Фотоөнерді де қазақша оқыту керек
Асылхан ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті журналистика факультетінің аға оқытушысы:
Журналистика кең тармақты кәсіп десек, фотоөнер де – журналистиканың бір саласы. Сала құлаш мәтінді кейде бір сурет-ақ «әңгімелеп» беретін жағдайлар кездеседі. Демек, тапқыр ой мен тартымды суреттер де «сөйлейді». Бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін фотожурналистиканың көпшілікке бергенінен берері көптігін көрсетеді. Қазақ журналистикасында тақырыпты суретпен сөйлететін шеберлер де санаулы. Солардың бірі әрі бірегейі – «Жас Алаш» газетінің фототілшісі Асылхан Әбдірайымұлы. Фототілшінің журналистикадағы осы кәсіп жайлы айтары да анық, айқын, дәл.
– Фотоөнердің бүгіні мен ертеңі қандай? Қазақ фотоөнері қаншалықты өміршең?
– Осыдан біраз уақыт бұрын Әзірбайжанның астанасы Бакуда түркітілдес мемлекеттердің фотокөрмесі өтті. Менің соған барып қатысқаным бар еді. Алыс-жақын шетелдің фотографтарының бәрі келді. Байқап қарасам, біздің елден басқаларының бәрі өз фотографтарын алып келіпті. Өзбек – өзбекті, түркімен – түркіменді дегендей. Ұйымдастырып келгендердің бәрі өз фотографтарын ұлықтап, олардың әр суретін дәріптеп жатыр. Сол кезде біздің көңіліміз аздап құлазығаны рас. Бұл шараларды «Түріксой» компаниясы ұйымдастырды. Оның басшысы Дүйсен Қасейіновке, бәлкім, мұның еш ерсілігі жоқ, үйреншікті жағдай да шығар. Осыған ұқсас фотоөнерге қатысты, түйткілді мәселелерді дұрыс бағытқа салып, дәріптесек, өз ұлтшылдығымызды көбірек көрсетуге талаптансақ, мүмкін, сонда барып осы кәсіптің ертеңіне алаңдамауға болатын шығар. Жалпы алғанда, қазақ жастарының арасында осы салаға қызығушылық артып келеді.
– Сіз суретке түсіру ісімен талай жылдан бері айналысып келесіз. Аға, айтыңызшы, фотоөнер сіз үшін ең алдымен, кәсіп пе, табыс көзі ме, әлде жай ермек пе?
– Мен үшін бұл сала ең алдымен – кәсіп. Кез келген мамандықты толық меңгеру үшін білім, тәжірибе, жауапкершілік және мәдениет керек. Фотоөнер жай ғана суретке түсіре салу емес, фотоөнер – тақырыпты аша білу, тосын сәтті қағып түсу, адамның болмысын қас-қағым сәттік бейне арқылы ашу. Осы тұрғыдан алып қарағанда 20 жылдан астам уақыт осы фотоөнермен айналысып жүрсем де, алда әлі оқитын, үйренетін жайлар жеткілікті. Мен үшін фотоөнердің ашылмаған сыры көп.
– Соңғы кездері фотоөнер арнайы мектебін ашып, ұстаздықпен айналыса бастапсыз. Жастардың сурет түсіруге деген қызығушылығы қандай?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Фотоөнер» Қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тіркеуден өткен заңды құжатын алдық. Қазақ баспасөзі фотожурналистерінің бастамасымен құрылған бұл бірлестіктің жарғысында «жас мамандар даярлау» деген арнайы бөлім бар. Соның аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде фотожурналистика пәнінен дәріс өткізіп жатырмыз. Бұрындары бұл сала тек орыс тілінде жүріпті, мемлекеттік тілде фотоөнердің қыр-сырына байланысты алғашқы сабақтар енді ғана жүре бастады. Балалардың қызығушылығы өте жоғары.
– Фотожурналистикаға қойылатын талап ерекше. Ол отыра қалып жаза салатын материал немесе камераға түсіріп алып эфирден бере беретін хабар емес. Фотоөнер – қас-қағым сәттің өмірлік шежіресі. Ол ерекше қырағылықты, керек сәтті қағып түсер қағылездікті талап етеді. Ендеше сіз бұл үдеден қаншалықты көріне білдіңіз, сіздің осы саладағы замандастарыңыз қаншалықты тапқыр, қаншалықты шебер?
– Дұрыс айтасың. Сурет – тарих шежіресі. Қаншама жайсаң жандар өмірден өтіп кетті. Бүгін көпшілік оларды өз заманындағы суреттері арқылы еске алады, сол суреттері арқылы сағыныш естеліктерін ағытады. Журналистикадағы бұл кәсібімді қаншалықты шебер атқарып жүрмін, оны замандастарым айта жатар. Бірақ шамамның келгенінше, сүйікті ісіме адал болуға тырысып жүргенім анық. Замандастарымнан өз кәсібінің шебері деп «Айқын» газетіндегі Айтжан Салықұлы мен «Алаш айнасындағы» Нұрғиса Елеубековті ерекше атар едім.
– Сіз талай портреттік фотолар түсірдіңіз. Солардың арасында сәтсіз шыққан немесе өз суретіне реніш білдірген тұлғалар болды ма? Қызық оқиғаларыңызды айтып беріңізші?
– Алматыдағы Орталық мешітке, Құрбан айтқа Елбасы келеді деген соң, ол кісіні арнайы түсіруге бардым. Фотомұрағатымда Елбасының мешіттің ішінде түскен суреті жоқ болатын. Сәті түсіп, Елбасының Бас мүфти Әбсаттар Дербісәлімен қатар қол жайып, тізерлеп отырған, арт жағында министр, әкімдердің отырған фотосуретін түсіріп алдым. Ол сурет ертеңгі газеттің бірінші бетіне шықты. Қызығы ертесінде болды. Астанадан редакцияға телефон қоңырауы түсті. «Елбасының неге тізерлеп отырғанын газеттің бірінші бетіне жариялайсыңдар?» – деп ескерту жасап, реніш білдіріпті. Мен сонда бастықтарға: «Елбасы енді біреудің емес, Құдайдың алдында тізерлеп отыр ғой. Оның не сөкеттігі бар екен?» – деп жауап берген едім.
– Журналистикадағы фотографтардың құқықтары қалай қорғалады?
– Дамыған елдерде фотожурналистердің еңбектеріне бар жағдайлар жасалған. Олардың авторлық құқықтары, қаламақы және де басқа әлеуметтік жағдайлары заңның аясында шешілген және заңмен қорғалған. Себебі олардың кәсіптері қоғамның дамуына қатты ықпал ете алатындығы ескеріледі. Мысалы, Балтық елдеріндегі фотоөнердің 12 азаматы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған. Бұны менің «сыйлықтан дәмеленгенім» деп ұқпаңыздар. Бұл менің: «Біздің елдегі фотографтардың да құқықтары заңмен қорғалып, еңбегі тиісті дәрежеде өз бағасын алуы тиіс», – дегенім.
– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын.