Есептен есе жібермедік
Соңғы уақыттарда қазақстандық жастар әлемнің әр елінде ұйымдастырылып жүрген түрлі деңгейдегі салалық, пәндік олимпиадаларда оң нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бұл да болса біздегі білім беру сапасының анау айтқандай әлсіз емес екенін көрсетсе керек. Сөзіміздің айғағы ретінде мынадай жаңалықтарға назар аудартқымыз келіп отыр.
Бразилиядан бос қайтпадық
Жақында Бразилияның Жаңа Гамбург қаласында өткен MOSTRATEC Халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасында қазақстандық 11 оқушы алтын медаль жеңіп алды. Бұл байқау осымен 20-рет ұйымдастырылып отыр.
«Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының хабарлауынша, білімді жастардың біліктілігін сарапқа салған олимпиадаға әлемнің 22 елінен оқушылар қатысты. Қазақстандық жастар құрамасындағы 16 оқушы жүлделі орындар үшін күресті және олардың барлығы жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Нәтижесінде 11 оқушы – алтын, 2 оқушы – күміс, 3 оқушы қола медальды жеңіп алды.
Мақтанышпен есімдерін атауға тұрарлық алтын алған жас математиктер –алматылық Нариман Халықов, Әділбек Сәпиев, Бибігүл Жанахметова, Бахтияр Қожамқар, Ғалымжан Тілеуболдинов, қызылордалық Ботагөз Нәдірова, Рысқал Тұрғанбекова, Ханзада Мырзабекова, оралдық Ерназар Сапашев, Ғалымжан Асылханов, Тимур Құсдәулетовтер елге жеңіспен оралды.
Қытайда қанжығамыз майланды
Бұған қоса, тағы бір жағымды жаңалықты «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы жеткізді.
Қазақстандық жас математиктер командасы Кунминг қаласында өткен Батыс Қытай математикалық олимпиадасында 2 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді қанжығаларына байлапты.
Көршілес Қытай елінде өткен олимпиадаға еліміздің әр түкпірінен іріктеліп алынған 10-11 сынып оқушылары қатысқан.
Бір аптаға созылған білім жарысында Талдықорғандағы №20 мектеп-лицейінің оқушылары Нұрсұлтан Қажымұратов пен Қанат Сатылғанов алтын медаль жеңіп алды. Ал Павлодардағы №8 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Андрей Дробах күміс медаль иеленсе, дарынды балаларға арналған Ө.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушылары Темірұлан Мұсаев пен Медет Жанболатұлы, сондай-ақ елордалық қазақ-түрік лицейінің оқушысы Рауан Рахмет қола медальға қол жеткізді.
Қаперге
MOSTRATEC – ғылыми, шығармашылық, техникалық жобалардың халықаралық жәрмеңке-конкурсы. Оның негізі 1978 жылы Escola қорының бастамасымен қаланған. 1995 жылдан бері халықаралық сипатқа ие болған бұл байқауға өткен жылы Аргентина, Боливия, Бразилия, Франция, Германия, Испания, Түркия, АҚШ, Оңтүстік Африка, Молдова, Әзірбайжан елдерімен қатар, Қазақстанның жас математиктері де қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен.
Ал Қытай елінің жас математиктері жыл сайын өтетін түрлі олимпиадаларда тек қана алдыңғы орындардан көрініп жүр.