Фариза ақын – туған жерінде
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова шығармашылық сапармен туған жері Атырауға келді.
Туған жеріне келген ақынды облыс басшысы Бергей Рысқалиев қабылдап, өз елінің патриоты ретінде өлеңдерімен елімізді әлемге танытқан Фариза Оңғарсынқызына жерлестерінің атынан алғысын айтып, сый-сияпатын ұсынып, ақын апамызға денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. Ақын мен әкім кездескен шарадан соң, облыстық әкімдіктің үлкен залында өңірдің зиялы қауымы, мемлекеттік қызмет, қоғамдық ұйым, мекеме басшылары, еңбек, соғыс ардагерлері, шығармашылық ұжым өкілдері Фариза ақын мен оның шашбауын көтере келген ҚР Парламентінің комитет басшысы Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев, Қазақтың қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева, Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева, Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұржан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, жазушы Рахымжан Отарбаев-тармен кездесті.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев облыс мәслихатының шешімімен және облыс әкімінің өкімімен Фариза Оңғарсыноваға «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағының берілгендігін хабарлап, ақынға медальді табыс етіп, облыс әкімінің жұртшылық атынан ақын апамызға автокөлік сыйға тартқанын айтып жеткізді.
Ақынын ардақтаған туған жердің ақынға деген ілтипаты ақынның шығармашылығына арналған арнайы көрме мен Махамбет атындағы қазақ драма театрында ақын шығармашылығына арналған театрландырылған көрініске ұласты.
Бірінен-бірі мағыналы өткен шараның соңғы күнінде Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда республикалық жас ақын қыздардың «Өлең, мен сені аялап өтем» атты жыр мүшәйрасы өтті. Оған аймақтардан он бір ақын қатысты.
Аталған мүшәйрада қызылордалық жас ақын 2007 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Назгүл Бердіқожа бас жүлдені иеленсе, бірінші орын астаналық ақын қыз Нұргүл Оқашеваға берілді. Екінші, үшінші орындар атыраулық Бақытгүл Бабаш пен Сыйлыгүл Наурызбекова және ақтөбелік Гүлжайнар Қалдиналарға бұйырды. Осылайша, Фариза ақынның туған жеріндегі аталып өткен шаралар өз мәресіне жетті.