Фатима тағдыры – ұрпаққа өнеге
Қазақта қайраткер әйелдер аз болмаған. Алдағы уақытта еліміздің сахналарында халқымыздың ұлы суреткер қаламгері Мұхтар Әуезовтің жары ардақты Фатима Ғабитованың тағдырлы ғұмырын баяндайтын драмалық спектакль қойылмақ. Осы орайда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Мұрат Ахманов, режиссер:
– Көрнекті ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Фатима» шығармасын сахнаға қоймақшы екенсіз. Осы орайда ерекше ақынның жазу стилін бейнелі образдармен алып шығу қаншалықты қиын болды?
– Иран-Ғайып ағамыздың драматургиясымен көптен бері таныспын. Бірінші қойған қойылымым – «Алтын ажал» деген трагедиясы. «Ана аманаты» деген атпен Қызылорда театрында бас жүлде алдық. Содан кейін бұл кісінің «Махамбет» драмасын қойғанмын. Бұл қойылым үлкен бір фестивальда бірінші орын алған. Иран-Ғайыптың өлеңді басқалардан өзгеше жазатын ақын екенін бәріміз жақсы білеміз. Әрбір сөзінде, сөйлемінде, әрбір көрінісінде қимыл бар. Режиссураны мықты меңгерген, сахнаға қажетті сұраныстардың барлығын ретімен үйлестіріп түзе білетін драматург. Фатима Ғабитованың өмірбаянынан бұл кісінің алдыңғы Б.Сүлеев, І.Жансүгіровтен айырылатын сәттерін, сосын үшінші жары Мұхтар Әуезовпен кездесетін сәтін алған. Сол замандардағы 1916 жылдан бергі қазақтың басындағы жайттардың бәрі өтеді ғой. Фатиманың өмір жолы сондай ауыр кезеңдерге келген. Аштықты, репрессияны, революцияны, Ұлы Отан соғысын бастан кешірген, жеті құрсақ көтерген қайсар ана. Соның алтауы жетіліп, соғыстан аман шығады. Майданда Жәнібек деген баласы қайтыс болады. Драманы алғаш оқыған кезде театрдың көркемдік кеңесінде кәдімгідей тартысты талқы өтті. «Фатиманы» сахналау қажет пе деген де ойлар айтылды. Дегенмен бара-бара ойға салып көрсек, балаларын қиын нәубеттен аман шығарып, тәрбиелеп-өсіру үшін де қаншама шыдамдылық, аналық қамқорлық, қайсарлық керек. Балалары үш әкеден болса да, оларды бір әкенің баласындай лайықты дәрежеде өсіре білген. Міне, осындай тағдырлы ғұмырдың драмаға толы көріністері бізді ақыры қызықтырды. Осы анамыздың тағдыры арқылы мен сахнада жалпы қазақтың басынан өткен сұрапыл кезеңдерді көрсеткім келеді. Қойылымда Фатима образымен қатар, балаларының да бейнесі ұсынылады. Бұл драмалық спектакль сонысымен балалар театрына керек болды. Мәселе онда да емес. Бұл үлкен «Ана» үш арысымыздан өзінен аумайтын үш ұл тауып беріп отыр. Олардың бәрі қазір – елге қызмет етіп жүрген азаматтар. Туындының тәрбиелік мәні басым. Өйткені бүгінгі аласапыран заманда бабаларын өзекке тепкен қаншама сормаңдай қыз бен ата-ана бар.
Ал біздің Фатимадай аналарымыз небір зұлмат кезеңдерде де азаматтары мен балаларына барынша адал болған, оларды жеткізіп, жетілдірген.
– Күрмеуі қиын кезеңді басынан кешірген тұлғалардың әйелінің рөлін сомдау оңайға соқпас, осы орайда Фатима образын алып шығу кімге сеніп тапсырылды?
– Фатима рөліне екі актриса қыз таңдалып отыр. Олар – Ақмарал Дайрабаева мен Ақбота Қаймақбаева. Тұрмысқа шықпаған кезеңдерін Динара, Арай, Гүлдана есімді жас актрисалар ойнайды. Қойылымның екі құрамын да жасақтап жатырмыз. Салыстырмалы түрде алғанда, қайсы құрам туындыны жақсы алып шығады деген мақсат қой біздікі. Меніңше, алдағы уақытта көрермен көңілінен шығуға болатын сияқты.
– Шығармада Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов бар. Осы тұрғыда қойылым қандай жанрда болмақ?
– Негізінен, түр-сипатының, болмысының ұқсастығын іздеп келіп отырған жоқпын. Сол кездегі драматургияда жазылғандай, басты мәселе – адамдардың жан дүниесін ашу. Төңкерістен кейінгі қоғам, 1937 жылғы алашапқын, «халық жауы» деген жаланың өршуі, соғыс жылдары, кеңес өкіметінің қызыл саясаты – осындай тарихи кезеңдер бір қойылымда бір ананың және үш бірдей қайраткер қаламгердің образы арқылы көрсетілмек. Қойылым жанры драма болады. Көлеңкелі театр элементтерін де қолданамыз. Белгілі композитор Болатбек Нұрқасымовқа музыка жаздырып жатырмыз. Қойылымға балетмейстер жалдап, халықтың тарихи оқиғаларын іс-әрекет, қимылмен, бимен шеше отырып көрсетпекпіз.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.