтерілген бүгінгі күнге дейінгі өмір-өнер кезеңдері кеңінен қамтылған. Аталған екі кітап та мерейтой сәтінде тұсауы кесіліп, өз оқырманына жол тартты.