Есеновке ескерткіш орнатылды
Қызылорда қаласының төрінде алты алашқа аты мәшһүр ғалым Шахмардан Есеновтің тас мүсіні тұғырға қонды. Қазақ ғылымының өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан марқасқа жанның тас бейнесі өз атымен аталатын көше бойында асқақтап тұр.
Сыр жерінде кіндік қаны тамған ардақты азамат жиырмадан асқан шағында қазаққа жат тау-кен өндірісіне қызметке келді. Содан бастап ғылым жолындағы ізденісті жолдары жалғаса берді. Қойнауына қаншама қазба байлықты жасырған қазақ жерінен талай кен орындарының тұсауын кесіп, халықтың несібесіне айналдырды.
Одан кейінгі жылдарда еліміздің Геология министрі қызметінде болды. Жетпісінші жылдардың шамасында Қазақ Ғылым академиясының тізгінін ұстады. 1967 жылы Маңғыстау өңірінде газ-мұнай кендерін тапқаны үшін Ш. Есенов сол кездегі ең жоғарғы награданың бірі – Лениндік сыйлықты алды. Абзал аға осыдан 15 жыл бұрын алпыс төрт жасында дүниеден өтті.
Туған жер төсінде тас мүсіні тұғырға қонған белгілі ғалымның ескерткішінің ашылу салтанатына жиналған жұртшылық аз болған жоқ. Көзкөрген кісілер ардақты азаматтар жайында естеліктер айтты.
Екі жыл бұрын тұғырлы тұлғаның 80 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өткен еді. Араға екі жыл салып, Сыр жұртшылығы тағы да бір қуанышқа кенеліп отыр.
Кәмила ЕСЕНОВА, ғалымның зайыбы:
– Сыр жері қаншама ұлы азаматтарды өмірге алып келді. Қазақтың несібесіне айналған қаншама қазба байлық көзін табуда Шахмарданның еңбегі орасан. Осындай еселі еңбегінің арқасында көпшіліктің құрметтісіне айналған азаматты жерлестері де әрдайым еске түсіріп отырады. Бүгінгі ескерткіштің ашылуына ұйытқы болған барлық жанашыр жандарға өз отбасымның атынан алғыс білдіремін.