Фотоөнердің қыр – cыры үйретілді
Қазақтілді контент тағы да бір жаңа сайтпен толықты. рhotooner.kz-тің ерекшелігі – онда суреттер сөйлейді. Сайт ұжымы сапасы жоғары кескін арқылы ақпаратты жедел әрі шынайы таратуға тырысатынын жеткізді. Бүгінде Photooner.kz сайты оқырмандарына жаңалықтар, фотодәріс және галерея сынды төрт бірдей айдарды ұсынып отыр. Бұған қоса, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған осы желі ел аумағындағы фотография саласы бойынша мемлекеттік тілде қызмет ететін алғашқы сайт болып тіркеліпті. Енді кез келген оқырман сайт арқылы бірлестіктің атқарған жұмыстары мен басқа да жаңалық, хабарлардан ақпарат алу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Әрі фототехникалардың жаңа түрлерімен таныстыру, фото әлеміндегі жаңалықтар мен мақалалар жариялау және орталық фотомұрағат құру бағыттары бойынша қызмет көрсетпек.
Серік ӨТЕГЕНҰЛЫ, Photooner.kz сайтының жетекшісі:
– Біздің сайт, негізінен, фотографияға, оның ішінде кәсіптік, кәсіпқой фотографияға арналған. Бұл жерден кәсіпқойларға арналған бейне жазбадағы фото-дәрісхананы да таба аласыз. Көздегеніміз – елдегі заманауи фотографияның деңгейін көтеру. Осы жолда пайдалануға берілген сайт өз көрерменін табады деген ниеттеміз.
Сонымен қатар «Оңтүстік Қазақстан» ақпарат орталығында «Фотожурналистика» атты оқу құралының, «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» атты фотоальбомының таныстырылымы өтті. Шараны 40-қа жуық мүшесі бар «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мақсат – қазақ фото журналистерінің шеберлігін шыңдау, кәсіби қызығушылығына қолдау көрсету болмақ. Айта кетерлігі, қоғамдық бірлестік Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетімен тығыз байланыс орнатып, мемлекеттік тілде тұңғыш рет «Фотожурналистика» атты оқу құралының жарық көруіне септігін тигізді. Оқу құралы журналистика мамандығы бойынша фотожурналистика пәнінен дәріс алатын студенттерге және де фотосүйер көпшілік қауымға арналған.
Ал «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» атты фотоальбом – 1930-2000 жылдар аралығындағы тарихи тұлғалардың портреттерін, басқа да тіршілік көріністерін фотосурет арқылы тарихта қалдырған Рысқали Дүйсенғалиев, Петр Редько, Бекмұханбет Тілекметов, Жүсіпбек Пайызов, Қайрат Мұстафин, Нұрғожа Жұбанов, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағанбетов, Нұрманбет Қизатұлы, Рахымбай Ханалы сынды 12 ардагер фотошежірешілердің еңбектерінен құралған энциклопедия.
Фотоальбом қоғамдық бірлестіктің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлының бастамасымен құрастырылып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша «Өнер» баспасынан шығарылды.
Асылхан ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ, белгілі фототілші, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде студенттерге «Фотожурналистика шеберлігі» пәнінен дәріс оқи жүріп, оқу құралының тапшылығынан қиналдым. Себебі 1962 жылы жарық көрген Б.Тілекметов пен Ә.Жидебаевтың «Фотосурет түсіруді үйрен» атты оқулығы бүгінгі талапқа жауап бере алмайды. Себебі уақыт та, фотоөнерге қойылатын талап та өзгерді. Осыдан бұрын ұйымдастырған «Шалкөде – елдің жайлауы» атты фототүсірілімде Қытайдан келген профессор Түсіпбек Сләмқұлұлы шеберлік сабағын өткізген болатын. Біздің мақсат – қазақ фотоөнерінің көсегесін көгерту. Сондықтан өңірдегі фототілшілермен тығыз қарым-қатынас орнатып, еліміздің фотошежіресін жасауға, еліміздің ғажайып табиғатын көрсетуге күш саламыз.