“Естайдың Қорланы...”
Қорланға әлемде жоқ ән арнаған Естай туралы не білесіз? Халқы үшін сырты нұрлы, іші сырлы ән-мұнара соғып кеткен Естайдың өнер жолы емес, өмір жолы қалай болды?
Махаббаттың жазылмаған заңына бас ұрып, екеуі екі бөлек шаңырақ болса да, жүрек үні қатар соққан Естай мен Қорлан бір-біріне жарты ғасырға жуық уақыт ғашық болғаны аңыз-ақиқат.
Жақында, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Иран-Ғайыптың қаламынан туған “Естайдың Қорланы” деп аталатын жаңа қойылымның тұсауы кесілмек. Қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов.
Оқиға желісі бойынша баласынан, әйелінен айырылып, соғыстан келген Естайдың барар жер, басар тауы қалмай, ақыры өзі шын сүйген Қорланға келеді. Естайын “Алты Алаштың арысы, Бар қазақтың намысы” деп бағалаған Қорлан оны бар сәнімен күтіп алады. Естайдың келгенін естіген жеңгесі Айнаш та қайнысының жадап-жүдеген мүшкіл халін көріп, қайғы мұңнан серпілуге, қайтадан ән салуға үгіттейді. Дерт пен қайғы жүрегін тұншықтырған Естайдың ән салмақ түгілі, домбыра ұстауға шамасы келмей жатқан-ды. 13 құрсақ көтеріп барлық баласы шетінеп кеткен, басы мұңнан арылмаған жеңгесінің сондағы мына сөзі Естайға күш-қуат береді. “Еркек кіндік сен тұрмақ, төмен етек менде күнәмнің кіршіксіз денесін көңіл нұрымен жуамын, Жарық күннің алтын елесін есім кеткенше қуамын. Күн нұрынан қуат аламын”. Айнаш қолындағы бесік таяғына өлген балаларының дүние мүлкін, шаш, тырнақтарын іліп алып жүреді. Адам төзгісіз қайғыға тап болған жеңгесіне Естай: “Қоғамы-кесел, Адамы-мешел бір зауал.Дұрысында біз өмірді сүрген жоқпыз, ойына келген ойранды істеп өмір бізді сүрді. Шертсем шертейін, Жеңеше” деп қолына домбырасын алады.
Бұл қойылым сюжеттері өткен өмірге деген аңсаудан, сағыныштан тұрады. Ол көріністер пескография (құммен сурет салу) және көлеңкелі театр арқылы көрсетіліп отырады. Яғни, өткен өмір - құм мен топырақ астында қалды. Естай да жоқ, Қорланда жоқ.Бірақ олардың елге жеткен әні бар, артында ғасырдан ғасырға кеткен махаббат аңызы қалды.
Бұл қойылым кейіпкерлері бұрынғы заман адамдары. Ал, оны бүгінгі заманмен, осы уақытпен қалай байланыстырамыз дегенге келер болсақ, қоюшы режиссер Мұрат Ахманов былай дейді: “Біз бұл қойылым арқылы өнер адамына қоғамда үлкен көңіл бөлінуі керек дегенді баса айтқымыз келеді.Естайдың басындағы қайғы, кешегі Мұқағали мен Шәмшіні де айналып өткен жоқ. Яғни, олардың әні мен өлеңін халқы бағаласа да, материалдық жағдайына ешкім көңіл бөлген жоқ.Тіпті, сол кезеңде тұрмыс қиындығынан араққа салынып кеткен қаншама таланттарымыз бар. Бүгінгі бар нәпақасын қазақтың тойынан тауып жүрген әртістер қауымына, өнер адамдарына үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінсе, қазақ руханиятының көші алға қарай жылжи берер еді. Біз сахналап отырған Естайда сондай тұрмыс тауқыметін, азабын аз шекпеген”.
Бұл қойылымдағы Естай мен Қорлан рөлін ҚР Еңбек сіңірген әртістері, ерлі-зайыпты – Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева ойнайды. Жеңгесі Айнаштың рөлінде – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Шолпан Сіргебаева, Қорланның күйеуі Қожықтың рөлін – талантты актер –Еділ Рамазанов және Ақсақал рөлін – жас актер Руслан Ахметов сомдайды.
Ия, қоғамда өнер мен әдебиетке көңіл бөлінсін десек, оны тудыратын таланттарға да жағдай жасауымыз керек. “Нан болса, ән болады” деген халықтың, өнерпазына деген құрметі де еш толастамауға тиіс. Шыныменде, “жаны қалмай жалпысы мақтап жатса да, ешкім оларды шын түсінбеген...”
Сонымен 18-19 маусым күндері Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына жаңа қойылымның тұсаукесерін тамашалауға шақырамыз. “Хас сұлудың көзіндей мөлдіреген – Театр өнері” сіз бен біздің көңілімізге нұр құйып, рухани әлемімізді тағы да бір туындымен байытпақ. Олай болса, “Жайма шуақ мезгілде көңілге қуаныш, сезімге жылылық берер сырлы сахна қойылымдарынан кеш қалмаңыздар!”
Біз сіздерді асыға күтеміз!
Бексұлтанқызы Нұрбике, Журналистика факультеті, 1-курс