Есенбай ақын өмірден өтті
Қазақ поэзиясының боз ала таңы, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы қайтыс болды. Марқұммен қоштасу 5 тамыз күні, сағат 11.00-де Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтеді.
Қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға душар болды. 72 жасқа қараған шағында көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбайұлы дүниеден өтті. 1940 жылы 16 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданы, Қалдайбек ауылында туған ол Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Жарқамыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігінен бастаған. Темір және Байғанин аудандық, Ақтөбе облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бөлім меңгерушісі, аға тілші болды. Одан кейінгі жылдарда «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі», «Өлке», «Раритет», «Білім» баспаларында аға редактор, Қазақстан Даму институтының «Саясат» журналында директор-редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында «Жазушы» баспасында Бас редакторлық қызметте болды. Есенбай ақынның тұңғыш жыр жинағы 1971 жылы «Бозала таң, Бозторғай» деген атпен жарық көрген. Содан бері 10-нан астам жыр жинағы мен таңдамалы жырларының екі томдығы жарыққа шықты. Есенбай Дүйсенбайұлы аударма саласында да жемісті еңбек етті. Баспа саласының білгірі 100-ге жуық кітапты құрастырды. Оның ішінде, «Екі мың жылдық дала жыры», «Дала даналары», «Нар заман мен зар заман поэзиясы», «Жеті ғасыр жырлайды» жинақтары, қазақ ақын-жазушыларының ең таңдаулы жауһарлары сұрыпталған жүз томдық «Алтын қор» сериясының елу томы бар. Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасында Бас жүлдені иеленген жыр жампозы 1996 жылы Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлыққа ие болды. 1990 жылы «Үшбұлақ» жыр кітабы үшін Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығы берілді. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер, көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбайұлының жарқын бейнесі оқырмандарының жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы