Фотограф не үшін қазақ қыздарын суретке жалаңаш түсіретінін айтты (фото)
Алматылық Нұрлан Көпобаев NUR.KZ тілшісіне осы күнге дейін 100-ге тарта бойжеткенді жалаңаш түсіргенін айтады. Фотографтың сөзінше қыздардың сұлулығын киімсіз көрсету өнер және ол «Ню фото сессия» деп аталады екен.
«Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма 9 жылдың жүзі болды. Көбінесе бойжеткендерді табиғат аясы мен тыныш бөлмеде жалаңаш денесімен жалғыз суретке түсіргенді ұнатамын. Шетелде аталған өнер өте жоғары бағаланады. Өкінішке орай бізде мұны көп түсіне бермейді», – дейді Нұрлан Көпобаев.
Фотограф тәнін жалаңаштап суретке түсіру туралы өтінішті бойжеткендердің өздері білдіретінін айтты.
«Көбінесе 18 бен 25 жас аралығындағы бойжеткендердің өздері өтініш жасайды маған. Жас, сымбатты кезімізде сұлулығымызды көрсететін, сапалы суретке түсіріп беріңіз дейді. Қартайғанда қарап отырғылары келеді. Рас қой. Өмір деген өтіп жатыр. Тән де қартаяды. Ал, оның сұлу болғаны тек осындай суреттерде ғана сақталады. Кейде сұлу бойжеткен көрсем өзім ұсыныс жасаймын. Бірақ аталған жұмыс үшін ақы алмаймын. Бойжеткендерге де төлемеймін», – дейді Нұрлан Көпобаев.
Фотографтың мұрағатындағы шығармалардың басым көпшілігінде қазақ қыздарының бейнесін көруге болады.
«Шыны керек мен әйелдерді ұлтына қарап таңдамаймын. Неге екенін білмеймін ұсыныс жасаушылардың басым көпшілігі қазақ қыздары» , – деп күлді фотограф.
Ерекше өнермен айналысатын шебер өз туындыларын әзірге шетелдік фото байқауларға ғана жібереді. Ал, болашақта елімізде тұңғыш рет жалаңаш қыздардың тәні бейнеленген фото көрмені ұйымдастыруды армандап жүр.
Фотолардың толық нұсқасын Нұрлан Көпобаевтың Facebook-тегі жеке парақшасынан көре аласыздар.
nur.kz