Фонограммаға тыйым салынса, әншілер аш қалмай ма?

Фонограммаға тыйым салынса, әншілер аш қалмай ма?

 Отандық әншілердің жанды дауыспен ән айтуын талап ететіндер соңғы кезде көбейіп келеді. Қарапайым халық қана емес, билік өкілдері де бүгінде фонограмма қолдануды заңмен шектеу керек деген бастама көтеруде. Мәселен, биыл наурыз айында ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына осындай талап қойды.

Айта кетейік, биыл елімізде Мәдениет туралы заңға өзгертулер мен түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл бағытта қазір министрлік жұмыс істеуде. Сенатор Еңсегенов болса осыны пайдаланып, әншілердің тек жанды дауыспен ән айтуын заңмен бекітіп алуымыз керек дейді.

«Әнші концертте өзінің өнерін сатады. Яғни, халық ол әншіні тыңдау үшін билет сатып алып, арнайы келеді. Енді сол ақша төлеген тұтынушы сапалы өнім алуы керек қой?! Дискке жазылған әнді тыңдарман өзі-ақ дүкеннен сатып алып тыңдай береді. Ал, концертке олар әншінің түрін көру үшін емес, жанды дауысын тыңдасақ деп келеді. Сондықтан, халықты алдауды қою қажет, концертті фонограммасыз өткізудің жолдарын қарастырыңыздар», - деді сенатор министр Арыстанбек Мұхамедиұлына.

Жасыратыны жоқ, қазақстандық эстрада әншілерінің барлығы дерлік концерттерде фонограммамен ән шырқайды. Тек тыңдарманын сыйлаған санаулы өнер иесі ғана жанды дауыста айтып жүр. Демек, Мәдениет туралы заңда фонограммаға тыйым салынып жатса, эстрада төрінде жұлдыздай жарқырап жүрген біраз әншіден көз жазып қалуымыз мүмкін.

Әнші Медет Салықовтың есімі қазақтілді тыңдармандар арасында кеңінен танымал. Ол – эстрадалық әндерді де, дәстүрлі әндерді де жанды дауыста қиналмай шырқайтын санаулы әншілердің бірі. Десе де, М.Салықов фонограммаға тыйым салуға түбегейлі қарсы екенін айтып отыр.

«Меніңше заң шығарып қажеті жоқ. Заңсыз да өзі бірте-бірте соған келе жатырмыз. Алғашқы жылдардағыдай емес, күн санап ВИА топтар көбейіп жатыр. Бұл дегеніңіз, эстраданың дамуына, оның фонограммадан жанды дауысқа ұласуына үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Ал, жанды дауыста ән айту үшін дыбыс реттеуші маман сауатты болу керек. Дыбыс құрылғылары сапалы болғаны абзал. Бірақ, əдетте мұндай құрылғыны құру қалтаға ауыр тиеді. Сондықтан, әнді сапалы етіп орындау үшін әншілердің фонограмманың көмегіне жүгінуі заңдылық. Дегенмен компьютердің көмегімен əнші боп жүргендердің арамызда аз еместігін мойындауға мәжбүрміз. Бұрынғыдай емес, қазір халықтың көзі ашық, шын өнер мен жын өнерді түсіне бастады ғой. Жанды дауысты тыңдай ма, әлде фонограмманы қолай көре ме, оны өздері шеше жатар. Шынында сапасыз дүние бірте-бірте көшке ілесе алмай қала береді», - дейді әнші Медет Салықов.

Кезінде «Мақсат пен Мақсат» деген атпен танылып, кейін қайта тарап кеткен дуэттің әншісі Мақсат Құрақбаев та фонограммаға тиісудің қажеті жоқ деген пікірде. Ол қазір топты қайта жаңғырту үшін еңбек етіп жүрген көрінеді. Сахнада жүргеніне 10 жылдан асқан әнші, өнерге деген құштарлығым қандай қиын сәтте де мені сахнадан алыстата алмады дейді. Айтуынша, өзі реті келсе қолына домбыра мен гитарасын алып жанды дауыста шырқауға құштар. Бірақ, дәл қазіргі таңдағы еліміздің маңдайалды концерттік залдарының өзі бұған мүмкіндік бермейді дейді әнші.

«Депутаттардың тек ғана жанды дауыста ән айтылу керек дегеніне қарсылығым жоқ, бірақ түбегейлі қосыла да алмас едім. Егер, техникамыз дұрыс болып тұрса бізде рахаттана ән шырқаушы едік. Фонограмма амалдың жоқтығынан айтылып жатқан нәрсе ғой. Мәселен, біз биыл Алматыдағы «Алатау» мәдениет сарайында концерт бердік. Сол кезде концерттің ортасында домбырамен жанды дауыста ән айтқымыз келген. Бірақ, сол жердегі дыбыс режиссері бізге қолайлы жағдай жасап бере алған жоқ. Себебі сарайдың техникалық деңгейі сын көтермейді. Рас, «МузАРТ» бір емес, бірнеше рет жанды дауыста концерт берді. Бірақ, ол концерт қалай берілді, оның деңгейі қаншалықты жақсы болды дегенге келетін болсақ, әркім әртүрлі пікір айтады. Олар өздері жақсы айтып жатса да, ар жақта тартылып жатқан инструменттер фальш ойнап қойып жатады. Сол жанды дауыс құлаққа сондай бір жағымды естілмейді ғой. Жалпы әншінің дауысы, музыкалық құрылғылардың дауысы қосылып шыққан кезде, біздегі дыбыс режиссурасы саласының қай деңгейде екені көрініп қалады», - дейді ол.

Фонограммаға заңмен тыйым салынса біраз әнші «аш қалмайды ма?» деген сауалға Мақсат былай жауап берді:

«Қанша жерден фонограмманы алып тастайтын заң енгізілсе де бұрыннан келе жатқан дипломы бар, кәсіби білімге бай әншілер сахнадан кете қоймайды. Олар кететін болса осы кезге дейін кетіп қалатын еді. Ал енді жаңадан шыққан, экономика саласын бітіріп алып өнерде сайран салып жүрген әншілер жеткілікті ғой. Сондықтан біразы өнермен қош айтыспаса да, «саңлақтардың» қатары сиреп қалатыны анық», - дейді ол.

Ал эстрадаға өзінің жаңаша стилімен қайта оралған әнші Бейбіт Күшқалиев өнердегі жанды дауыс мәселесінің заңмен бекігенін қос қолдап қолдайтындардың қатарында. «Мұны бүгінгі таңда талқылап отырудың өзі артық, баяғыда-ақ қабылдап тастау керек еді» дейді «KZ» тобының экс-әншісі.

«Бұған біздің ел әрине дайын. Бұл жерде дайын, дайын емес деп отырмай, бұрыннан солай жасап тастау керек еді. Өйткені қазір техника дамыған сайын дауысты да көркемдеп, ән айта беретіндер көбейіп кетті. Негізі білімді адамдар әншінің дауысының қаншалықты компьютермен өңделген-өңделмегенін байқап қалады. Бірақ, қарапайым халық байқай бермейді ғой. Мұндай жағдайда талантты нағыз музыканттар тасада қалып қойып жатады. Сол үшін аталған заң енгізілуі керек. Бәрібір ақиқат кез келген сәтте жоғары тұрады. Оны көлегейлеп тастай алмайсың. Әншілердің көбі аппаратура нашар, акустика нашар деп сылтау айта береді. Бірақ, жанды дауыстың аты жанды дауыс. Өзіңнің дауыс мүмкіндігіңді көрсетіп, халыққа шынайы өнер сыйлағанға ештеңе жетпейді. Әрине, тойға барған кезде фонограмма қолдану кешірімді. Себебі ол жердегі акустика, мейрамхананың техникалық мүмкіндігі барлық жерде жоғары емес. Ал республика сарайында, ірі концерт залдарында кеш беріп тұрып, жанды дауыста ән айтпай кету – бұл нағыз өнерге жасалған қиянат. Сен жарқ-жұрқ еткізіп түсіретін жарықтарыңды азайт, біраз дауысыңды сапалы етіп ұсынатын техникаға көбірек көңіл бөл. Міне, әншілер осы ұстанымды ұстанғаны дұрыс деп есептеймін», - деді әнші.

Танымал сатирик, «Шаншар» әзіл-оспақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың фонограммаға қарсылығы өз алдына, эстрада әншілерінің басым бөлігін ол «қылмыскер» деп есептейді.

«Қазақ сахнасында өнер көрсетіп жүрген әншілердің 99 пайызы фонограммамен ән шырқап, халықты алдап жүр. Жұрт олардың концерттеріне қыруар ақша жұмсап, демалуға барады. Ал әншілер болса, ауыздарын өтірік жыбырлатып, екіжүзділік танытады. Бұл қылмыс емей, немене?», - дейді белгілі сатирик.

Айта кетейік, «Шаншар» театрының әрбір қойылымында әншілер жанды дауыста ән айтады.

Біз билік тарапынан қандай да бір заңдар, жобалар қабылданып, жүзеге асатын болса, ең алдымен әлемдік тәжірибелермен салыстырғанды әдетке айналдырғанбыз. Бұл жақсы әдет. Ал, фонограммаға тыйым салған өзге елдердегі жағдай қандай? Сол жағын азды-кем саралап көрсек.

Бүгінде фонограммамен ән шырқауға әлемнің бірнеше елінде заңмен тыйым салынған. Мәселен, Түрікменстан мұндай заңды 2005 жылдың тамыз айында қабылдады. Заң бойынша әншілер мерекелік іс-шаралар мен тойларда тек жанды дауыста ғана ән шырқауы керек. Ал, 2007 жылдың қаңтарында Мәскеу қалалық думасының бастамасымен депутаттар келушілерге концерттің жанды немесе жанды емес форматта өтетіндігін хабарлауы тиіс деген ұсынысты қабылдаған.

Қытай Халық республикасында фонограммамен ән салу дегеніңіз – әншінің өзіне өмірлік үкім шығарғанымен бірдей. Яғни, талап өте қатаң. 2008 жылы қабылданған заң бойынша фонограммамен ән салып, кеш берген әртіс 20 000 доллар айыппұл төлейді немесе өмір бойына әншілік лицензиясынан айрылады.

Өнерге деген талапты күрделендірген елдер қатарында Молдова да бар. Бұл елдің мәдениет министрлігі 2008 жылы мемлекет ақшасына өткізілетін ресми концерттерде фонограммамен ән шырқауға тыйым салды.

ТМД елдерінің арасында Әзірбайжан мұндай заңды тіпті ерте қабылдап тастаған. Аталған құжат 1994 жылы күшіне енді. Расында сол уақыттан бері ол елдің эстрадасы қарыштап дамып, әншілері халықаралық бәйгелерде топ жара бастады. Сапасы артты.

«Ендеше, бізге де ойланатын түгі жоқ, бел шешіп кірісіп кету керек» дейтіндердің алдыңғы қатарында дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай да бар. Танымал өнертанушы тіпті «фонограммамен ән айту – харам» деп айтып отыр. Дәстүрлі әнші қазіргі кезде шығармашылық концерттерге бармаймын дейді. Себебі, сахнада шынайы өнердің жоғалғандығына налиды.

«Қазір қай концертке бармасаңыз да Біржан мен Ақанның әнін таппайсыз. Моцарт пен Бетховеннің шығармаларын тыңдау да арман. Жарайды, солардай болмаса да соған жетеқабыл дүние жасап, талпынса баруға болатын еді. Бірақ, пәленбай жылдың алдында жаздырған әнімен «плюсті» қосып қойып шыға келетін, өтірік жымиып жұртты алдайтын, өзін еш қинамай желіп жүріп ән айтатын өнерпаздардың өнерін тамашалағым келмейді. Ән деген бүкіл ішкі жан-дүниеңді тербейтін әрі нәзік, әрі асау толқындай аласұрған құбылыс. Сен ән орындап жатқанда сол сезімің бетке шығады. Ал фонограмма қазіргі жастарды сондай қиындық пен алабұртқан сезімдерден құтқарып тұр», – дейді Ерлан Төлеутай.

Ірі концерттердің өзін фонограммамен өткізіп жіберетін әншілер, тойда тіпті жанын қинамайтын сияқты. Сөзімізді Алматыдағы белгілі асаба Данияр Ділдәбай да қостайды. Айтуынша, ол көбінесе ірі жұлдыздар келетін тойларды басқарады екен.

«Байқайтыным, әншілер қолындағы дискісін музыкантқа ұстата салады, бітті. Тойға келіп, техниканы қадағалап, акустикаға мән беріп, әнінің «минус» нұсқасын қосып ән шырқайтын әншілерді сирек кезіктіремін. Тіпті жоқ десе де болады. Олардың барлығы жылдам келіп әнін айтып, қаламақысын алып кетіп қалуға асығып тұрады. Өйткені, тапсырыстары көп. Негізінде той дегеніңіз – әншілердің тірі дауыста ән салып, өзін әрі сынап, әрі жаттықтырып алатын тамаша мүмкіндігі ғой. Өкінішке қарай оны пайдаланатындар сирек», – дейді асаба.

Жұлдыздардың басым бөлігі сылтау ететін «техникамыз кеміс» деген желеумен белгілі режиссер Жандос Еспенбетов те келіспейді. Жандос бірнеше жылдан бері еліміздегі ірі музыкалық жобаларды, Республика сарайындағы концерттерді, Қайрат Нұртас, «Жігіттер» тобы, басқа да өнер жұлдыздарының есеп беру кештерін түсіріп жүрген қоюшы режиссер. Сахна әлемінің қыр-сырына қаныққан режиссердің айтуынша, Астана мен Алматыдағы ірі концерттік залдар жанды дауыста ән салуға толыққанды жарап тұр.

«Менімше техниканың әлеуеті көтермейді деу – жәй ғана сылтау шығар. Болмаса қаншама әншіміз концертін беріп жүр, оны өзіміз тірілей көріп, түсіріп те жүрміз. Рас, телеарнаның сапасы үшін фонограммамен берген жақсы-ақ, бірақ, толыққанды оған сүйенетін болса, өнерді өлтіріп алады ғой. Кейде әншілер жанды дауыста бергеннен кейін, концерттің сол нұсқасын еш өзгертпестен эфирден беріп жатады. Ал кейде концерттің бейненұсқасын алып, айтылған әндерді ән өңдеушінің көмегімен толықтай тазалап, артық-ауыс тұсын алып тастап, көркейтетін жеріп көркемдеп, «сұлу» қылып шығарады. Бірақ, бұл енді әншінің уақыты мен ақшасы үшін қосымша шығын. Бәрі сапа үшін ғой, әрине. Ал негізінен әншінің дауыс мүмкіндігі жетіп тұрса, біздің елдің сарайларында барлық жағдай жасалған», - дейді режиссер.

Сенаторлардың бірер ай бұрынғы ұсынысынан кейін бұл әңгіме жоғарғы деңгейде қайта қозғала қойған жоқ. Бірақ, түптің түбіне қолға алынатын шаруа екені байқалады. Демек, бар жүк әншілердің өздеріне түскелі тұрған сияқты. Саф өнерді айқындаудың да бір жолы осы екені анық.

Ақжігіт Қазбек
 

Baq.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста